Бас тақырып | Тема дняЖаңалықтар | НовостиҚоғам | Общество

ҒЫЛЫМДАҒЫ ҚЫЗ-КЕЛІНШЕКТЕР ҮЛЕСІ ЖОҒАРЫ

БҰҰ-НЫҢ БІЛІМ, ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ МӘДЕНИЕТ ЖӨНІНДЕГІ ҰЙЫМЫНЫҢ (ЮНЕСКО) СТАТИСТИКА ИНСТИТУТЫНЫҢ ДЕРЕКТЕРІНЕ ҚАРАҒАНДА, ҒЫЛЫМДАҒЫ ӘЙЕЛДЕРДІҢ ҮЛЕСІ ӘЛЕМДЕ 30%-ҒА ЖУЫҚ. АЛ БҰЛ БАТЫС ЕУРОПАДА 32,7%, ОРТАЛЫҚ ЖӘНЕ ШЫҒЫС ЕУРОПАДА 40%, ОРТАЛЫҚ АЗИЯДА 48%. ҚАЗАҚСТАН (53%-ДАН АСТАМ) ҰЗАҚ ЖЫЛДАРДАН БЕРІ ОРТАЛЫҚ АЗИЯДА ҒАНА ЕМЕС, БҮКІЛ ӘЛЕМДЕ КӨШ БАСТАП КЕЛЕ ЖАТЫР. ҚАЗІР ЕЛІМІЗДЕГІ 17,5 МЫҢ ҒЫЛЫМ КАНДИДАТЫНЫҢ 9 МЫҢЫ; 5 МЫҢ ҒЫЛЫМ ДОКТОРЫНЫҢ 3,1 МЫҢЫ; 1,6 МЫҢ PHD ДОКТОРЫНЫҢ 902-СІ ӘЙЕЛДЕР ЕКЕН.

Осындайда Елбасы Н.Назарбаевтың «әйел өзін сенімді сезінген жерде отбасы да берік, балалардың болашағы да жарқын» деген сөзі еске түседі. Өкінішке орай іште де, сыртта да гендерлік теңдік ұранын көтеріп жүргендер оған әлі де жете көңіл аудармай жүр. Қоғамның түрлі саласындағы және билік сатыларындағы әйелдерді түгендеушілер ғылымға келгенде көбіне үнсіз қалады. Неге әлемнің басқа халықтарына қарағанда қазақ қыз-келіншектері білім-ғылымға құмар? Жалпы білім беру мекемелері ғана емес, арнайы және жоғары оқу орындары мен ғылым жолын таңдап, магистратура, доктарантура, резидентурада оқып жүрген қыз-келіншектердің үлесі ерлерден басым түсіп жатқанына ой жүгіртіп, сараптама жасап жүрген ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтарды да көре алмай отырмыз. Мәселен, Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне қарағанда 2019 жылы 10, 5 мыңнан астам мектепке дейінгі ұйымдағы 892 мың баланың 430 мыңы қыздар. Ондағы 97 мың педагог қауымы түгелдей дерлік әйелдерден тұрады. Ал 7, 5 мыңға жуық жалпы білім беретін мектептің 347 мың педагогының 281 мыңы әйелдер, ондағы 3,3 млн оқушының 1,6 млн-ы, 9 жылдықты бітіруші 249,7 мың оқушының 121,4 мыңы қыздар болса, 11 жылдықты бітіруші 117 мың оқушының 63 мыңға жуығы тағы да қыздар қауымы. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарындағы 36,8 мың оқытушының 26,7 мыңы әйелдер және 475 мың студенттің де 222 мыңы қыздар. Жоғары оқу орындарына қабылданған 163 мың студенттің 88,6 мыңы, 142 мың бітірушінің 79 мыңы және 163 мың оқытушы-профессорлардың 86,8 мыңы әйелдер. 15 мың магистратураға қабылданушының 8,7 мыңы, бітірген 20, 2 мыңның 12 мыңы; 6,3 мыңнан астам доктаранттың 4,1 мыңнан астамы және жаңадан қабылданған 1,7 мың адамның 1,1 мыңы, бітіруші 905 доктаранттың 579-ы әйелдер Өркениеттер қақтығысы отбасылық
құндылықтарды өзгертуде
Сақ, түркі дәуірлерінен-ақ «қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі» деген ұғымды өмірлік ұстанымына айналдыра білген ата-бабамыздың «Қыз өссе – елдің көркі», «Қызы бардың назы бар» деуі тегін емес болатын. Сондықтан да олардың білім алып, өнер-ғылымды меңгеруіне барынша қолдау жасап отырды. Алайда «Қызға қырық үйден тыйымның» мән-маңызын ескермей, оны адам құқын шектеу деп ұғынып, барлық жерде «гендерлік теңдік» орнатушылардың ешбірі тарихы мен мыңдаған жылдық мәдени мұрасын мақтан ете алмаса да, өздерінің жасанды өркениеті мен мәдени, қоғамдық және саяси құндылықтарын өзгелерге де мойындатып, таңуда ешнәрседен бас тартпай отыр. Мәдениеттер мен өркениеттердің бұл қақтығысы материалдық құндылықты рухани құндылықтан жоғары қоятындардың пайдасына шешілуде. Сондықтан әлемдегі әрбір үшінші әйел айналасындағы ер адамдардан тұрмыстық зорлық-зомбылық көріп жатыр. Олардың әлеуметтік, мәдени, тұрмыстық, саяси және экономикалық құқықтары дамушы және артта қалған елдерде әлі күнге дейін тиісті деңгейде қорғалмайды деп жүргендер гендерлік теңдікті БҰҰ-ның 2030 жылға дейінгі басым
бағыттарының да қатарына енгізді. Оған қол қойған мемлекеттер әйелдердің үлесін барлық салада арттыруға міндеттеме алып, оның орындалуы бойынша халықаралық қауымдастықта есеп беруге мәжбүр. Ал халқының сауаттылығы 99 пайызды құраса да, патшалық және кеңестік дәуірдегі отарлық идеологияның салдарынан ұлттық құндылығының көбінен айырылған халықтың өмір сүру салты бүгінде мүлде өзгерді. Ері әйелін, әйелі ерін тыңдамағандықтан отбасында балалар өзге тұрмақ өз ата-анасын жүре тыңдайтын жағдайға жетті. Бір кездері жесірі мен жетімін жылатуды өзіне намыс санайтын халық бүгінде ажырасу жағынан ғана емес, өз баласынан не ата-анасынан бас тартып, көшеде қаңғыртып қойса да жауапкершіліктен сытылып кетуге тырысып, ол үшін еш арланбайтын боп бара жатыр. Бір кездері ғылымда жүрген қыздардың мәнсап пен қызмет қуып тұрмысқа кеш шығып жатқанына мерзімді басылымдар арқылы алаңдаушылық танытатындар бар еді. Қазір ешкім ешнәрсеге алаңдамайды, ешкім ешнәрсеге таңырқамайды. Себебі, өздерін демократиялық, зайырлы мемлекет санайтын АҚШ пен Еуропа елдерінің құндылықтары бойынша әйел әйел болудан, еркек еркек болудан жалықса оп-оңай жынысын да өзгерте беретін болды. Ал азаматтық, қоғамдық санасын дамытудың орнына, өзінікін ғана жөн санап, әркімнің таңдау еркіндігі бар деген ұранның жетегінде жүргендер үшін – ұлт, діл, дін, тіл, отан, отбасы, мемлекет ұғымдарының мән-маңызы екінші, үшінші сатыда тұр. Сондықтан ғылымда ғана емес, қоғамның барлық саласында, тыныс-тіршілігінде мынау ерлердің, мынау әйелдердің жұмысы, тірлігі дейтін ештеңе қалған жоқ. Сананы тұрмыс билеген заманда еркектің бала күтімі үшін демалыс алып, үй тірлігімен айналысуы, ал әйелдің отбасын асырау үшін қап арқалап базар жағалауы Мәңгілік ел болуды мұрат тұтқан елде құптайтын нәрсе емес. Бір кездері табысы аз болса да, тұрақты жұмыс орны болғандықтан білім-ғылым саласын жағалап кеткен қыз-келіншектерге отбасын құрып, өмірге бала әкеліп, халық санын көбейткені үшін әлеуметтік көмектің көлемін ұлғайтып, мәртебесін заңмен бекітетін болса одан қоғамның айнасы іспеттес әйелдің абыройы өспесе, кемімейтіні анық. БҰҰ жүйесіндегі түрлі ұйымдардың зерттеуіне қарағанда, қазір әлемде жұмыс істеп, отбасының жағдайын түзеуге атсалысқысы келетін әйелдердің үлесі 70 пайызды құрап отыр. Егер әйел затына отбасында ғана емес, бүкіл мемлекетте кішкентай кезінен бастап – қыз қонақ, ел мен елді жақындатып, даңқын асыратын болашақ әйел, ана деп қарап, бүкіл тәлім-тәрбиесін ұлттық, мемлекеттік құндылық ретінде қарастырып, қорғауға алатын болса кез келген елдің мәдениеті артып, оп-оңай дамудың сара жолына түсері анық.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ
«Заң газеті»

Комментарий