Бас тақырып | Тема дняЖаңалықтар | НовостиЭкономика

ҚАРЖЫҒА ОЙ ЖЕТКЕНМЕН, ҚОЛ ЖЕТПЕЙ ТҰР

Зейнетақы қорындағы қаржының бір бөлігінің берілуі туралы шешім талайларды қуантты. Алайда өткен жылдың күзінде мемлекет басшысының Жолдауында айтылған тапсырманың  біршама уақыт өткенше шешімі табыла қоймады. Биылғы жылдың басында Президенттің екінші қайтара бұл мәселені пысықтап, тапсырма беруінен соң ғана сең қозғала бастады. Бірақ әлі күнге зейнетақы қорындағы қаржыны басқару тетіктерінің дұрыс жетілдірілмеуі салдарынан шектік мөлшерден асқан азғантай қаржысына ойы жеткенмен, қолы жетпей отырған халық көп.

Солардың бірі Талғат Айтқожаев 42 жаста. Ипотекаға үй алып, оны жылдар бойына өтеп жүрмес үшін жер алып, шағын ғана үй салған. Бірақ айлығы шайлығынан ауыспай, әлі күнге үйін толық бітіре алмай отыр. «Алғаш осы жаңалықты естігенде қатты қуандым. Шектік мөлшерден асқан қаржымен бірнеше жылдан бері салып келе жатқан үйімнің бір жыртығын жамармын деп ойладым. Бала шаға өсіп жатқан соң, қордағы қаржыны алып, үйіме тағы бір бөлме қосуды жоспарлап едім. Үзіліссіз жұмыс істеп келе жатқаныма жиырма жылдай уақыт болды, зейнетақы қорындағы қаржының үстінен 1 млн 300 мыңдай ақша ауысып тұр екен. Ол біреулерге болмашы ақша болғанмен, қызым бой жетіп, жеке бөлме қажет етіп, ұлым үйленіп, үйімді кеңейту қажеттілігі туындап отырғанда өзім үшін айтарлықтай сумма болып көрінгені рас. Бірақ сұрастыра келе ол қаржының қолыма берілмейтінін, құрылыс компаниясына аударып, заң бойынша ақшаны солар арқылы игеруім қажет екенін естідім. Құрылыс компанияларын жағалап көрдім. Үлкен  нысандар алып, солармен айналысатын құрылыс компаниялары менің миллионнан асатын болмашы ақшамды місе тұтпайды екен. Шағын құрылыспен айналысып жүргендерді де іздестіріп көрдім, бірақ үйіме бөлме қосуды ойлап отырған менің ақшама кірпіш пен цемент, ағаш қана келеді екен, сонда құрылыс компаниясының қызметіне қаржы тауып бере алмайды екенмін. Бәлкім мен болмашы ақшамды тиімді игеру үшін танысымның арзанырақ қызметіне жүгінгім келетін шығар?! Өкінішке қарай зейнетақы қорындағы қаражатты игеру кезінде мұндай мүмкіндіктер қарастырылмапты» дейді.

Расында да, зейнетақы қорындағы қаржыны Отбасы банк арқылы, алғашқы жарна ретінде құйып үй алып, игеру жүйесі ең алдымен іске қосылды. Ал басқа мақсаттарға пайдаланушылар сеңдей соғылысып, кімнен кеңес сұрайтынын білмей кетті. Өйткені 300 нөміріне хабарласып Отбасы банкке хабарлассаң, зейнетақы қорының 1418 нөмірін береді, ал зейнетақы қорына хабарлассаң Отбасы банкке сілтейді. Осы бір түсініксіздік, халыққа түсінікті, қолжетімді жүйенің болмауы салдарынан алғашқы уақытта талай жанның өтінімнің кері қайтуына себеп болды. Зейнетақы қорындағы қаражаты алғашқы жарнаға жетсе жақсы, ал жетпегендерге бұл жүйе аса тиімді болмай тұр. Басында баспанасы жоқ, ипотекалық несиені жылдап мойнына ілгісі келмейтін, жер үйін кеңейтуді ойлағандар да қордағы азғантай қаражатын игерудің жолын таппауда. Яғни бір қарағанда жүйе тек қордағы қаражаты молдарға ғана ыңғайланып жасалғандай. Ал не ары емес не бері емес, үй бағасы қымбаттаған соң, қордағы қаржысы тіпті алғашқы жарна ретінде де жарамайтындардың қаржысы не қолына берілмей, не жыртығын жамамай, «піскен астың күйігі жаман» болып тұра беретін секілді. Сондай ақ қордағы қаражатын емге жұмсағысы келетін, денсаулығын дұрыстау үшін қордағы қаражатына қарап қалғандарға да жүйенің әлі жетілдірілмегенін байқаймыз. Өткен аптада газетімізге сұхбат берген, «Отбасы банкінің» қаржы кеңесшісі Назгүл Байтуманованың «Зейнетақы қорынан алған қаражатты емделуге жұмсаудың тәртібі қандай» деген сұрағымызға,  «Зейнетақы жинағын емделуге жарату тәртібі әлі нақтыланған жоқ. Бұған қатысты ережелерді Денсаулық сақтау министрлігі айқындайды» деген жауабы осыған дәлел. Айта кетер жайт, өтінімдері кері қайтарылғаннан кейінгі талай жанның наразылығынан соң, арнайы осы жүйе үшін іске қосылған enpf-otbasy.kz платформасы жетілдірілу үстінде. Сондықтан қордағы қаражатты да қолжетімді ету жолдары қарастырылса талайлардың қордағы қаржысы үй алмаса да, «жыртығын жамауға» сеп болар еді…

Нұра Тынысқызы, заңгер:

– Бұл жүйе «зейнетақы қорында ақша қалған жоқ» деп пессимистік ойда жүрген талайлардың кеудесінде үміт отын маздатты. Халықтың жүйеге деген сенімі ояна бастады. Сондықтан зейнетақы қорындағы қаражаттың шектік мөлшерден асқанын халықтың өз қолына берілуін қолдаймын. Шыны керек елімізде көптеген адамдар зейнетақы қорына ақша аударуға сенімсіздікпен қарайды. Жұмыс берушіден зейнетақы қорына ақша аударғаннан гөрі, сол ақшаны қолына беруін өтінеді. Сосын жұмыс беруші де екі түрлі бухгалтерлік есеп жүргізіп, компания табысын мемлекеттен де жасырып, салықты аз төлеудің жолдарын қарастырады. Елімізде мұндай жолмен жұмыс істеп жатқан мекемелер өте көп. Зейнетақы қорындағы қаражаттың шектік мөлшерден асқанын халық қолына берілу жүйесінен соң талайлар заңды түрде зейнетақы қорына қаржы аударылып, табысын жасырмай көрсетуге тырысады деп ойлаймын. Сондықтан әлі де болса мемлекет қордағы қаржыны қолжетімді ету жолдарын қарастырса ұтпаса ұтылмас еді.

Қуаныш ӘБІЛДӘҚЫЗЫ

Комментарий