Жаңалықтар | НовостиСудья мінбері | Судебная система

Азаматтар онлайн қызметтерді белсенді пайдалануда

Соңғы жылдары сот жүйесі айрықша даму жолына түсіп, өз кезегінде бұл жетістіктер істерді жүргізу тәртібін жеңілдетіп, азаматтардың сотқа деген қолжетімділігін одан әрі арттырды. “100 нақты қадам” ұлт жоспары аясында іске қосылған “Сот төрелігінің жеті түйіні” бағдарламасы бүгінде өз тиімділігін дәлелдеп, SMART-сот жобасы жүйе жұмысының заманға сай жандануына айрықша ықпал етті. Сала қызметіне жүгінушілер мен соттардың ІТ-қызметтерін жоғары деңгейде пайдалануына жағдай туғызу мақсатында жаңа трендтер, қарапайым және қолайлы электрондық сервистер іске қосылды. Аталған жоба аясында азаматтар пандемия кезінде де өз құқықтарын қорғай алды. Бұл күні жұртшылық онлайн қызметтің артықшылықтарын түсініп, белсенді пайдалануда.

Біз үшін онлайн процестер жаңалық болған жоқ, өйткені, төтенше жағдай енгізілмей тұрып та мұндай мүмкіндік Қазақстан Республикасының іс жүргізу заңнамасында көзделген. Айта кетерлігі, қоғамымызда заманауи технологиялар жетістігін жұмыс барысында ең бірінші пайдаланып, жедел ендіргендердің бірі сот саласы болды. Бастапқы кезде интернет желісіне қатысты қолайсыздықтар болды, әрине. Дегенімен, Жоғарғы Соттың жедел ұйымдастыруының нәтижесінде олқылықтар түзетілді. TrueConf, Skype WhatsApp, Zoom мобильді қосымшаларының көмегімен сотқа түскен істер іркіліссіз қаралды. Оған өткен жылы онлайн сот процестеріне қатысушылардың дүние жүзінің 20 елінен байланысқа шыққаны, сондай-ақ,  соттарда күн сайын 4500-ге жуық процестің қашықтықтан өткізілгені дәлел.

Осы тұста тоқтала кетерлігі, онлайн процестері әдеттегі сот отырыстарынан айырмашылығы жоқ. Қатысушылардың да пікірлері бірдей тыңдалып, қажетті құжаттардың бәрі қамтылады. Бұл жердегі басты айырмашылық сотқа жүгінушілердің сот ғимаратына келмейтіндігінде ғана. Ескерерлігі, қашықтықтан өтетін сот процестері соттармен қатар, оған қатысушылардың да тарапынан тиянақты дайындықты талап етеді. Отырыстың тиімді өтуі және әр қатысушының сөзі мұқият тыңдалуы үшін ең алдымен тыныш, жайлы орын таңдалу маңызды. Мүмкіндігінше тыныштық сақталуы сот отырысының сапалы өтуіне ықпал етеді. Істерді қашықтықтан қарау тараптардың сот отырысына қатысуын қамтамасыз етіп қана қоймайды, сонымен қатар, істің қаралу мерзімін де қысқартады.

Барлық сотта онлайн процеске қатысушыларға қолайлы жағдай жасалған. Саладағы ақпараттандыру бағытындағы жаңашылдықтар құжаттарды қабылдаудан бастап, шешімдерді, атқарушылық парақтарды, үзінді көшірмені беру, т.б. сот төрелігін іске асыру кезеңдерін қамтиды. Бүгінде сот жүйеде процеске қатысушыларды SMS-хабарлама және электронды почта арқылы хабарландыру, “Сот құжаттарымен танысу”, “Сот істерін қарау кестелері”, “Сот кабинеті”, “Сотқа шақыру қағаздары”, т.б. сервистер белсенді қызмет етеді. Жоғарғы Сотта қабылданған сот актілерін халыққа онлайн режимде түсіндіру шараларын іске қосты. Бұл өзінің оң нәтижесін беруде. Мұндай игі істер өз кезегінде төрағамыз Жақып Асанов айтқандай, жүйені жаңғыртумен қатар, халықтың сотқа деген сенімін одан әрі арттыра түспек.

Сала жұмысы заман талабына сай жетілдіріліп, тың реформаларды жүзеге асырды. Бүгінде салаға ендірілген жаңа технологиялар ашықтықты арттырып, соттардың тәуелсіздігін одан әрі нығайтуда. Елімізде сот процестерін виртуалды өткізу сот төрелігін жүзеге асырудағы кедергілерді жойып қана қоймайды, сонымен қатар, уақыт пен материалдық ресурстарды да үнемдейді. Сонымен бірге, сот ісін жүргізуді жеңілдетеді, төрешілдік кедергілерді қысқартады, қызметкерлердің азаматтармен байланысын азайтады. Сот отырысының дыбыс және бейнежазбаға жазылуы  процессуалдық ережелердің кепілдігін қамтамасыз етеді. Қазіргі таңда елдегі барлық сот ғаламторға қосылған.  Саладағы игі істер азаматтардың әділ сот шешімдерге қол жеткізуінің бірден-бірі кепілі. Тек ел тұрғындары қоғамда болып жатқан жағдайларға түсіністікпен қарап, жаңашылдықтарға бейімделулері міндет.

Ғалия Оңланбекова,

Бостандық аудандық сотының судьясы

Алматы қаласы

 

 

Комментарий