Жаңалықтар | НовостиСаясат | Политика

Ақылбек КҮРІШБАЕВ, Парламент Сенатының депутаты: «ШИКІ» ЖОБАЛАР ҚАЙДАН ШЫҒАДЫ?

Аграрлық ғылымның тиімділігін тежейтін, өз қолымызбен жасап отырған себептердің бірі – аграрлық ғылыми жобалар мен бағдарламаларды іске асыру мерзімінің шектеулілігі. Бізде ғылыми конкурстардың талабы бойынша оған 3 жыл ғана уақыт беріледі. Бұл түбірімен қате. Себебі аталған саладағы зерттеулер бюджеттік жоспарлау мерзіміне емес, ауа-райының ерекшеліктеріне тәуелді. Ешбір елде ауыл шаруашылығындағы жаңа сұрыптар, технологиялар 3 жыл ішінде жасалмайды. Кеңестік одақ кезеңінің өзінде ғылыми зерттеулерге кем дегенде 5 жыл уақыт берілетін. Қазір біз өзіміздің ғылыми жобаларымызға шетелдік ғалымдарды тарта алмағандықтан, шетелдік технологиялардың трансфертін қамтамасыз ете алмай отырмыз. Себебі, біздің серіктестеріміз 3 жыл мерзімде ауыл шаруашылығында маңызды ғылыми нәтижелерге қол жеткізудің мүмкін еместігін түсінеді. Демек, аграрлық саладағы ғалымдарымызды біз өзіміз тығырыққа тіреп отырмыз. Әрине, осыдан кейін өндірістің сұранысын өтей алмайтын, «шикі» ғылыми жобалар пайда болады. 2020 жылғы «Жаһандық инновациялық индекс» рейтингісіне сәйкес, Қазақстан инновациялық қызмет тиімділігі көрсеткіші бойынша тек 77-орынға ие болды. Дамыған елдер туралы айтпағанда, біз Ресей мен Беларусь елінен айтарлықтай артта қалып, Армениядан, Моңғолиядан, Ямайка және Панамадан да төменгі орынға түстік.
Ал, өзіміздің статистикалық деректерімізге сүйенсек, 2019 жылы біздегі инновациялық өнім көлемі елдің жалпы ішкі өнімінің небәрі 1,6 пайызын қамтыған. Бұл көрсеткіш Ресейден 8 есе, дамыған елдерден 20-30 есе кем. Мұның басты себебі – ғылымды қаржыландырудың жеткіліксіздігі. Сонымен бірге, біздің шетелдік әріптестеріміздің айтуынша, біз тек үнемі ғылыми зерттеулерді ұйымдастыру нысанын өзгертумен айналысып жүрміз, ал негізінде жүйенің мазмұнын өзгерту қажет. Өзгерістерді ғылыми зерттеулердің жаңа әдістерін меңгерген заманауи ғылым кадрларын даярлаудан бастау керек. Егер бұған қол жеткізсек, өте тиімді ғылыми әзірлемелерге ие боламыз. Сол уақытта бизнестің өзі оларды коммерцияландыруға кезекке тұрады. Бұл бағытта біз не тындырдық? Біз ғалымдарды дайындаудың ескі кеңестік жүйесін жойдық, бірақ оның орнына жетілдірілген жаңаша жүйені құра алмадық. Технологиялық тұрғыдан дамыған елдер, оның ішінде Қытай, инновацияларды құрудың және заманауи ғылыми кадрларды даярлаудың ең қысқа жолы зерттеу университетінің моделі болып табылатындығын дәлелдеді және бүгінде көршілеріміздің қандай ғылыми серпіліс жасағанын көріп отырмыз. Аталған елдің университеттерінде, негізінен, экономиканың ең өзекті мәселелерін шешуге бағытталған ірі пәнаралық ғылыми бағдарламалар жүзеге асырылады. Өзіндік ғылыми мектебі қалыптаспаған зерттеулердің бағыттары бойынша жобаларға жетекші шетелдік
ғалымдар тартылады. Нәтижесінде мультипликативті нәтижелерге: яғни, өндіріске қажет инновацияларға, жаңа біліммен технологиялар трансфертіне, заманауи зерттеу әдістерін меңгерген жас ғалымдарды даярлауға, ЖОО үшін жаңа білім беру бағдарламаларына қол жеткізіледі.
Ал біз өзіміздің көптеген реформаларымызбен ғылым мен жоғары білім беруде осындай басты жүйелі өзгерістерді іс жүзінде қалыптастыра алмадық. Шын мәнінде, біз бүгінгі күнге дейін әлемдік ғылым және білім беру кеңістігімен біріге алмай отырмыз. Бізде құрылған бірнеше ғылыми-зерттеу университеттерінің жұмыс істеу мазмұны емес, тек маңдайшасындағы жазуы өзгерді. Салалық министрліктер тіпті басқа жолмен жүр. Олар өздеріне бағынышты университеттердің ғылыми әлеуетін нығайтудың орнына, олардың үстінен неше түрлі әкімшілік құрылымдарды ойлап табуда. Мұндай жүйе ешбір дамыған елде жоқ!
Ең бастысы, еліміздің ғылымын «велосипедті» қайта ойлап таппай, әлемде жинақталған тәжірибені қолдана отырып, ғылыми зерттеулерді ұйымдастырудың заманауи жүйесін біздің тәжірибеге бейімдей алатын жай ғана менеджер емес, танымал ғалым басқару керек. Біз Білім және ғылым министрлігі жұмысының қаншалықты күрделі және көп қырлы екенін түсінеміз. Десе де, ғылымның сапалы ғылыми әлеуетін қалыптастыруға қатысты жоғарыда айтылған басым міндеттерге назар аудару қажет.
Дайындаған А.ТҰРМАҒАНБЕТОВА,
«Заң газеті»

Комментарий