Бас тақырып | Тема дняЖаңалықтар | НовостиҚоғам | Общество

ДЕПУТАТТАРДЫ ДАЯРЛАУҒА КЕТЕТІН ШЫҒЫН — 650 МИЛЛИОН

Әлемде адамның күлкісін келтіретін заңдар мен мемлекеттік бағдарламалар көп. Олардың қайсысы шындық, қайсысы жалған ақпарат екенін де білмейсің. Дегенмен, – «бақаны жалауға рұқсат етпейтін, біз өкшелі туфли киюге тыйым салатын» заңның бары рас. Ұлыбританияның Парламент ғимаратында өлімге тыйым салу туралы заң бар. 1313 жылы қабылданған заң бойынша, Парламентте қайтыс болсаңыз, мемлекет сізді өз есебінен жерлеуге міндетті. Осыны британдықтар «ең ақылға қонымсыз заң» деп айтады. Біреуге күлер жайымыз жоқ. Өйткені, өзімізде де тауық ұрлағанды темір торға тоғытып, адам өліміне себепші болғандарды бостандықта тайраңдатып қоятын заңдар, қомақты қаржы бөлінгенімен, жүзеге аспайтын бағдарламалар жетерлік. Енді, міне, халықтың мұңын мұңдайды, жоғын жоқтайды, жұрт үшін жөні түзу заңның қабылдануына себеп болады деп қаржы жұмсап, сайланған депутаттардың миллиондап қайта біліктілігін арттырмақ болып отырмыз. Үнемдеуді ұнататын үкіметтің депутаттарға келгенде жомарттығы ұстап қалатыны бар.

Өткенде Ұлттық экономика министрі Әсет Ирғалиев мәжілістің жалпы отырысында «Кейбір заңнамалық актілеріне аудандық, қалалық және ауылдық билік деңгейлерінің дербестігі мен жауапкершілігін кеңейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырып, 647 млн теңге сұрады. Мәжіліс депутаты Айгүл Нұркина «Енді мәслихат депутаттарын тиісті бюджет қаражаты есебінен даярлау, қайта даярлануға және біліктілігін арттыруға құқық беріледі. Осы норманың қалай іске асырылатыны туралы тетік жоқ. Мысалы, оны кім, қандай форматта,
қандай жиілікпен жүргізеді?», – деп сұрақ қойды. Сауалға жауап берген Әсет Ирғалиев заңдағы норма мәслихат депутаттарын 5 жылда бір рет оқуға
жіберуді көздейтінін жеткізді. Алғашқы 2 жылда оқыту Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясының филиалдарында жүргізіледі екен. Ал Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин: «Заң жобасындағы даярлау мен қайта даярлау дегеніміз не? Қайтадан диплом бересіздер ме? 647 млн теңгені береміз деп отырсыздар? Заңға даярлау мен қайта даярлау нормасын не үшін жаздыңыздар? Бұл нені білдіреді?» – деп сұраған. Министр бөлінген қаржы біліктілікті арттыруға жұмсалатынын айтқанымен, бұл жауапқа мәжіліс спикерінің көңілі толмады. «Үшінші рет сұраймын. «Даярлау және қайта даярлау» деген нені білдіреді? Академиялық бағдарламамен білім алу ма? Диплом ала ма? Бұл жастардың сүйікті тәсілі шығар. Олар бір жыл ішінде 5 диплом алып жүреді. Енді осыны заң жобасына жазып қойыпсыздар. Не істейтіндеріңізді түсінбей отырсыздар», – деді. Сан сауалдың астында қалғанымен, сол күні министрдің құжатын халық қалаулылары бірінші оқылымда мақұлдады. Біліктілікті арттыру деп жаппай мемлекеттік қызметкерлерге миллиондап ақша бөлгізген біздікілердің депутаттарға да қыруар қаржы жұмсауды қажет ететін құжаты «бақаны жалауға» рұқсат етпейтін шетелдің заңынан асып кетпесе, кем түспейді. Осы орайда қаржы саласының мамандары мен заң жобасын бірауыздан мақұлдаған депутаттардан біліктілікті арттыруға бюджет қаржысын жұмсау қаншалықты дұрыс екенін сұрап білдік.
Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ, Мәжіліс депутаты:
– Бұл соманың қайдан шыққанын білмеймін. Себебі, құжаттың таныстырылымы кезінде болған жоқпын. Түсінгенім, қомақты қаржы ауылдық, аудандық, облыстық, қалалық мәслихат депутаттарының білімін арттыруға жоспарланып отыр. Бұл әлі бекітілмеген қаражат. Ондай қағиданы заң жобасына енді кіргізіп жатыр. Бізде бұрын мемлекеттік қызметкерлердің біліктілігін арттыру бар еді, бірақ депутаттардың білімін шыңдау деген болмаған. Өйткені, әркім өз саласымен істеп жүрген. Олардың ішінде мұғалімі, кәсіпкері, дәрігері бар. «Сапалы заңдар қабылдауымыз керек» деп жатырмыз ғой. Халықпен көп жұмыс істейтін осы жергілікті жерлердегі депутаттар болғандықтан біліктілігін арттыру керек деп санаймын. Бірақ, оның қалай жүзеге асырылатынын дұрыстап түсіндіріп бере алмаған секілді. Ол тек жоба, біз оны бекітпейміз. Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының жұмысына халықтың көңілі толмайды. Сол үшін де біліктілікті арттыру қажет. Қанша жерден өз мамандығы бойынша мықты болғанымен, заңдарды түсіндіру үшін білімін шыңдаған дұрыс. Себебі, қазір сайланып жатқан депутаттардың дені жастар, көп нәрсені біле бермейді. Алайда оны аз қаржымен-ақ жүзеге асыруға болар еді. Жергілікті жерлерде әкімдіктердің өзінде-ақ оқыту жұмыстарын жоғары деңгейде ұйымдастыруға мүмкіндік бар. Оның үстіне қазіргідей онлайн форматта білім де алып, жемісті жұмыс та атқаруға болатынын көріп отырмыз. Сондықтан біліктілікті арттыру үшін қомақты қаржы жұмсаудың қажеті шамалы.

Айдар ӘЛІБАЕВ, экономист:
Бақандай 650 миллионға жуық қаржыны депутаттарды оқытуға жұмсау керектігін естіп-білгенде таңқалғаным рас. Қандай оқытуды айтып отыр? Не себептен олардың оқуына Сіз бен біздің ақшамыз жұмсалуы керек? Екіншіден, сонда біздің мәслихаттарға сайланған депутаттардың білімсіз, біліксіз болғаны ма? Үшіншіден, қандай оқу, қай жерде оқытылады, кім сабақ береді? Осының барлығын дұрыстап көрсету керек. Төртіншіден, біліктілікті арттырудың соңы жемқорлыққа ұласатынына көзім жетеді. Бөлінген қаражат білімді шыңдауға жұмсалатынына сенім аз. Ертең осы қомақты қаржыға ауыз салатын ұрылардың болатыны сөзсіз. Өйткені, мұндай қаржыны бақылауда ұстау өте қиын. Дәл қазіргідей бюджетте қаражаттың жетіспеушілігі болып жатқан кезде, салық төлеушілердің саны азайып бара жатқан тұста осындай ақылға қонымсыз іске қаражат бөлінуіне қарсымын. Егер сайланған депутаттарымыз білімсіз, біліксіз болып шықса, өмірде көргені мен түйгені мол тәжірибелі, білімді, ешқандай біліктілігін арттыруды қажет етпейтін дайын мамандармен алмастырсын. Қайта даярлағаннан, қайта сайлаған тиімді. Қазір біз жастарды көбірек заң шығарушы орынға сүйреп жатырмыз дейтіндер бар. Алайда ол ақталатын дүние емес. Депутаттар қажет болса өз ақшасына білімін көтерсін.
Жадыра МҮСІЛІМ

Комментарий