Жаңалықтар | НовостиҚоғам | Общество

Қазақ мектептерінің оқушыларына тапсырма орыс тілінде берілген бе

Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың аудандық кезеңі 2021 жылғы 8-12 ақпан аралығында өткізіледі.

Аудандық олимпиадаға қатысқан қазақ мектептерінің оқушыларына тапсырма орыс тілінде берілген, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұл туралы телеарна тілшілеріне жазушы Мереке Құлкенов айтты.

«Немерем қазақ тілінде білім алады. TAMOS Education мектебінде 10 сыныпта оқиды. Бостандық ауданы бойынша құқық пәнінен өткізілген олимпиадаға қатысты. Алайда олимпиададан шыққан соң, немерем тапсырманың біреуі орыс тілінде берілгенін айтты. Олар себебін сұраса, «орыс тілінен қазақша аударып, өздерің түсініп, жазыңдар» деген жауап алған. Бұл – ана тілімізді екінші қатарға қою деген сөз. Мұны тоқтататын кез келді», – деді жазушы.

Аталған мәселенің анық-қанығын білу үшін Бостандық ауданы білім бөлімі басшының міндетін атқарушы Бақытбек Бостандықұлына хабарластық. Ол бұл туралы ешқандай ақпарат не шағым түспегенін айтты.

«Олимпиада тапсырмаларын біз дайындамаймыз, оны «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы дайындайды. Олар ондай қателік кетуі мүмкін емес деп отыр», – деді.

Ал Алматы қаласы Білім басқармасының «Алматы дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау жөніндегі орталығы» директоры Айгүл Қасымбекке хабарласқанымызда бұл мәселе бойынша тексеру жұмыстары басталғанын айтты.

«Бізге тапсырмаларды республикалық «Дарын» орталығы жібереді. Бұл мәселе бойынша ертең аудандық білім бөлімінің басшысымен кездесеміз, тексереміз. Егер нақтыланса, мұғалімдерге тәртіптік жаза беріледі. Ата-аналарды да шақырдық, олардан кешірім сұраймыз», – деді А. Жұмабекқызы.

Айта кетейік, жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың аудандық кезеңі 2021  жылғы 8-12 ақпан аралығында өткізіледі. Аудандық  кезеңге республика бойынша 101 мыңнан аса бала қатысқалы отыр.

MAQALADA

 

Комментарий