Жаңалықтар | НовостиҚоғам | Общество

РУХАНИ ДАҒДАРЫС БӘРІНЕН ҚАУІПТІ

Әлеуметтанушы Айсұлу Молдабекова «жалпы, тарихтағы мысалдарда экономикалық дағдарыстың рухани дағдарыспен қатар жүретінін» айтады. Біздің бүгінгі әлеуметтік ортадағы ахуал қазақ қоғамының рухани ізденістерде тоқырай бастағанынан хабар береді. Оған бәріміз кімнің қайдан мотивация алып, кімдерді оқып, кімдерді үлгі тұтып жүргенінен көріп те жүрміз. «Жастарды жат мәдениеттен қалай сақтандырамыз?» деп ұрпағы үшін қам жейтін аға буын, қарап отырсаңыз, өзінің осы кеңістігін бос қалдырды. Аузы дуалы аға буынның дәуірі алыстағандықтан да, бүгін біздің қоғамда рухани тоқырау басталды, сананы тұрмыс билегендіктен, тұтас бір орта рухани дегредацияға ұшырады. Оған күні-түні әлеуметтік желіден ажырамайтын халге жеткен жаскәрінің бүгінгі ахуалы дәлел. Онлайндық оқу жүйесі жастардың білуге, көруге, үйренуге деген қызығушылығын жойса, барлық саланы жайлаған жемқорлық пен «жасампаз» мемлекетке қатысты жағымпаз ұрандар аға буынды әу бастағы адалдық, әділет, ақсақалдық принциптерінен алыстатты.

Мемлекеттегі соңғы өзгерістер (саяси, экономикалық, мәдени) Қазақстанның да дамыған өзге елдер секілді адамның жеке индивидтік құндылықтарына көңіл бөлетін кезі келгенін көрсетті. Кезінде Маркс «революцияны соғыс емес, өзгеріс деп қабылдау» керектігін айтты. Бүгінгі ахуалда санадағы соғыстың емес, санадағы өзгерістің заманы келгенін әйгілеп жатыр. Бірақ, өркениет көшінен қалмауға асығатын біздің қоғам көрінбейді. Бүгінгі рухани кеңістік қарапайым көпшілікті екіге бөлді. Біреуі – әлеуметтік жай-­күйін айтып, әкімшіліктің алдын тоздырған көп балалы аналар болса, екіншісі – өмірі әлеуметтік желімен біте қайнасқан, жалған мотиваторлар мен интернет жарнамалардың құлақкесті құл-күңіне айналған «зомбилер». Ендеше, бұлардың қайсысын рухани кемел, білім-білігі толысқан сапалылар санатына қосар едіңіз? Күні бойы қарын қамымен жүріп қажығандарды ма, интернеттен ақша ағылатын жұлдызды сәтінің туарына сенетіндерді ме? Әлеуметтанушы Айсұлу Молдабековадан осындай рухани құлдыраудың себеп-салдарын сұрадық.

Айсұлу МОЛДАБЕКОВА, әлеуметтанушы:
ИДЕАЛЫМЫЗ – ИНСТА ЖҰЛДЫЗ
– Дәл бүгінгі біздің қоғамда, 1990–2000 жылдармен салыстырғанда, рухани өсуге деген, рухани құндылықтарға деген қажеттілік жоқ емес, бар. 2000 жылдарда бізде адамдардың діни құндылықтарға деген қызығушылығы басым болған. Бүгінгі таңда діни құндылықтардан гөрі жеке тұлғалық құндылықтар алға шықты. Мұны біздің әлеуметтік сауалнамалардан да көруге болады. Мысалы, біз әлеуметтік сауалнамалар жасағанда, өзіңізді қай бағытта дамытқыңыз келеді деген кезде олар көбіне адамның қосымша қабілеттеріне, соларды игеруге деген қызығушылықтары бар екенін айтады. Мысалы, тіл үйренуге, сосын белгілі бір кәсіптерді меңгеруге қатысты. Бұндай қабілеттерге деген сұраныстың болуы адамдардың тұлғалық өсуіне жақсы ықпал етеді. Бұл адамдардың интеллектуалдық капиталының артуына алып келеді. Алайда, оның біздегі рухани негізі әлсіз. Себебі, біз материалдық дамуды рухани дамудан алшақтатып алдық. Адам бойында ол екеуі қатар дамуы керек еді. Қазір көпшіліктің танымында рухани даму деген тек кітапта болады немесе дін жолында қызмет еткендерде ғана рухани ізденістер болады. Осындай біржақты қалыптасып жатқан көзқарастардан соң жалпы адамзаттық құндылықтардың алыстай бастағанын түсінесіз. Қоғамдағы экономикалық дағдарыстардың, тіпті бүгінгі пандемияның өзінің адамдардың деградациясына тікелей әсері болды. Әсіресе, бүгінгі біздің қоғамда идеалды тұлға кім дегенде, өкінішке орай инстатұлғалар көпке үлгі боп кетті. Ал олардың беріп отырған ілім-білімінде, үгіт-насихатында өкінішке қарай, адамдарға тірек болатын фундаменталды құндылықтар жоқ. Бүгін діни үгіт-насихаттың өзін мынау заманның, білім-ғылымның дамуымен ұштастырып жеткізбесе, ол да көпшілікке өтпейді. Тақырып өзекті. Себебі адамдар рухани жетілуден гөрі материалдық дамуды армандайды. Біз инстаәлем ықпалынан әзірге құтыла алмаймыз. Сондықтан мемлекет әлеуметтік желіні қоғамымыздың идеологиясын алға жылжытушы күш есебінде пайдалануы тиіс. Мысалы, неге шын рухани әңгіме айта алатын идеалды тұлғаларды жинақтап, солардың курсын, үгіт-насихатын ашпасқа? Қоғамымызда адамдардың жан дүниесін қызықтыратын бағыттар болмағандықтан, адамдар депрессия, дегредацияға ұшырайды, ол кейін агрессияға айналады. Жалпы, біздің бүгінгі рухани кеңістігіміз сұраныс бар, бірақ нарықтағы тауары өте сапасыз мысалдар сияқты. Осы ретте біз қоғамды алға сүйрейтін рухани саланың бірі әдебиет десек, ол саланың бүгінгі ахуалы қандай? Сырт көзге бір қарағанда, бүгінгі қазақ әдебиетінің жай-күйін ешкім жаман дей алмайды. Жас ақын-жазушылардың кітаптары мемлекеттік тапсырыстармен де, жекелеген азаматтардың қолдауымен де шығып жатыр. Мемлекет әдебиетті қолдап жатса, ондағы шығармалардың халықтың рухани сұранысын қанағаттандыруға деген қабілеті қандай?

Қанат ТІЛЕУХАН, жазушы:
ҚАЛАМГЕРЛЕРДЕ МАСЫЛДЫҚ БАСЫМ
– Қазақ авторларының кітабы мемлекеттік бағдарламамен шығып жатқанына ширек ғасырдан асты. Одан мемлекетке көк тиын да пайда келіп жатқан жоқ. Баспалар да, қаламгерлер де бюджеттің ақшасына масыл. Тендерден қаражат алдым деп баспагер, кітабым шықты деп ақын-жазушылар қуанады. Алайда, салықтан жиналған ақшаның қайтымы болу керек қой. Өткенде бір ақын ағаммен сөйлесіп қалдым. Кітабын тегін шығарып берген министрлікке алғысын айтты. Мың дана жыр жинағын қалай сатқанын айтқанда, сол ағам үшін өзім ұялдым. Аудан әкіміне барып мектеп мұғалімдеріне күштеп сатқызған. Не айтуға болады?! Бұл біздің қоғамда қалыпты жағдайға айналған. Оқырман жоқ деген әңгімеге өз басым сенбеймін. Жақсы шығарма жазылса, оқырман табылады. Мемлекет баспалар мен авторларды мойнына отырғызуды қою керек деп ойлаймын. Кітап тарату, оны сату жүйесін орнатса, әрине, кітаптар оқылар еді.

Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ, ақын:
ӘЛЕУМЕТТІҢ ӘЛЕУЕТІ ӘРТҮРЛІ
– Қазақ әдебиеті ақпараттық кезеңде тұйықталған, өз ішінде өзі қайнап, сонысына қанағаттанатын әдебиетке айналды. Тіпті, посткеңестік елдердің өзімен байланысымыз жоқ деуге болады. Ресеймен арадағы бірін-бірі аудару, журнал шығару дегендей әкімшіліктің, биліктің идеясы жақсы, тек орындалуы нашар. Оған да шүкір демеске лаж жоқ. Қырғыз, өзбек, түркімен әдбиетін зерттеп жүрген, біздің әдебиетті оларға танытуға мұрындық болуға ұмтылысы бар орта да жоқтың қасы. Жеке талпыныстың тұрақтылығы кемшін. Осындай тұйықтықтан қандай әдебиет тууы мүмкін? Қазір әлемде трендке айналған жазушыларды, шығармаларды (мейлі, ол бестселлер болсын) алыңыз, ғаламданған сана дәуірінің айырылмас бөлігі іспетті. Оларды сіз Алматыдағы кез келген кітап дүкенінен қиналмай таба аласыз. Интернеттегі жарнамаларын, кітап пен автор туралы аңызды әдебиетке кішкене қызығушылығы бар оқырман тез кезіктіреді. Еркін де сапалы ақпараттың жемісі. Бізде менеджерлік жоқтың қасы болғандықтан да, бүгінгі шоумен саналы оқырман Баян Мақсатқызы мен Ләйлә Сұлтанқызын бүгінгінің қаламгері деп ойлайды (Оларға өкпе жоқ, бұл барлық елде бар үрдіс. Дегенмен, көркем әдебиеттің аудиториясын оятуға құлшыныс жоқ бізде). Ақын кім десе, Ринат Зайытовтың еске түсетіні секілді, жазушы кім десе, Баян Мақсатқызын атауы мүмкін. Қаламгерлер өзінің шығармасын (кітабын) «тауар» деп ойлауы әрі оны сатуға өзі кірісуі керек. «Тауары» «сапалы әрі көркем» бе? Ол өзінің интеллектуалдық деңгейіне байланысты. Оқырманның рухани әлеуеті де әртүрлі.
Ш.РАҚЫМҚЫЗЫ,
«Заң газеті»

Комментарий