Бас тақырып | Тема дняЖаңалықтар | НовостиҚұқық | Право

СОТ ЖҰМЫСЫНДА ІНДЕТ КЕЗІНДЕ ДЕ ІРКІЛІС БОЛМАДЫ

Өткен жыл әлем үшін қиындыққа толы болды. Пандемия салған лаңнан ешбір ел сырт қалмады. Қауіпті індет адамзаттың тіршілік ағысын өзгертіп, қоғам өмірінің барлық саласын қалыпты ырғағынан айырды. Десе де, «Әр істің бір қайыры бар» дегендей, бұл індет цифрландырудың католизаторына айналды. Індеттің таралуын шектеп, адамзатты қауіпті вирустан сақтау үшін енгізілген карантиндік шаралар еріксіз осы технологияның көмегіне жүгінуге мәжбүр етті. Өз кезегінде бұл онлайн режимде жұмыс істеудің қыр-сырын игеріп, оның артықшылығын да, кемшілігін де саралауға жол ашты. Онлайн режимде өткен іс-шараға Жоғары Сот Кеңесінің төрағасы Талғат Донақов пен Кадр резерві жөніндегі комиссияның төрағасы Серік Ақылбай қатысқан болатын.

Онлайн-процесс ойымыздан шықты
Қазақстанда жаңа технологияны бірінші енгізген құқық қорғау органдары, соның ішінде сот жүйесі болатын. Сот жүйесін ашық әрі қолжетімді ету үшін электрондық жүйеге көшу карантин кезінде төрелікті кедергісіз жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Ол аз десеңіз, осы артықшылықтың арқасында, 2020 жылы Қазақстанның онлайн сот процестеріне әлемнің 20 елінен қатысушылар қосылыпты. Бұл туралы Жоғарғы Сотта онлайн режимде өткен былтырғы жылды қорытындылауға арналған кеңесте мәлім болды. Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшысы Наиль Ахметзакировтің айтуынша, цифрландырудың арқасында қазақстандық сот елден тыс жерлерде жүрген адамдар, соның ішінде, инвесторлар үшін барынша ашық болған. Осылайша, төтенше жағдай енгізілгеннен кейін соттарда күн сайын 4500-ге жуық процесс өтіпті. Сөйтіп 2020 жылы барлығы 11,8 мың
электронды іс қаралған, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 25 пайызға көп. Бұған дейін соттардың серверлік қуаты тек 800 онлайн процесті жүргізуге мүмкін болатын. Ал істердің көбеюі серверге айтарлықтай салмақ салды. Алайда, бұл мәселенің де шешімі жылдам табылып, қосымша 85 сервер орнатылды. Сөйтіп олардың саны 152-ге жеткізіліп, 120 террабайт жады алынғандықтан сот жұмысында іркіліс болмады. Әрине, індет бұл сала қызметкерлерін де айналып өтпеді. Қауіпті вирус көптеген судьялар мен сот қызметкерлерін де шарпыды. Осындай жағдайда, аталмыш қадамдар судьялардың, сот қызметкерлерінің функционалдық міндеттерін талапқа сай орындап, процеске қатысушылардың да өмірі мен денсаулығын сақтауға мүмкіндік берген екен. Тоқетерін айтқанда, сот жүйесін цифрландыру өз тиімділігін көрсетті. Сондықтан бұл бағыттағы жұмысты одан ары жалғастыруға басымдық беріліп отыр. Ахметзакиров мырзаның айтуынша, бүгінде «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде сот отырыстарының 699 азаматтық іс жүргізу залы жабдықталыпты. Сонымен қатар, биыл 477 қылмыстық және әкімшілік істер қаралатын зал үшін де жабдықтарды сатып алу жоспарланып отыр.

«Түрме индексі» 5 позицияға жақсарған

Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі алқа төрағасы Әбдірашид Жүкеновтің айтуынша, былтырғы жылға қарағанда, республика соттарында қаралған қылмыстық істер саны
біршама азайыпты. Мәселен, 2019 жылы 38 053 іс түссе, былтыр бұл көрсеткіш 37 758 болыпты. Десе де, үкім шығарылған істер саны 9,1 пайызға артық. Мұны Жүкенов мырза сотқа дейінгі жедел тергеу, келісу және бұйрық тәртібінде іс жүргізу секілді жеңілдетілген рәсімнің кеңінен қолданылуымен байланыстырады.
Тағы бір жаңалық – Қазақстанның «түрме индексі» бойынша жағдайы 5 позицияға жақсарған. Алқабилердің жүктемесі бар болғаны 45 іс болып, былтырғы көрсеткіш өзгермеді. Тергеу
судьялары материалдарды 8,2 пайызға артық (шамамен 100 мың) қарап, қамаққа және үй қамаққа санкция беруден жиі бас тартты. Азаматтардың оларға көбірек жүгіне бастағаны байқалады. 2020 жылы сотталғандар саны алдыңғы жылғы 27 мыңнан 30 мыңға артты. Ал, қылмыстар бойынша ақтау үкімі 2019 жылмен салыстырғанда 3,3 пайызға және 2018 жылмен салыстырғанда 18 пайызға көбейген. Соттардың қылмыстық істерді тоқтатуы сотқа дейінгі қылмыстық қудалау органдарының оңалтуға келетін және келмейтін негіздер бойынша ақтау әрекетімен байланысты болып отыр. Есепті кезеңде сотқа дейінгі іс жүргізу органдарының әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағымдар көп қаралған. Өткен жылға қарағанда ол 1,8 пайызға көп, оның үштен бірі қанағаттандырылып, 1 231 шешім заңсыз деп танылды. Жәбірленушілердің өтемақы қорына өндірілген қаражат көлемі өсті. Жалпы, құны 1 млрд теңгеден асқан өтемақы 2019 жылғы көрсеткіштен 1,4 есеге көп. Қылмыстық және жасөспірімдер істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттардың істерді қарау сапасы да жақсарған екен. Десе де, бірқатар істер ұзақ қаралған. А.Жүкенов осы ретте істерді ұзақ қараудың объективті және субъективті себептерін, соттың және әрбір судьяның жүктемесін, оның ұйымдастырушылық дағдыларын зерделеуді, сондай-ақ әрбір іс бойынша заң талаптарының сақталуына талдау жүргізу қажеттігін атап өтті.

Сапа басты орында

Жоғарғы Соттың азаматтық істер жөніндегі алқа төрағасы Мейрамбек Таймерденов те былтырғы жылғы жетістіктер мен кемшіліктерді тізбелеп берді. 2018 жылы істер мен материалдар 4 млн болса, 2020 жылы бұл сан 1 миллионға дейін азайған. Осылайша, даусыз істерді қараудан босаған судьялардың күрделі дауларды сапалы қарауына мүмкіндік
туады деп болжанған еді. Алайда, үміт ақталмады. Спикер сонымен қатар бірінші сатыдағы соттардың күші жойылған, өзгертілген шешімдерінің артуына және жыл сайын істердің 10 пайыздан астамының қайтарылып жататынына өкініш білдірді. Оның айтуынша, бұған бірінші сатыдағы соттардың кемшіліктерге жол беруі және оған апелляцияның дұрыс ден қоймауы себеп болды. Кассацияға өтініш хаттардың көптеп түсуі бұған дәлел. Облыстық сот басшылары істерді қараудан шет қалып отыр. Осы жағдайға қынжылыс білдірген Таймерденов мырза судьялардың жұмыс сапасына неғұрлым қатаң талаптар қойылатынын атап өтті. Оларға бірыңғай сот практикасын қалыптастыру, татуластыру рәсімдерін кеңінен қолдану және сот актілерінің сапасын арттыру жүктелді.

Кодексті түсіндіру кезек күттірмейді

Өткен жылы Әкімшілік рәсімдікпроцестік кодекстің (ӘРПК) қабылдануы маңызды оқиға болды. Осы құжат негізінде енгізілген әкімшілік әділет институты әлемдік тәжірибе бойынша
азаматтардың мемлекетке және сот төрелігіне деген сенімін арттырып отыр. Кеңесте сөз алған Жоғарғы Соттың мамандандырылған алқа төрағасы Айгүл Қыдырбаева соттың белсенділігіне жол ашатын бұл шараның нәтижесінде әділ шешім қабылданып, әкімшілік органдардың тәртібі жақсарады деген үмітін жеткізді. Қыдырбаева ханымның айтуынша,
бүгінде әкімшілік істерді қарау сапасы жоғары. Қайта қарау нәтижелері бойынша кассацияда бірінші және апелляциялық сатылардағы соттардың 107 қаулысының күші жойылып, 29 қаулысы өзгертіліпті. Соттарға түсетін әкімшілік істер саны 22 пайызға азайған. Бұған заңнамалық түзетулер негізінде ӘҚБтК-нің 434-бабы құрамының көп бөлігі, яғни ұсақ бұзақылықтың ІІМ-нің құзырына берілуі ықпал етіпті. Осы ретте спикер соттардың баламалы жаза – айыппұлды қолдану мүмкіндігін талқыламастан, барынша қатаң жаза тағайындауына наразылығын білдірді. Өйткені, қамаққа алу салдарынан кәмелетке толмаған балалар ата-ана қамқорлығынсыз қалып, шаңырақтардың шайқалуына себеп болып жатыр. Масаң күйде көлік жүргізгені үшін жауаптылықтың күшеюіне байланысты 2020 жылы әкімшілік қамаққа алу көрсеткіші артты. Сол секілді пандемияға байланысты ӘҚБК-нің жиі қолданылмайтын баптары: төтенше жағдайды бұзғаны үшін қамаққа алу және осы кезеңде құқық бұзушылық туғызатын әрекеттер де көбейген. Айгүл Қыдырбаева, сонымен қатар, апелляцияның бірінші сатыдағы соттардың заңсыз актілерін бір ғана негіз – мерзімді өткізіп алу бойынша өзгеріссіз қалдырғанына назар аудартты. Бұл ретте істің мән-жайын мұқият және жан-жақты зерттеп, оларды дұрыс рәсімдеу қажеттігін атап өтті. Өз кезегінде нормативтік құқықтық базаны жетілдіру және ӘРПК бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу басым міндеттер ретінде белгіленді. Бұл жаңа соттардың сапалы құрамын қалыптастыру мен дауды шешудің балама және сотқа дейінгі тәсілдерін дамытуға оң ықпалын тигізетін шара.

Судья әдебі сақталуы тиіс

Жалпы, азаматтардың сотқа деген сенімін арттыруда маңызды рөл атқаратын міндеттер күн тәртібінен түспейді. Сондықтан алдағы уақытта, оларды толыққанды орындаудың жолдары қарастырылып, іске қосыла береді. Бұл ретте, халықаралық практикада өзін-өзі ақтаған жекелеген соттарды құру моделін енгізу көзделіп отыр. Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшысы Наиль Ахметзакировтің айтуынша, осы мақсатта дербес әкімшілік соттар құрылмақ. Олар әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді қарамайды. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс бойынша жұмыс істеп жатқан соттардың атауы 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап өзгереді. Қазіргі таңда департамент әкімшілік әділет жүйесін енгізу бойынша ауқымды дайындық жұмыстарын жүргізуде. Осы шаралар аясында 21 жаңа әкімшілік сот құрылмақ. Олардың 17-сі – облыс орталықтарында, қосымша 4-уі – Қаскелең, Семей, Жезқазған және Екібастұзда ашылмақшы. Жаңа соттар қолданыстағы штаттық кесте шеңберінде құрылады. Сонымен қатар, инфрақұрылымды дамыту аясында Арыс аудандық, Сәтбаев қалалық және Жамбыл облыстық соттары ғимараттарының құрылысы басталды. 100 сот ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілді. Жиынды Жоғарғы Сот төрағасы
Жақып Асанов қорытты. Ол сот төрелігінің сапасын, әсіресе, бірінші сатыдағы сот шешімдері күшінің жиі жойылып, өзгертілетінін сынға алды. Облыстық сот төрағалары мен Жоғарғы Сот алқаларын осы жағдайға назар аударып, жіберілген олқылықтарды жоюға шақырды.

Айша ҚҰРМАНҒАЛИ,
«Заң газеті»

Комментарий