Жаңалықтар | НовостиСудья мінбері | Судебная система

Билер жолы заманға сай жаңғыртылуда

Біз өткенімізді де, бүгінімізді де, келешегімізді де билер сотынан бөліп қарай алмаймыз. Өйткені, өткенсіз – бүгін, бүгінсіз – болашақ жоқ. Мұны Шәкәрім Құдайбердіұлының мына сөзінен де көруге болады. Ақын  1914 жылы жарық көрген “Би һәм билік туралы” мақаласында: “Билік туралы қазақтың ескі жолы жоқ емес, қазылған қара жолдай жолы бар. Ол ескі жолдың көбі осы күнгі өмірге қолайлы. Соларды тексеріп, қолайлысын алып, осы күнгі өмірге келісімсізін түзеп, бір жоба жол қылып жазса, қазаққа сонан қолайлы жол болмас еді”,-дейді. “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” мақаласында заманауи сот жүйесін ұлттық сананың өзегін сақтай отырып жетілдіру, жаңғырту уақыт талабы екенін айтқан Ұлт Көшбасшысы Н.Назарбаев замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді жаңғыртуды тапсырған болатын. Себебі, дана билеріміз бағзы замандардан-ақ кез келген дауды бітімгершілікпен бітіріп, ел ішінің тентегін кісенсіз-ақ жөнге салған. Қазақ тарихында түрменің болмауы осының айғағы. Осындай құндылықтарды, яғни, билердің билік айту жолын қазіргі өмірге қолайландырудың бір тетігі ретінде ҚР Медиация туралы заңын атауға болады.

Бүгінде аталған заңды іске асыру тетіктері жан-жақты жетілдіріліп, қолданыс аясы кеңуде. Бабалардың бай мұраларын заманға сай жаңғыртуда ҚР Жоғарғы Соты тарапынан атқарылып жатқан шаралар ауыз толтырып айтарлық. Солардың бірі “Сот төрелігінің жеті түйіні” бағдарламасы аясындағы “Сотсыз татуласу орталығы” жобасы. Жоғарғы Сот төрағасының бастамасымен ашылған Татуласу орталықтары Республиканың барлық өңірінде нәтижелі жұмыс істеуде. Жоғарғы Соттың медиацияны дамытудағы бұдан басқа да жобалары өзін-өзі ақтауда. Билер тәжірибесі судьялар жүктемесін азайтуға үлкен септігін тигізіп жатыр. Азаматтар да істі сотсыз өзра  келісіммен шешудің тиімділігіне күн өткен сайын көз жеткізуде.

Дана билердің тағы бір тамаша ісі ҚР Азаматтық процестік кодексімен қайта жаңғыртылды. Олай дейтініміз, дала билері шындыққа жету жолында  прокурор да, тергеуші де бола білді. Осы норма заңда процестегі судья белсенділігінің артуымен көрініс берді. Яғни, судья мән-жайды анықтап, ақиқатқа жетуге жәрдемдесетін құжаттарды сұратуға, дауға қатысты жайттарды тараптармен бірге талқылап, түсіндіруге, сондай-ақ, қосымша сауалдар қоюға мүмкіндік алды. Бұл өзгеріс соттарды билік айтуда бұрынғы билер дәрежесіне бір саты болса да жақындатты деуге толық негіз бар. Судьялардың өздері қабылдаған сот актілерін тараптарға түсіндіруі соттардың заманға сай жаңғырып жатқанының айғағы.

Сотқа деген қолжетімділік пен ашықтық далалық демократияның жарқын көрінісі. Заманымыздың заңғар заңгері Салық Зиманов айтқандай, қазақ құқығында барлық дау-дамайлар азаматтық-құқықтық сипатқа ие болды және олар мүліктік немесе ұялтатын, масқаралайтын, бітімгершілік және өзге де азаматтық жазалаумен ғана шектелді. Сөйте тұра, әділдік туы асқақ болды. Сот саласының ашықтығы мен қолжетімділігін одан әрі қамтамасыз ету мақсатында заманауи технологиялар жетістігі сала жұмысына жан-жақты ендірілді. Олардың көмегімен азаматтар сотқа келмей-ақ өз құқықтары мен бостандықтарын қорғау мүмкіндігіне қол жеткізді.

Тағы бір мысал, бұрын би атағын ең мықты деген тұлғаларға халықтың өзі таңатын. Олар алдымен ақсақалдар мен тәжірибелі билердің сынына түсетін. Рухани жаңғыру аясында осы дәстүр де қайта жанданды. Қазіргі таңда  судьяларды іріктеу процесі өзгеріп, олардың қызметін бағалаудың жаңа жүйесі енгізілді. Бұл тұрғыда судьялар тізімі бұқаралық ақпарат  құралдарында жарияланып, олар туралы жұртшылық пікірлері ескеріледі. Яғни, азаматтар кімнің, қандай еңбегі үшін судья болатынынан хабардар болады. Үміткерлердің білім-білігі әр қырынан сыналады. Қатаң сыннан өткендер ғана судьялыққа тағайындалады және қызметте де жоғарылай алады.

Дала данагөйлері қалыптастырған құқықтық нормалардың озық үлгілері заңдарға дендеп енуінің тағы бір мысалы, айыппұлдардың көбеюі, мұны  бұрынғы құн төлеу жазасының балама түрі ретінде қабылдауға болады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөзімен қорытындыласақ, “Шын мәнінде, сот жүйесі тиімді болса, қоғамда заң үстемдігі берік орнығады. Реформалар да табысты жүзеге асырылады. Ел халқының тұрмыс сапасы мен қауіпсіздігіне оң әсер ету үшін, сот жүйесін жаңғырту ісі жалғаса береді”. Ол сенімді ақтау бізге сын.

Берік Күзембай,

Панфилов аудандық сотының төрағасы

Алматы облысы

Комментарий