Детектив

Қандықол

Адам баласы неге тасбүйректеніп барады. Бір-біріне деген мейрімділік, сүйіспеншілік, қайырымдылық, аяушылық сезімдерден жұрдай болғаны сондай, адам өлтіру мал бауыздағаннан оңай шаруаға айналды.  Қымсынбай адам қанын мойнына жүктегендер қылмыстың ізін жасыру үшін түрлі айла-шарғыға барып, тергеуді де, сотты да арбап, бір оқпен екі қоянды атып алғысы келеді. Мұны бұрын құқық қорғау органдарында қызмет жасаған, «опер группада» 13 жыл полиция қызметкері болған қылмыскердің қылмыстық ізінен аңғаруға болады. Мұндай тұжырымға марқұмның әкесі Жұмахан Чекаев редакцияға сот үкімін алып келіп, басына түскен қайғы-қасіретімен бөліскеннен кейін келдік.
Үшінші неке – үзілген ғұмыр
Бұрын екі рет үйленген экс-полицей, Б.Т.Әлиев үшінші рет Жамбыл облысы Шу ауданының азаматшасы К.Ж.Чекаевамен 2013 жылдан азаматтық некеде тұрған. Араларында 2015 жылы туған бір бала бар. Алматы облысы Іле ауданы Боралдай кенті Жайнақ ш/а Жерұйық көшесіндегі 12-үйде ғұмыр кешкен ерлі-зайыптылардың отбасылық өмірлерін ерінің өз қолымен өшіретінін кім білді дейсіз. Жарын қинап өлтірген бұрынғы полицей әйеліне кектеніп алғаны сондай, бауыр еті – баласының көзінше азаптаған. Иә, естігенде жаның түршігеді. Оқиға 2018 жылдың 18 тамызында болған. Сотталушының айтуынша, жұбайы өз үйінде спирттік ішімдік ішкен соң екеуінің арасында жанжал туып, бұл ұрыс-керіс барысында К.Чекаеваны ұрып-соққан. Келесі күні, яғни 19 тамызда К.Чекаева аталған мекенжайда ішімдік ішуін жалғастырған. Сол күні түнде Чекаева мен Әлиевтің арасында тағы жанжал орын алып, Б.Әлиев өзінің 2015 жылы туған үш жасар қызы Ардақтың көзінше жұбайы Чекаеваға қол жұмсап, белбеуімен аяусыз ұрып-соққан. Содан кейін, есі кіріп қалған кішкентай қызы Ардақ Әлиеваның көз алдында асқан қатыгездік көрсете отырып, жұбайына қатысты өзінің құқыққа қарсы әрекеттерін тоқтатпай, жәбірленушіге дене жарақаттарын салғанымен қоймай, оны тұншықтырып өлтіреді. Марқұм тұншығып өлгенге дейін, ауыр жарақат алған жәбірленушіге жедел жәрдем де шақырмаған. «19
тамыз 2018 жылы үйде болдым, үй шаруасымен айналыстым. Қызыма түскі ас дайындап, оны тамақтандыра отырып, жұбайыммен сөйлесуге шешім қабылдадым. Алайда, ол қатты ауырды, оның барлық уақытта жүрегі айныды. Содан кейін жұбайымның өтініші бойынша дүкеннен бір бөтелке арақ сатып алып кеп, оған екі стақан ішімдік ішкіздім. Одан соң сағат 17.00-ге жуық досым К.Исагуловпен хабарласып, қоғамдық моншаға бардым да, сағат 21.00-ге дейін сол жерде болдым. Үйге келсем жұбайым спирттік ішімдік ішуді тоқтатпапты, ол тағы да арақ құйып беруімді сұрады. Содан кейін оған жеңілірек болатын шығар деп ойлап, тағы да екі стақан арақ құйып бердім. Ішімдік ішкеннен кейін ол одан ары нашарлады, оның жүрегі айнып, ол барлық үйді былғады. Мен ас бөлмесіне қызымның төсегін салып, оның жанында ұйықтадым. Ал, әйелім зал бөлмесіндегі еденге жатты. Түнгі сағат 03.00 шамасында қызым оятып, дәретханаға сұранды. Қызымды әжетханаға апарып келіп, қайтадан ұйықтауға жатқыздым. Содан кейін зал бөлмеге барып, жұбайымның қал-жағдайын білу үшін оята бастадым. Алайда, ол ешқандай тіршілік белгісін бермегеннен кейін жүрегіне массаж жасап, жасанды түрде демалта бастадым, ол ешқандай әрекет етпеді» – дейді сотта берген жауабында. Ауыр соққы алып жатқан жәбірленушіге көмектесіп, жедел жәрдем шақырудың орнына, қайта-қайта арақ ішкізіп, зорлық-зомбылық көрсеткен сотталушының бұл сөзі жауаптан жалтару емей немене?! Өліп жатқан жұбайына бірінші полицияны шақырмай, үлкен ағасына қоңырау шалып, келуін сұрайды. Осыдан кейін ағасы екеуі жедел медициналық жәрдем мен полиция қызметкерлерін шақыра  бастайды. Тура уақытын білмейді, бірақ келген дәрігерлер Чекаеваның өлімін анықтайды. Сол күні таңертең, яғни 2018 жылы 20 тамызда сағат 11.00 шамасында полиция қызметкерлері келіп, оқиға орны мен Чекаеваның денесін тексеріп, марқұмның денесін мәйітханаға алып кетеді. Сол күні Б.Т.Әлиевті аудандық полиция бөліміне алып барады. Сол жерде ол полиция қызметкерлерінен жұбайының өлімі тыныс алу жолдарын қылғындырудан болғанын біледі.
Сараптамалар «соғысы»
Қылмыстық істі тергеген Іле аудандық полиция бөлімінің тергеушісі Абылай Ахметовке хабарласып, оқиғаның мән-жайын білген болатынбыз. Сотталушы Б.Т.Әлиев бұрын органда жұмыс жасағанын, бірақ жұмыстан не үшін, қалай шыққанын білмейтінін айтты.
– 20 тамыз 2018 жылы кезекші бөлімге хабар түсті. Күндізгі уақытта. Біздің топ барып көргенде әйелдің үсті көкала қойдай болған, яғни, таяқ жегені көрініп тұрды. Сосын адам өлімі деп тергеу басталды. Мен Әлиевтен күдікті ретінде жауап алдым. Ол 17 тамыз күні әйеліне арақ ішуді қой деп ескерткенін, оған құлақ аспаған соң бір-екі рет ұрғанын айтты. Мен сараптама тағайындап,  сараптама нәтижесінде марқұмның қылғындырып өлтірілгені туралы жауап алдым. Оны адвокаттарына бердім. Олар келіспейтіндіктерін жеткізіп, өздерінің жекеменшік сараптамашыларын алып келді. Олардың сараптама нәтижесінде әйел құсығына қақалып, тұншығып өлді делінген. Алайда, олар, тіпті оқиға орнына бармаған да, қалай болса солай жазып берген. Сонымен, олар қайта сараптама жасауды сұрады. Мен одан бас тарттым. Ал, олар менің үстімнен сотқа шағымданды. Сот талапкердің өтінішін қанағаттандырып, қайта сараптама тағайындатты. Оның жауабын 4 ай күттік. Олар бірінші сараптаманы растап, К.Чекаева қылғындырып өлтірілген деген қорытынды берді. Қорытындыда Чекаеваның денесінде жарақаттар көп екенін, оң жақ қабырғалары сынғанын жазған. Мен сараптама нәтижесімен таныстырдым. Олар тағы келіспейміз деп шықты. Талдықорғанға мемлекеттік сараптамаға жіберуімізді сұрады. Мен тағы бас тарттым. Олар тағы сотқа шағымданды. Бірақ, бұл жолы сот олардың талабын қанағаттандырмады. Істі сотқа жолдадым, сот 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасын берді, – деді тергеуші. Сот процесінде сотталушы Б.Т.Әлиевтің айтуынша, жұбайы үнемі ішімдік ішіп, үйге де, балаға да, қарамаған. Сөйте тұра өзі, жәбірленіп жатқан адамға «ішімдік сұрады» деп арақ әкеп береді. Мұны қалай түсінуге болады?! Сотта жауап берген куәгерлердің жауаптарына құлақ түрсек, К.Чекаева аса бір араққұмар болмаған.
Куәгерлердің көзімен…
Сотта жауап алынған куәгер К.Исагулов сотқа дейінгі тергеу барысында берген айғақтарын растап, сондай-ақ, сотталушы Б.Әлиев пен жәбірленуші К.Чекаеваны жақсы жағынан сипаттайды. 2018 жылдың 17 тамызында Әлиевпен болғанын түсіндірді. Аталған күні түске жақын Әлиевке оның жұбайы қоңырау шалып, қызының ауырып қалғанын хабарлайды. Содан кейін олар дереу Әлиевтің үйіне барып, баласы Әлиеваны дәрігерге қаратып, оларды қайта үйге апарғанын айтады. Бұдан кейін, 2018 жылдың 18 тамызында жеке шаруалары бойынша Әлиевпен бірге болып, сол күні кешкісін оның үйіне кіргенде Чекаеваның мас күйде болғанын байқаған. Алайда, оның бетінен де, денесінен де ұрып-соғу іздерін байқамаған. 2018 жылдың 19 тамызында куәгер күні бойы үйінде болып, сол күні кешке Б.Әлиев қоңырау шалып, олар моншаға баруға келіскен. Сағат 17.00- дер шамасында Әлиевті үйінен алып, моншаға барып, сағат 20.00-ге дейін бірге болған. Кейін ол Әлиевті үйіне алып келгенде, оларға қақпаны Чекаева ашады. Алайда, ол үйге кірмеген. Келесі күні, яғни 2018 жылы 20 тамызда Әлиевтен Чекаеваның өлімі туралы хабарды естігенін айтты. Куәгер К.Исагулова да сотталушы Б.Әлиев пен жәбірленуші К.Чекаеваны жақсы қырынан бағалайды. 2018 жылдың 19 тамызында К.Чекаева оның ұялы телефонына бірнеше рет қоңырау шалғанын түсіндірді. Содан кейін ол оған қайтадан қоңырау шалғанын, 18 тамызда Чекаева аздап ішімдік ішкенін, сол үшін Әлиев оны ұрғанын жеткізді. Сондай-ақ, әңгіме барысында Чекаева оны үйден алып кетуін сұраған, ол оны тыныштандырып, оны үйіне алып келуге мүмкіндігі жоқ екенін білдірген. Куәгер Л.Кудагелдиева жәбірленушінің бірге туған сіңлісі Баян Чекаеваның айғақтарын толық көлемде растап, істің мән жайына сәйкес түсініктемелер беріп, марқұм Камшат Чекаева қайтыс болар алдында оған бейнеқоңырау шалғанда өзін біртүрлі ұстағанын және оның бетінде ұрып-соғудың іздерін байқағанын айтады. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында және сотта жәбірленуші Жамбылхан Чекаев (Жұмахан Чекаевтың туған інісі), сондай-ақ куәгерлер Л.Кудагелдиева, Б.Чекаева, К.Исагуловалар Әлиев пен Чекаева шын мәнінде жас баламен тұрғандарын растады және қайтыс болар алдында К.Чекаева ұялы телефон арқылы қоңырау шалып, күйеуі Б.Әлиевтің тарапынан құқыққа қарсы әрекеттерге ұшырағаны туралы бірнеше рет хабарлаған. Аталған куәлардың айғақтарымен анықталғанындай, К.Чекаева оқиға алдында аталған адамдарға қоңырау шалып, көмек сұраған. Баласының алдында болып жатқан әрекеттер, оған қатысты қатыгез қарым-қатынас туралы жеткізген. Анасы қайтыс болғаннан кейін, әкесі Б.Әлиев ағасын шақырғаны туралы қызы А.Әлиеваның түсіндірмесінде толығымен расталады. Амбулаториялық сот-психиатриялық сараптаманың №20-08-13/1516 қорытындысында жас бала Ардақ Әлиеваның патологиялық қиялға бейімділігі анықталмағаны, табиғи жас ерекшелігіне ие екені баяндалады. Баламен жұмыс істеген педагог-психолог А.Нусипбекова жас баламен 4 рет сұхбат жүргізеді және туыстары тарапынан бейнеге жазылған жазбаларға сүйенеді. Жасөспірімнің айтуынша, ата-аналарының, яғни Б.Әлиев пен К.Чекаеваның арасында жиі ұрыс-керіс пен төбелес болған, солардың соңғысында әкесі анасын ұрып-соғып және қылғындыру жолымен өлтіргені белгілі болған. Оқиғанның ең сорақы тұсы, «қызыңыз қайтыс болды» деп хабарлаған құдалар мән-жайды ашып айтпады. «Қайта-қайта қоңырау шалдық, жауап бермей қойды. Сөйтсек, бұлар қылмыстың ізін жасыру үшін қам-қаркет жасап жүріпті. Ойыма күдік ұялап, қаладағы туған інім Жамбылханға хабарластым. «Құдалар телефонын көтермейді» дедім. Ол қызымның қайтыс болғанын біліп, мәйітханаға келгенде, Әлиевтің ағасын көреді. Ол «Несіне әуре болдыңдар, өзіміз-ақ жерлейтін едік қой» депті. Өзегімізді өртеп тұрғаны, мәйітханадағы сарапшы Берік Жаңбыршиевке бұрын сараптамашы болып қызмет істеген Қасымхан деген азамат келіп, «Қазір саған бір мәйітті әкеледі. Сен «құсығына тұншығып өлді» деп қорытынды жазып бере сал» деген, ақша ұсынбақ болды», – дейді, марқұмның әкесі Жұмахан Чекаев. Мәйітті көрген сараптамашы Б. Жаңбыршиев Чекаеваның тұншықтырып өлтірілгенін және дене жарақаттары бар екенін жазып береді. Бұл туралы біз де мәйітке сараптама жасаған Б.Жаңбыршиевке хабарластық, ол «айтарымды сотта айттым» деп қысқа қайырды. Қызының зорлық зомбылықпен өлгеніне және құдалары мәйітті көрден қазып алып, өздері
сараптама жасатып, қорлағанына күйінеді әкесі. Өздері жүгінген әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Сараптау және бағалау» ғылыми-практикалық орталығы сарапшыларының К.Чекаваның эксгумацияланған мәйітіне қайта жасаған сот-медициналық сараптамасы К. Чекава қолмен буындырудан механикалық тұншығудан өлгені туралы қорытынды берген.
Қағаздағы қорытынды
20.08.2018 жылғы №178 сот-медициналық сараптамасының қорытындысына жүгінелік: К.Чекаеваның өлімі екі қолмен мойын органдарын қылғындырудан келген механикалық тұншығудың салдарынан туындаған. Мұндай тұжырым жәбірленушінің мойнының екі жағындағы жоғары тұсындағы қанталаулардың, мойын бұлшық еттеріне қан құйылуының, қалқанша шеміршегінің айналасындағы жұмсақ
тіндерге қан құйылуының, көздің ағына қан құйылуының, көмекей мен өңештің, кеңірдек қуысының кіреберісіне ұсақ көпіршікті көбіктер пайда болуының анықталуы, сондай-ақ, жалпы қылғыну тұншығу белгілерінің морфологиялық көріністерімен расталады. Бұлар доғал заттың әсерінен немесе механикалық тұншықтыруға әкеп соқтырған қол саусақтарының көмегімен болуы мүмкін. Осы аталған жарақаттар өмірге қауіптілігі жағынан денсаулыққа ауыр залал келтірген және жәбірленушінің өліміне тікелей себепші болған. Сондай-ақ, кеуде қуысының тұйық жарақаты: қабырғалық өкпеқапты жарақаттамай, оң жақтағы 9 және 10-қабырғалары сынған. Жәбірленушінің денесіндегі басқа да жарақаттар, атап айтқанда, басындағы, кеуде қуысындағы, қолдары мен аяқтарындағы, белі мен бөксе аймақтарындағы қанталаулар, соққыдан болған жаралар, тырналған дақтар доғал қатты затпен ұрудың салдарынан пайда болуы мүмкін. Бұлар денсаулыққа жеңіл дәрежелі зиян келтірді деп бағаланады.
Өзі қалаған қосағын осыншама азаптап өлтіріп, бұрынғы полиция
қызметкерінің мұндай қатыгездікке баруына не себеп болды? Жасөспірімнің көзінше анасын азаптап өлтіріп, бауыр еті – баласына психологиялық соққы бергенде қандай мақсат ұстанды? Әлі күнге дейін психологтардың көмегіне жүгініп, немересінің болашағына алаңдаған марқұмның әкесі Жұмахан Чекаев «Құдаларымның кешірім сұрамай, қызымды араққұмар еткендері жаныма батты. Өлгенге дейін қызыңыз
ішімдікке үйір деп бір ауыз сөз де, не қоңырау да шалған жоқ. Бұрынғы полиция қызметкері арақты өзі алып келіп, қасақана қылмыс жасады ма деген күдігім бар. Бірақ, оны сотта дәлелдей алмадым», – дейді. Алматы облысы мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотының үкімімен Бектұрған Тұрланұлы Әлиев Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы бойынша, кінәлі деп танылып, 15 жылға бас бостандығынан айырылды және жазасын қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде өтеу тағайындалды. Қарсы тарап апелляциялық шағым беруіне байланысты сот үкімі әлі күшіне енген жоқ.
Айтақын МҰХАМАДИ

Әлсіз | СлабоОнша емес | Так себеЖарайды | НормальноЖақсы | ХорошоКеремет | Отлично (Мақаланы бағалаңыз | Оцените статью)
Загрузка...

Комментарий