Жаңалықтар | Новости

ЕГІЗДЕР КӨП ТУАТЫН ЕРЕКШЕ АУЫЛ

Маңғыстау ауданына қарасты Ұштаған ауылында егіздер өмірге көп келеді. Екі мыңға жуық тұрғыны бар ауылда 30 егіз жұп бар. Олардың үлкені 40 жаста, кішісі 4 айлық сәбилер. Ауылда жыл сайын кемінде бір егіз дүниеге келеді екен. Демографиялық өсімін жергілікті тұрғындар таңғажайып құбылысқа балап отыр. Бұл туралы Маңғыстау ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Тіпті бұл ауылда «Егіздер» деп аталып кеткен ерекше көше де бар. Мұндағы 7 үйде де егіздер тұрады. Сондай-ақ қос егіз ұл-қызды тәрбиелеп отырған Назаровтар отбасы да осы ауылдың тумалары. Аналарының айтуынша бет-әлпетінде ешқандай айырмашылық болмағанымен мінез-құлықтары екі түрлі.
«Біз мұны “Тәңірдің сыйы” деп санаймыз. Егіз қызымыздан соң араға төрт жыл салып тағы егіз ұлымыз дүниеге келді . Кеудемізді әрқашан қуаныш кернеп тұрады. Сөзбен айтып жеткізу қиын, шүкіршілік етеміз»,-дейді Ұштаған ауылының тұрғыны Айдос Назаров.
Расымен де, бір ауылда егіздердің көптеп дүниеге келуі сирек құбылыс. Мәселен, 1981 жылдан қазіргі уақытқа дейін бірнеше егіз дүниеге есігін ашқан. Бұл ауылдағы ең кішкентай егіз сәбилер қазір 4 айлық. Ал, 2017 жылы егіз ұл мен қызды дүниеге әкелген тұрғынның айтуынша сол жылы перзентханада бірнеше егіз бала туған. Мамандар «бұл құбылыс әлі толық зерттелмегенімен генетикалық тұрғыда бірнеше фактор әсер етуі мүмкін»,-дейді. Маңғыстау ауданына қарасты бұл ауыл ғана емес, әлемде Ұштаған сынды ерекше елді-мекендер бар екен.

Жазира Қуанышбекқызы

Комментарий