Жаңалықтар | НовостиҚұқық | Право

ЖЕКЕ ДЕРЕКТЕРІҢІЗГЕ МҰҚИЯТ БОЛЫҢЫЗ!

2013 жылдың 1 қаңтарынан бастап салық тіркеуші нөмері орнына жеке сәйкестендіру нөмері қолданысқа енгізілген еді. Жеке сәйкестендіру нөмері (ЖСН) – Қазақстан Республикасының азаматы жеке куәлігінің бет жағында орналасса, төлқұжаттың 32-бетінде тұрады. Жеке сәйкестендіру нөмерін енгізудің басты мақсаты белгілі бір тұлғаға қатысты мәліметтерді тіркеудің бірыңғай жүйесін қалыптастыру. Аталған нөмер жеке куәліктерге 1997 жылдан бері басылып жүр. Яғни, мемлекеттегі кез келген азаматтың тұрғылықты мекенжайына қарамастан жеке басын куәландыратын құжат болуы тиіс. Хош. Негізгі мәселеге көшелік. Бүгінде заманауи технологияның көмегімен алаяқтықтың жаңа түрі белең алып барады. Солардың бірі осы жеке тұлғаларға берілетін сандық код – ЖСН арқылы жасалатын алаяқтық. Азаматтардың алаяқтарға ұрынуына себепші болған ЖСН-ді Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің «Салық төлеушіні іздеу» қызметі арқылы білуге болады. Бар болғаны қажет азаматтың аты-жөнін білсеңіз болды. Керек адамның фамилиясын тересіз, робот емес екеніңізді дәлелдегеннен соң бірер минуттан соң ЖСН шыға келеді. Бұл сервис кері тәртіппен де жұмыс істей береді. Яғни, қолыңызға алдымен ЖСН түссе ол азамат туралы деректі анықтау қиынға соқпайды. Осы ретте, жеке сәйкестендіру нөмері мен басқа да жеке, дербес мәліметтер туралы және оларды қалай сақтау жөнінде бірнеше маманның пікірін білдік.

Маман пікірі:
Нұрсұлтан Роман, ІТ маманы
ЖСН әр азататты код арқылы танып білуге арналған арнайы жүйе екені түсінікті. Жеке куәлік арқылы жасалатын алаяқтықтан сақтану үшін ЖСН-ді интернет желісіне жүктемеңіз. Қатты қажеттілік болмаса сурет арқылы басқа біреуге жібермеңіз. Жібергеннің өзінде өшіріп тастауын сұраңыз. Алаяқтар жеке мәліметтеріңізді пайдалану арқылы сіздің атыңыздан микрокредит алып, сізге қателесіп ақша жібергенін хабарлап, алаяқ өз картасына ақшаны қайтарып жіберуін сұрауы мүмкін. Ойламаған жерден картаңызға ақша түскен соң расымен солай деп ойлап қаласыз. Бұндай жағдайда алдымен банк қызметкеріне хабарласып ақшаның қайдан, қалай түскенін анықтап алып, ақша түскен шотқа қайта қайтаруын сұраңыз. Басқа азаматтың телефонынан немесе компьютерінен жеке құпия сөз арқылы кірмеуге тырысу керек. Жеке кабинетке кірген жағдайда құпия нөмеріңізді өшіріп жүрсеңіз жеке мәліметтеріңізді компьютерді немесе ұялы телефонды қолданған келесі азамат пайдалана алмайды. Жеке құпия сөзді қазіргі таңда көпшілігі өзіне қатысты, жақын туыстарының туған күнін, жылын, айын қойып жатады. Осы жерде ескеретін жәйт, тек сандардан
тұратын құпия сөз таңдамаңыз, яғни мүмкіндігінше, өзіңізге қатысы жоқ сан, әріп және таңбадан құралған құпия сөз қолданыңыз. Құпия сөзді таңдаудың ең оңай жолы компьютерде кирилица әріптерінен құрастырылған сөзді латын әрпіне ауыстырып терген дұрыс. Кибералаяқтардан сақтанудың басты жолы осы. Кел келген ақпараттың рас-өтірігін анықтау үшін банк қызметкерлеріне, соған қатысты мамандарға хабарласып анық-қанығын анықтап алғаныңыз жөн. Қазір көптеген мекемеде компьютерге жеке карта арқылы кіру тәжірибесі сыналып жатыр. Әрбір картада қызметкерге бекітілген код-кілт болады. Компьютерде кардридер жалғанып, оған картаны жүктегеннен кейін барып компьютер қосылады. Сол арқылы әрбір компьютерді қай қызметкер қолданып отырғанын білуге болады. Бастысы, қызметкердің қызметіне сәйкес қосылу деңгейі бар. Кейбірінің барлық жерге шексіз мүмкіндігі болса, кейбіреуінде тек Word, Exel құрылғыларын пайдалануға ғана рұқсат берілуі мүмкін. ЖСН мен жеке құпия сөз сақталмауын қадағалау қажет. Көпшілігі браузерде құпия сөзді қайта термеу үшін «сақтау» сілтемесін басады.

Мәди ЖОМАРТҰЛЫ, заңгер:
Жеке сәйкестендіру нөмері секілді азаматтың басқа да жеке деректері заңмен ҚЫЗ-КЕЛІНШЕКТЕР қорғалады. 2013 жылы 21 мамырда қабылданғарнайы «Дербес деректер және оны қорғау» туралы заң бар. Ол заңда дербес деректердің және оларды қорғаудың қалай жүзеге асыратындығы, жеке дербес деректерді қалай жинап, сақтайтындығы және ол деректерді кімнің жинауға мүмкіндігі бар екендігі мен жария болмауы секілді жауапкершілік туралы толық қамтылған. Тіпті, дербес деректерді қорғау заңнамасын бұзу деректері бойынша қылмыстық жауапкершілік те көзделген. Кез келген адамның жеке, дербес деректері жұмыс берушіде, зейнетақы тағайындау органдарында, банктерде, ұялы телефон оператор қызметкерлерінде сақталады. Аталған ұйымдардың барлығы да заң аясында дербес деректерді мұқият жауапкершілікпен сақтауға, қорғауға міндетті және басқа тұлғаның қолына түспеуіне жауапты. Егерде аталған мекемелер заңмен бекітілген міндеттеріне салғырттық танытып, жеке деректеріңіз басқа тұлғаның қолына түсетін болса қылмыстық жауапқа тартылады. Ол Қылмыстық кодекстің 147-бабы бойынша жеке өмірге қол сұғылмаушылықты және Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасын бұзу деп аталады. Бұл бап дербес деректерді қолдану міндеті жүктелген адамның деректерді сақтамауы азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделеріне зиян келтірсе құқықтық жауапқа тартылады. Тіпті 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұдан бөлек осы бапта дербес деректерге қолсұғушылық, заңсыз жинау, сақтау, тарату сияқты әрекеттер үшін де жаза бар. Алаяқтық қылмысы Қылмыстық кодектің 190-бабымен сараланады. Жеке деректерді пайдаланатындар да осылар. Келтірілген залалдың көлеміне, қылмыстың жасалуына және қылмыс жасаған азаматтың бұрын- соңды сотталған немесе сотталмаған жағдайына сай әртүрлі
жазаға тартылуы мүмкін. Қарапайым тілде айтар болсақ, айыппұл салумен басталып, тармақтарына байланысты ең ауыры 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Жеке дербес мәліметтеріне, құжаттарына салғырт қарап, танымайтын адамға
бере салудың өзі сауатсыздыққа жатады. Әккі алаяқтар көбінесе зейнеткерлерге телефон арқылы хабарласып,алдап кетіп жатады. Мемлекеттік органдар, құқық қорғау органдары дербес деректерді сақтауға міндетті ұйымдар мен құзырлы органдар тарапынан халыққа, әсіресе, әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарға жеке деректерін құпия сақтау түсініктерін жиі жүргізу керек. Мысалы, егде жастағы азаматтар Азаматтарға арналған үкімет орталығына барып, электрондық цифрлық қолтаңбаны алды делік. Алған кезде берілетін құпия сөз барлығында бірдей болады. Азамат оны өз қалауынша өзгертіп ала алады. Бірақ көбісі оны өзгертуді ұмытып кетеді немесе қалай өзгертетінін білмейді. ЭЦҚ бар флешка немесе компьютерде сақталған құпия сөз біреудің қолына түсетін болса сіздің жеке мәліметтеріңізді біліп алу оп-оңай. Соны пайдалану арқылы несие, интернет арқылы сауда жасау секілді әрекеттерге барады.

Азизхан ЖҰМАБАЙҰЛЫ, Орал қаласының №2 сотының судьясы:
Орал қаласының №2 сотында қаралған азаматтық іс бойынша, онлайн қарыз беруші компаниядан қарыз алушы – жеке тұлғадан қарыз сомасын өндіру туралы талап арыз келіп түседі. Істі қарау барысында, қарыз алушы – жеке медициналық клиника дәрігері екендігі, оның компаниямен ешқандай шарт жасамағандығы, қарыз алмағаны анықталды. Жауапкер жеке дербес мәліметтерді өзіне таныс емес үшінші тұлғаға берген. Толығырақ айтсақ: үшінші тұлға біраз уақыт жұмыссыз жүріп, ақшадан қысылған соң заңсың әрекет жасаған, яғни, медицина орталығына барып, сол жерде жұмыс жасайтын дәрігерлерді, «арзан бағада, тіпті сіздер үшін тегін журналға әр дәрігерге қатысты жарнама ретінде мақала шығарамыз. Ол үшін орталықта жасайтын барлық дәрігерлердің жеке мәліметтері, жеке суреттері қажет болады» деп өзіне керекті барлық суреттерді, жеке куәліктердің көшірмесін түсіріп алады. Жеке, дербес деректердің барлығын онлайн түрде қарыз алу үшін арыз берген кезде суреттерді тіркейді де, медициналық орталықтан
жазып алған жеке куәлік нөмерлерін көрсетеді. Бірақ, телефон мен шот нөмеріне үшінші тұлға өзінің нөмерлерін жазады. Осылайша, «кредит» дәрігердің атынан алынады. Алайда ақша үшінші тұлғаның шотына түседі. Іс барысында айыпты біраз адамды осылай алдағанын, жалпы, кінәсін толық мойындады. Нәтижесінде, онлайн кредит берген компания алдында ақшаны өзі төлейтін болып медиациялық келісіммен іс жабылды. Осындай заң бұзушылықтың құрбаны болмас үшін, жеке басты куәландыратын құжаттарға абай болған жөн.
Гүлжанат СЕМБАЙ 

Комментарий