Жаңалықтар | НовостиҚоғам | Общество

ӘДЕБИЕТТІ ЗЕРТТЕУ — АРДЫҢ ІСІ

«Қазақ әдебиеті» газетінің 2021 жылдың 5 ақпандағы санында «Құсни хат» тақырыбымен Мұхтар Құл-Мұхамедтің ақын Ұлықбек Есдәулетовтің «Әбілхаят» атты жинағы жайында білдірген пікір хаты көпшілік назарына ұсынылыпты. Газет редакциясы мен хат авторының бұл ісі үлгі аларлық. Осы ретте оқырман ретінде хаттан қандай сабақ алдық, алдымен сонымен бөліссек деп отырмыз.
Мұхтар Құл-Мұхамед мырза хатына әдебиетті зерттеу мен зерттеушілер мәселесін өзек еткен. Бұл құптарлық іс, алайда хат жанры қазақ әдебиетін зерттеу ісіндегі олқылықтардың, кемшіліктердің себебін дәл анықтап беріп, қыр-сырын толық аша алмайтыны белгілі. Дегенмен, хат ашық, азаматтық қоғамның айналымына түскен соң, енді, әлі кітабы қалың жұртқа жетпеген жинақ авторы емес, жинақты елден бұрын оқып үлгерген хат авторының сөзі сынға түсері ақиқат. Хатта автор ақын Ұлықбектің «Әбілхаят» жинағындағы естеліктер мен эсселеріндегі сұрапыл «ішудің» көптігін «бір әттеген-айы» деп бағалайды. Меніңше, Ұлықбек заманымен бетпе-бет келіп естелік жазса, шындықтан қашып құтыла алмайтыны анық. Тек, қаламгер сол бір «сұрапыл ішудің» арғы себебін дәл тауып, ашып көрсете алса жетіп жатыр. Қазақ әдебиетінде «сұрапыл ішу» әдетін, дертін көркем суреттеу баяғыдан келе жатқан үрдіс.

Әдебиет – өмір айнасы. Мысалы, Жүсіпбек Аймауытов «Ақбілек» романында қызыл комиссарларды қалай сипаттайды: «Комиссарлар саусылдап кіріп келгенде Төлеген «Ә, келіңіздер, келіңіздер!» – деп алдарынан жүгірді…Өңшең жақсы киінген «төрелер» кие-жара келіп, үйді билеп кетті… Арақ ішілген сайын күлкі көбейіп, мәжіліс қызуға айналды. Манағыдай емес, қонақтар қызарып-қызып сөйлегенде бірінбірі тізеге салып қалып, бірінің иығына бірі асылып, көздері кішірейіп, стаканды кейбірі түсіріп алып, шылымдар қалай болса солай үстелде жатып қалатын күйге ұшырады. Орысшаласу, түтін салысу, күлісу.. мидай араласты». Бұл Жүсіпбек Аймауытовтың «қызыл комиссар» төрелердің арақ ішуі туралы естелігі. Арақ ішу дәстүрі ежелден келе жатқан жолаушы, адамзат көшінен қалмай келе жатқан әдет. Қалыспайды да, тек біз соны есте ұстап, ішкілікке салынбау жолын
жастарға әуел бастан үйретуіміз керек. Жинақ туралы жазылған хатта Тоқаш Бердияров туралы айтылған соң ол кісінің біз 2004 жылы мұрағаттан алып «Менің Қазақстаным – Жұмекен» атты еңбегімізге енгізген сөзін де келтіргеніміз дұрыс болар. Алматы. 02.12.1955 жыл. Қазақстан Жазушылар одағы. Жас жазушылар творчестволық еңбегіне арналған пленум. Тоқаш Бердияров: «Поэзия – ақынның ыстық қаны, жастық шағы, жалынды махаббаты, қысқа өмірі… Мені бейбастық қылықтарға бой ұрғызып, рюмкеге қол создырған кейбіреудің қаталдығы, әділетсіздігі, яғни қиянат жасауы. Мені күлдіретін де, жылататын да Жазушылар одағы. Менің тағдырым, өмірім, жүрегім солардың суырмасында сарғайып жапа шегіп жатыр. Мені қалпақтай ұшырамын десе де, өсіремін десе де солардың қолында. Мен Алматыға қонақ боп келіп, қонақ боп кетемін. Сондықтан біз сияқты қонағын канцелярист жолдастар есіктен сығалатпай, «ішкіш» деген қарғыс маскасын кигізбей, балағаттамай адамгершілік жасаулары тиіс. Сөз нарқын ажырата білетін бізде де ар, ұят, намыс деген бар. Тәрбиелеудің жолы осы екен деп ішкілікке салынған үлкен сақа жазушылармен тең қойып, қатаң жаза қолданып, жұртқа қарабет қып көрсету болмас деп ойлаймын». Тоқаш Бердияров ашық айтып тұр: «Ішкілікке салынған үлкен сақа жазушылар» деп. Кімді меңзеп, кімді айғақтап отыр, оны сол залдағы отырған ақын-жазушылар жазбай таныған шығар.
Осы жиында сөйлеген Әбу Сәрсенбаев: «Тоқаштың өз адамгершілігі, өз мінезі туралы мен жеке тоқталмақпын. Ал, поэма туралы қойылған айып әділетті емес. Қуандық, сен өзің де нәзік жанды ақынсың. Бір кезде кей жолдастар, саған да күйрек деген айып қойған еді. Сондықтан да нәзік сезімге құрылған шығармалардың бәрі де күйрек болады екен деп қалғансың ба, қалай? Әділетті болған мақұл. Жастардан жаңа жолмен, тың жолмен келуді талап етер едік. Таланттың қарыштар жері өмір орталығы. Жақсы ақындардың доңызша аунап жатқанын көрген оқушы олардың өлеңдерін оқуға да жиренер еді» дейді. Доңызша аунап жатқан ақын – жақсы ақын болып қала ма екен? Әбу Сәрсенбаев айтқан биіктен келер болсақ жастарға: «Үйрен де, жирен» демекпіз. Абай сөзін есте ұстаса болды: «Салынба, қылсаң-дағы сан құмарлық, Алдында уайым көп шошынарлық: Жарлылық, жалынышты жалтаң көздік, Сүйкімі киімі жоқ шалдуарлық». Ішімдікке құмарлық Советтік заманда, одан бұрынғы ақ патша заманында да, бұратана халық өкілдерінің арасында саналы, жүйелі түрде насихатталды, таңылды. Ақыны мен жазушысы кілең пияншік елді еріксіз, ессіз ұстап отыруға жеңіл тиеді ғой. Сондықтан да, біз де Мұқаңдай «Жазыңыз Ұлаға. Жаза түсіңіз» дейміз. Бірақ, біз хат авторының идеясын құптасақ та, ақын Ұлықбек Есдәулетовтен зерттеушілікті талап ету орынсыз деп санаймыз. Өйткені, әдебиетті зерттеу ісінің ақындық пен жазушылықтың табиғатынан тіпті бөлек, басқа дүние. Сондықтан да, біз Мұхтар Құл-Мұхамедтің «қазақ ақыны Мағжан Жұмабаевты орыс Д.Мережковскиймен теңестіре зерттеу қажет» деген идеясын мүлдем қабылдай алмаймыз. Себебі, Д. Мережковский 1895 жылы жазған «Дети ночи» атты өлеңінде бүлік, бұзық болшевиктердің
келетінін кемеңгерлікпен, көргендікпен айтып кетті деген ойын біздің Абай одан да бұрын көрсетіп кеткен: «Көк тұман – алдыңдағы келер заман, Үмітті сәуле етіп көз көп қадалған. Көп жылдар көп күнді айдап келе жатыр, Сипат жоқ, сурет те жоқ, көзім талған. Ол күндер – өткен күнмен бәрі бір бәс, Келер, кетер, артына түк қалдырмас. Соның бірі – арнаулы таусыншык, күн, Арғысын бір-ақ Алла біледі рас».
Біз Жұмекеннің ақылымен Мережковскийді де, Пушкинді де мазаламай-ақ, бір Қасым Аманжоловтың өмірін, өнерін толыққанды зерттеп алсақ та аз жұмыс емес деп санаймыз. Биыл Орал, Қарағандыдағы мемлекеттік мұрағаттағы жүргізген зерттеулер барысында академик Серік Қирабаевтың ақын Қасым Аманжоловтың әр сөзі тәуелсіздіктің жырындай естіледі дегеніне мықты дәлел боларлық тың тарихи биографиялық дерек таптық. Мұхтар Құл-Мұхамедтің өте маңызды мемлекеттік мәселені көтеріп, әдебиетті зерттеу жағдайына алаңдап, дабыл қағып отырғаны анық. Айтқан идеясы жақсы, бірақ зерттеу ісін кімге тапсырған жөн десек ойланып қаламыз. Әдебиетшілерге ме, әлде сыншыларға ма? Хат авторы айтқандай: «Біздің сыншылар әдеби шығарманың өзін талдаумен тым әуестеніп кетеді. Нәтижесінде әдеби шығарманың жазылу тарихы, түпкі идеясы мен дүниеге келуіне түрткі болған себеп пен салдар тасада қалып қояды». Осыдан ұққанымыздай Мұқаң әдебиетшілерге де, сыншыларға да әдебиетті зерттеу ісін тапсыруға болады деп нық сеніммен айтуға батылы бармайтын сияқты. Сол себепті, өзіміздің өмірлік тәжірибемізге сүйене отырып, сенімді түрде айтарымыз:
қазақ әдебиетін ғылыми зерттеу ісімен соттар айналысуы қажет! Неге десеңіз, сот институты дегеніңіз әлімсақтан өмірдің ғылыми зерттеу орталығы болып танылған. Қазақтың бас ақыны Абайдың өзі поэзияға соттан, биліктен келген адам, ол сот тәжірибесінен өткен соң ғана адам баласының мінезі туралы ескерткіш қалдыра алды. Тіпті, Сталиннің өзі бүкіл әлемді өз саясатының дұрыстығына сендіру үшін ашық сот процестерін қасақана ұйымдастырып отырды. Онда «халық жаулары» өздерінің кінә-қылмысын мойындау арқылы Сталинге ел-жұртты ақымақ қылуға көмектесті. XX ғасырдың жиырмасыншы жылдары Мағжанға қарсы бірнеше әдеби-сот процесі өткізілген соң, әдеби сын жаппай саяси қуғын-сүргін құралына айналып жүре берді. Қазіргі таңда, әдеби сын ол қызметінен құтылып, енді тек таза мақтау мен мадақ айтуға көшіп, ғылыми зерттеу ісін мүлдем ұмытқан сыңайлы.
Марат АЗБАНБАЕВ

Комментарий