Жаңалықтар | Новости

Жүрсін Ерман мені сектант деп жала жапты – Балғынбек Имашев

Айтыскер ақын Балғынбек Имашев пен Жүрсін Ерман арасындағы дау қайта тұтанды. Бұған дейін бірнеше айтыскер мен Жүрсін Ерманның арасында түсініспеушіліктер болған. Бұл жолы Балғынбек мырза ренішін айтты.

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Қасқа жол” арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Айтыскер өзін сектант деген Жүрсін Ерманға өкпелі. Тіпті ол үшін сотқа беруді ойлаған. Алайда іс жабулы күйінде қалды.

“Жүрсін Ерман бір журналиске берген сұхбатында кейбір айтыс өкілдерін жамандады. Кей ақындар сектаға кіріп кетті деді. Ол кім дегенде, “Балғынбек, Сара Тоқтамысова, Сырым, Жандарбек Бұлғақовтар” деп жауап берді. Сектаға кіріп, үй мен көлік бергендер өздеріне тартып алды деп жала жапты. Кейін мен ашуланып, Жүрсін Ерманға хабарластым. “Мына айтқаныңыз қып-қызыл жала. Неге айттыңыз” деп ренжідім. Менің сектант екенімді, кімнен не алғанымды дәлелдейтін айғақ жоқ қой. “Мен сізді сотқа берем деп едім, “бере бер” деді. Бұл ашулықтан туған сөз ғой. Кейін Жүрсін ағаны бір кездесуде көріп қалдым. “Мен сені сотта күтіп жүрмін ғой” деп кекетті”, – деді Балғынбек Имашев.

Айтыскердің айтуынша, 5 баласымен бірнеше жыл бір бөлмелі пәтерде тұрған.

“Айтыстың Өмірзақ Сәрсенов деген демеушісі бар. Сол кісі үй сыйлады. Елордаға барған жылы Мырзатай Жолдасбеков астанадан бір бөлмелі үй сыйлады. Бес баламмен сонда тұрып келдім. Одан өзге ешкімнен үй де, көлік те алған емеспін. Көлік алсам, айтыстан ұтып алдым. Басқа мені жарылқап, сектаға кір деп ешкім ешнәрсе берген емес. Мұны ешкім дәлелдей де алмайды. Имамға, мүфтиятқа сенетін адамбыз. Мен діни пәтуаларды айта алмаймын. Себебі, дін маманы емеспін”, – деді айтыскер.

Бір жылдары айтыстан біржола кететінін айтқан ақын ара тұра айтысып жүр. Бұның себебін өзі түсіндірді.

“Біреулер домбыра харам, музыка харам, сол үшін мені айтыстан кетті деп ойлайды. Мен айтыстан кеттім дегеніммен, той-томалақта, басқа шараларда айтысамын. Біржола айтыспай кеткен жоқпын. Музыкаға қатысты дінде пікірталас бар. Алайда айтыстың мәні музыкасында емес, мағынасында, сөзінде. Айтыс – ол сөз мәнері. Соны түсінуіміз керек. Қазақтың қанына сіңген өнері, жыры, радиосы,телеарнасы, газеті. Кей айтыскерлер де осыны түсінбей айтыстан кетіп, түсінген соң қайтып келіп айтысып жүр”, – деді Балғынбек Имашев.

Комментарий