Бас тақырып | Тема дняЖаңалықтар | НовостиҚоғам | Общество

ЭТИКА НОРМАЛАРЫ ШОУ БАҒДАРЛАМАЛАРҒА ЖҮРМЕЙ МЕ?

Университет қабырғасындағы ұстаздар «Журналист жеке адамның өміріне құрметпен қарау керек» деген қағиданы санамызға сіңірді. Өкініштісі, қазір кейбір әріптестеріміз рейтинг жинау үшін қарапайым халық алдындағы осы жауапкершілікті ұмытып барады. Жауапкершілік деп жұмсартып айтқанымыз, анығын айтқанда, ар-ұяттан да алыстап, этика нормаларын ескермейтін болды. Бұл туралы осыдан екі жыл бұрын депутат Дариға Назарбаева бірнеше рет айтқан еді. «Біздің масс-медиа рейтинг қуып кетті. Неге екені белгісіз, осындай ақпараттарды қызығып көретіндер жетерлік. Жағымсыз жаңалықтар беретін редакцияның рейтингісі жоғары. Егер басымдықты позитивті жаңалықтарға берсек, рейтингіміз құлайды. Өсек-аяңға үйір аудиторияны азайтудың бір жолы – мемлекеттік органдар мен БАҚ бірлесіп әрекет ету қажет», – деген.

Шындығында, бүгін отбасы-ошақ қасының әңгімесі мен жастардың жұлысын көрсететін бағдарламалардың ғұмыры ұзақ. Мәселен, жұрт жаппай «Қалаулым» дейтін бағдарламаны жабуды талап еткенде, сол кездегі ақпаратқа жауап беретін министр: «Бұл бағдарламаны бірінші рет естіп тұрмын. Қазір тексеру жүргізіп жатырмыз» деп жылы жаба салды. Жұрт болып жалынып «Қалаулымды» жапқанымызды қайтейік, атын өзгерткені болмаса, заты сол қалпында қалған бағдарламаның бірнешеуі ашылып, одан да сорақы көріністерге куә болып келеміз. «Кел, келінім», «Кел, татуласайық!», «Пендеміз ғой», «Астарлы ақиқат» секілді анайы әңгімеге толы телебағдарламалардың редакторлары БАҚ туралы заңды, журналистика қағидаларын жайына қалдырды. Даулы дүниелерге толы «Кел, татуласайық!» бағдарламасын жабу керектігін айтып, петиция ұйымдастырғандар тиісті министрліктің тексерісі ұзаққа созылып кеткеніне алаңдаулы. Енді, міне, отбасы құндылығын, адамның ар-намысына тиетін «Астарлы ақиқат» бағдарламасының анайы шығарылымы төңірегіндегі дау-дамайға қатысты телеарна басшылығы не Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі әлі жауап қатқан жоқ.
БАҚ туралы заңның 1-бабында «Порнографиялық және арнайы жыныстық-эротикалық сипаттағы кино, бейнеөнім-моральдық құндылықтарға сәйкес келмейтін, адамның ар-ожданы мен қадір-қасиетін қорлайтын жыныстық қатынасты натуралды түрде, егжей-тегжейлі фиксациялау не жыныстық әуестіктің қозуына немесе жыныстық қажеттіліктерді қанағаттандыруға ықпал ететін жыныстық қатынас процесіндегі жалаңаш гениталийлерді көрсетуге, эротикалық сипаттағы өнім-гениталийлерді қоспағанда, адамдардың жыныстық қатынастарын, адам денесінің ұятты тұстарын көрсететін және порнография элементтерін қамтымайтын баспасөз басылымы немесе теле-радиобағдарламаларды көрсетуге тыйым салынады» – деп тайға таңба басқандай жазылған. Алайда, заңмен санасып жатқан телеарна басшылығы жоқ. Өкінішке қарай, сексуалды мәселелерден аспайтын бағдарламаларды жабуға ешкімнің шамасы келмейді. Мәселен, «Евразия» арнасында көрсететін «Пендеміз ғой» бағдарламасында ерінің түнгі тірлікке ебі жоқ екенін, екі жылдан бері жақындаспай жүргенін айтқан келіншек келді. Тағы бір жолы күйеуінен ажырасқан жас әйелге жүргізуші жігіт «Қыз емессіз бе?», «Қыздығыңыз жоқ па?«, «Күйеуің жоқ па әлде ажырасқансың ба?», «Қыз емес екенсің, енді не істейсің?» деген сұрақтар жаудырды. Осыдан кейін залдағылар кейіпкерге «ақыл-кеңестерін» айтып, «пәктікті қолдан жасап алуға» шақырды.
Фейзбуктағы парақшасында: «Жеткен жеріміз осы ма? Рухани тозудың шегіне жеттік қой деймін. Бағдарлама соңында бұл жүргізуші кейіпкерінен «Етегіңді жігітіңнен басқа кім түрді?» деп сұрауды да ұмытпады. Міне, эротика! Сөзім жоқ!», – деген белгілі журналист Арман Сқабылұлы «Астарлы ақиқат» секілді бағдарламалар өміршең болып тұрған тұста рухани құндылықты сұраудың өзі артық екенін жеткізген еді. Журналистерге кәсіби әдептілікті қайта үйретіп, жауапкершілікті жүктейтін уақыт келген секілді. Әйтпесе, ақиқатты айтуға тиіс арналар ұлттық тамырымызға балта шабуын әлі де жалғастыра берері сөзсіз.

Дәнеш БАЙБОЛАТОВ, «Заң сөйлесін» бағдарламасының жүргізушісі:
– Жасыратыны жоқ, телевизияда жүрген өзім де, әріптестерім де рейтинг дейтін талапқа кіріптармыз. Ал қазір рейтингті қандай бағдарлама береді? Атыс-шабысты, біреудің жеке өмірінің интим тұстарын, тағы сондай «сұмдық шындық» деген айдар таққан дүниелерді берсең, рейтингің аспандап, басшының алдында сүйкімді боласың. Сол себепті қазір біреудің лас іш киімін эфирде жууға әуестене бастадық. Сөйтіп жүріп, журналистиканың басты қағидаттарын, журналист кодексінің талаптарын, тіпті оны былай қойғанда, жай адами этиканы аттап кетуді де ар санамайтын болдық. Бірақ бұл жерде ескеретін бір жайт бар. Оған соңғы күндері әлеуметтік желіні шулатып жатқан «Астарлы ақиқат» бағдарламасын, оның жүргізушісі һәм тақырыбын мысалға алайық. Бірнеше адамнан «біздегі журналистердің, журналистиканың деңгейі осындай» деген пікір естідім. Біріншіден, Дина Төлепбергеннің дәл қазір айналысып жатқан шаруасы таза журналистика емес. Ол инфотейнмент бағытындағы ток-шоу жасауда. Қазір рейтингің жоғары болса, білгеніңді істей бер дейтін уақыт. БАҚ туралы заңды да, қабылданған журналист этикасы туралы кодекстегі журналистке қойылған «қоғамның моральдық және эиткалық қағидаттарының нығаюына ықпал ету» талаптарын да пысқыра бермейтініміз, тіпті ол туралы ойланып, бас ауырта бермейтініміз өтірік емес. Екінші жағынан, Динаны бұл үшін бір жағынан жазғыруға да болмас. Өйткені, мұндай дүниені жасап жатқан жалғыз ол ғана емес. Дина – талантты медиа сатушы. Осындай дүниеге сұраныс бар жерде, ұсыныс туады. Сергей Довлатовтың «Біз Сталинді қарғаймыз және онымыз дұрыс та. Бірақ төрт миллион арызды кім жазды?» дейтін тамаша қанатты сөзі бар. Сол айтпақшы, бәріміз айыптаған бағдарламаны YouTube-тан көрген миллиондаған адам кім? Өзіміз ғой? Жабылсын, мынау сұмдық деп аламыз да өзіміз көреміз, асүйде отырып талқылаймыз. Мысалы, өзім жүргізетін, жетекшілік ететін «Заң сөйлесін» бағдарламасының әзірге YouTube арнасында ең көп қаралған жалғыз сюжеті – әйелін күйеуінің көзінше зорлаған қаскөйлер туралы детектив. Қаралымы жарты миллионнан асып кетті. Ал небір мықты заңгерден, құзырлы орган өкілдерінен ең өзекті құқықтық проблема туралы, оны шешу жолдары жайлы бар маңызды мағлұматты жинап, көрерменнің аузына шайнап берген керек деректі интернетте бір айда әрі кеткенде 5 мың адам көреді. Демек көрермен де түзелуі, түзу ой іздеуі керек. Қазір ел теледидар көрмейтін болды, керегін интернеттен іздей салады. Неге? Себебі интернет пен телеарнадағы өнімнің деңгейі бірдей-ақ болып қалды. Оған әлеуметтік желідегі цензураның, телеарна басшылығынан болатын кей шектеудің болмайтынын ескерсеңіз, әлеуметтік желідегі блогерлердің танымал болуының себебі түсінікті емес пе? Бірақ өз басым интернет, әлеуметтік желі, блогерлер телеарнаны алмастыра алмайды деп нық сенемін. Өйткені, әлеуметтік желідегі жекелеген блогерлер тележурналистикадағыдай ұжымдық жауапкершілік арқалай алмайды. Олардың дүниесі тек бір адамның субъективті ой-танымына, оның ішкі мәдениетіне тікелей тәуелді. Яғни, тележурналистиканың сапасы өссе, журналистика қағидаттары мен жалпы қоғамның мүддесіне сай пайдалы әрі салмақты өнімдер көбейсе, отандық телеарналар тәрбие құралына, мемлекеттің ұстанымы – құндылықтардың насихатшысына айналары сөзсіз. Ал ол үшін бірқатар күрделі мәселені шешу, оның ішінде рейтингтік бағалауды қайта қарау керек болады.

Жадыра МҮСІЛІМ

Комментарий