Жаңалықтар | НовостиҚұқық | Право

ҚОҒАМДЫҚ БАҚЫЛАУДЫ КҮШЕЙТКЕН ДҰРЫС

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі атқарушы органдардың қызметі бақылауда. Биліктің бір саласының аяқ алысын бағамдау үшін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев жұмыс сапарымен Алматы облысына келді.

Антикор басшысы Қарасай және Іле аудандарының ауылдық округ әкімдіктерін аралап, өңір әкімдеріне қызмет көрсетудің сервистік моделіне көшу қажеттілігі туралы ұсыныс айтты.
Алик Шпекбаев тоқтаған нысанның бірі – Қарасай ауданы Береке кентінің Мәдениет үйі болды. Онда Антикор мен Мәдениет және спорт министрлігінің «Парасат жолы» жобасы өз жұмысын бастады. Жергілікті тұрғындар осы бастаманы қолдай отырып, қоғамда ұлттық мәдениет пен руханият құндылықтарын ілгерілету жұмыстарына дайын екендіктерін білдірді. Сондай-ақ, төраға Іле ауданының Өтеген батыр кентінде Алматы облысының азаматтық сектор, бизнес-қоғамдастықтарымен, мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар кездесуін өткізді. Агенттік төрағасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыруда азаматтық бақылауды күшейтудің және азаматтар мен мемлекеттік қызметшілер арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандандырудың маңыздылығын атап өтті. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы табысты іс-қимылда негізгі екпін алдын алу шараларына қойылады, оның басшысы азаматтық бақылау институты және жауапты, парасатты бизнес». «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында қоғамдық бақылауды күшейту керек», – деді Алик Шпекбаев. Сондай-ақ таза қоғамды қалыптастыру жолында мемлекеттік қызметтегі жұмыс істеп жүрген басшылардың ары, ойы, жүрегі, қолы таза болса, сол ұжымдарда жемқорлыққа жол берілмейтінін төраға көптің қаперіне салды. Тиімді мемлекеттік қызмет көрсетуді жетілдіру және сыбайлас жемқорлықтың тамырына балта шабуды көздеген кездесу соңында өңірде қабылданып жатқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар бойынша жұмыс таныстырылды, ал азаматтық сектор өкілдері сыбайлас жемқорлықты алдын алу мәселелерінде алдағы кезеңге арналған өз жоспары туралы айтып берді.
Н. ШЫНТАЕВ

Комментарий