Жаңалықтар | НовостиЭкономика

АҚШАНЫ ИГЕРУ ТЕТІГІН ҚАЛАЙ ЖЕҢІЛДЕТЕМІЗ?

Зейнетақы қорындағы шектік мөлшерден асқан қаражатты тиімді игеру жолдары көпшіліктің көңілінен шықпай отыр. Бір-екі миллион үшін құрылыс компаниялары қолының ұшын да қимылдатпайтыны белгілі. Сондай- ақ емделуге жұмсайын десе, әлі күнге жолға қойылмаған жүйе салдарынан қордағы қаржыға қолы жетпей отырғандар көп. Қордағы қаржыны тиімді игерудің жолы қандай?

Атамұрат ШӘМЕНОВ, экономика ғылымының докторы, профессор:

– Шын мәнінде зейнетақы қорындағы қаражатты тиімді игерудің жолдары көп. Қаражатты игеруді ақшаның иесіне емес, құрылыс компаниясына беруді мемлекеттік лобби деп түсіну керек. Бір ғана мысал келтірейін, грант немесе қандай да бір мемлекеттік көмек алу кезінде ақшаны қайда жұмсағаныңызды түбіртек арқылы дәлелдеңіз деген шарт қойылады. Кассалық аппарат арқылы әрбір жұмсаған ақшаға түбіртек алып отырса ақшаның шашау шықпай өз мақсатына жұмсалғанына оңай көз жеткізуге болады Сондай-ақ құрылыс компаниясының емес, жекелеген маманның қызметіне жүгінсе оны келісімшарт арқылы дәлелдеуге болады.

– Сондықтан бұл жерде құрылыс компаниясы арқылы ғана қаржыны игеруді міндеттемеу қажет. Керісінше, баспаналы болғысы келетіндерге бұл жүйе тиімсіз болғандықтан тиімді жолдарын қарастырып, жетілдіру керек. Өйткені, ақшаны игеру кезінде қымбат қызметке жүгініп, құрылыс компаниясы арқылы алынған қымбат құрылыс заттарын сатып алса ақша тиімсіз жұмсалып, көздеген мақсатқа жету қиындай түседі. Егер қаржыны құрылыс компаниялары арқылы емес, өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген қарапайым азаматтар арқылы игерсек, қоғамдағы талай жұмыссыз жүрген құрылысшы, сылақшы, әрлеуші, кафель жабыстырушы азаматтар жұмыспен қамтылар еді. Құрылыс компаниялары кем дегенде 20 пайыз үстемелерін қосады. Сондықтан зейнетақы қорындағы қаражатты игеру кезінде жекелеген азаматтардың мүддесіне сай ыңғайласақ ақшаның барынша көздеген жерге жетуіне, тиімді игерілуіне жол ашылар еді. Тіпті болмай жатса, өте көп мөлшерде қаржы болса ғана құрылыс компаниясы арқылы игеріп, ал болмашы 1-2 миллиондарды құрылыс компанияларын араластырмай барынша азаматтардың мүмкіндігіне сай етуіміз қажет. Ақыры зейнетақы қорындағы қаражатты азаматтарымыздың қолдануына рұқсат еткен екенбіз, ендеше қалағанына жұмсауды қамтамасыз етсек дұрыс болар еді.

Жанұзақ ӘКІМ, экономист:

– Қазір зейнетақы қорындағы қаражатты игеру туралы ақпараттың жеткіліксіздігінен сеңдей соғылысып жүрген халық көп. Шыны керек, қанша жерден «Цифрлы Қазақстан» десек те, ЭСҚ-ны пайдаланбақ түгілі, компьютерді қосып өшіруді білмейтін азаматтар көп. Сондықтан ең алдымен «барлық қызмет онлайн» дей бермей, халықтың өз ақшасын қолжетімді етіп, дұрыс игеруіне жол ашуымыз керек. Қаржыны игерудің бірыңғай тиімді жүйесі болмағандықтан азын-аулақ ақшасына не үй аларын, не емге жұмсарын білмей жүргендер де бар. Сондықтан ең алдымен осы мәселе жөнінде халықты ақпараттандыру көбейсе деймін. Ақшамды алып үлгере алмай қаламын-ау деп қорқып жүргендер де жетерлік.

– Бұл жүйе жылдың соңына дейін жалғасатынын көп адам білмейді. Қазір жері жоқ азаматтар көп. Қордағы қаржысына жер алайын десе, оған да құрылыс компаниясын араластырып қойған. Бұл сұмдық қой. Халықтың өз ақшасын өзіне қиындатпай берген дұрыс. Емделу, шипажай қызметіне жұмсау тетіктері әлі бекітілмеген. Былтыр қыркүйек айында айтылса да, әлі күнге тиісті орындар орнынан қозғала қоймаған. Сондықтан осы мәселеге жауапты органдардың жауапкершілігін де көтеру керек. Тағы бір айта кетер жайт, «Отбасы банкі» арқылы нақты осы зейнетақы қорындағы қаражатты игеру кезінде жеңілдіктер қарастырылса дұрыс болар еді. Өйткені халық қолындағы барын салды, енді игерілмей тағы жатып қалса, ол ақшаның халыққа көмегі қайсы? Онсыз да осы ақша берілетіні белгілі болғалы бері тұрғын үй бағасы шарықтап кетті. Енді берілген қаржының халықтың тезірек қажетіне жарауын қамтамасыз етсек дұрыс болар еді.

Сауалнаманы дайындаған Қуаныш ӘБІЛДӘҚЫЗЫ

Комментарий