Жаңалықтар | НовостиҚұқық | Право

ҚЫЛМЫСТЫҚ ТЕРІС ҚЫЛЫҚ КӨБЕЙІП ТҰР

Шымкент қаласы Еңбекші аудандық сотына 2019 жылы 402 азаматқа қатысты 346 қылмыстық іс келіп түссе, былтыр бұл сан 424 адамға қатысты 380 қылмыстық іске жеткен. Сол секілді азаматтық істер бойынша 2019 жылы 5396 талап арыз бен 132 іс, былтыр 4511 талап арыз, 203 іс қабылданған. Бұл туралы аталған соттың төрағасы Айдос Сұлтанов журналистермен өткен кездесуде баяндады.
Өткен жыл біздің ел үшін ғана емес, бүкіл әлем халқы үшін оңайға соқпады. Қатаң карантин жарияланып, тұрғындар өз баспанасында қамалуға мәжбүр болды. Кешкі уақытты айтпағанның өзінде күндіз де адамдар бей-берекет жүруді доғарды. Логикаға салып қарасаңыз, мұндай жағдайда қылмыстың саны да, түрі де төмендеуі тиіс қой. Ал төраға ұсынған мәліметке көз жүгіртсек, былтыр 2019 жылға қарағанда қылмыс саны кемімек түгілі, 34 іске өскен. Мұны қалай түсінуге болады?
– Түрлі себептерге байланысты қылмыстық теріс қылық көбейген. Өткен жылы қарауға келіп түскен қылмыстық істердің 30 пайызы осы санатта, – деді сот төрағасы Айдос Едігеұлы біздің сауалымызға орай. – Карантин шектеулерінің күшейтілуіне байланысты медиаторлардың қатысуымен қысқартылған істер саны төмендеді. Мәселен, 2019 жылы татуласу жолымен 26 қылмыстық іс қысқарса, былтыр олардың қатары 11-ден аспады.
Салыстырмалы түрде айтылып отырған екі жылдың әрқайсысында төрт-төрттен 8 қылмыстық іске байланысты ақтау үкімдері шықты. Баспасөз мәслихатында мәлім болғандай, өткен жылы алаяқтық пен тонау қылмысы да артқан екен. Сыбайлас жемқорлық санатында 7 іс қаралған. Отбасылық дауларға байланысты 526 талап арыз түсіп, 121-іне қатысты тараптар татуласқан. Жиынды Шымкент қалалық сотының баспасөз хатшысы Қабыл Дүйсенби жүргізіп отырса, нақты бір істерге қатысты туындаған сауалдарға БАҚ-пен байланыс міндеті жүктелген судья Қайрат Ізбасаров жауап берді.
Ш.МЕКЕНБАЙҰЛЫ
ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ

Комментарий