Бас тақырып | Тема дняЖаңалықтар | НовостиЭкономика

ТҰРҒЫН ҮЙ БАҒАСЫН ТҰРАҚТАНДЫРУ МҮМКІН БЕ?

Зейнетақы жинағының бір бөлігіне тұрғын үй мәселесін реттеу мүмкіндігі берілгені сол еді, елдегі баспана бағасы шарықтап кетті. Баспана бағасын тұрақты ұстап тұру үшін не істеу керек?

Мақсат ХАЛЫҚ, GSB UIB бизнесті талдау орталығының сарапшысы, экономист:
– Шынымен де, осы БЖЗҚ-дағы артық ақшаның бір бөлігін «баспана алуға жұмсай алады» дегеннен бастап, баспана бағасы қымбаттады. Жалпы, мұндай жағдай бірінші рет болып тұр деп айта алмас едім. Мәселен, баспанамен қамтуға арналған мемлекеттік бағдарламалар іске қосылғанда да баға өсетін үрдіс бар. Қолжетімді тұрғын үй бағдарламалары пайда болғанда сатушылар сатуға қойған пәтері мен үйінің бағасын өзгерте бастайды. Зейнетақы қорындағы қаржының бір бөлігін пайдалану бойынша Үкіметте талқылау бірнеше мәрте өтті. Мүмкін сол кезде, аталған реформа жасалған тұста, баға саясаты да ескерілуі керек пе еді. Бұл мәселенің тағы бір ұшы бар. 720 мыңнан астам адам зейнетақы қорындағы қаржысының бір бөлігін пайдалана алады деген сөз, бұл еңбекке жарамды халықтың 8 пайызы. Былай қарағанда аз болып көрінгенімен, негізі көп. Бұл тұрғын үй нарығына өте көп көлемде азаматтардың шығуы мүмкін дегенді білдіреді. Мәселен, өткен жылдың өзінде 15 миллионшаршы метр тұрғын үй салыныпты. Оны орташа бағалайтын болсақ шамамен 200-250 мың пәтер. Ал 700 мыңнан астам адам деген бір жылда эксплуатацияланатын үйдің көлемінен де көп болып тұр ғой. Салдарынан «тұрғын үй нарығында сұраныс көп болып кетеді» деген пікір қалыптасып отыр. Жалпы, елімізде баспана бағасына әсер етіп отырған негізгі факторлардың бірі– доллар бағамы. Қалай доллар құны артып, теңге құнсызданады, солай баспана бағасы өседі. Екінші, құрылыс материалдары шетелден алынатындықтан ол да бағаның ішіне кіреді. Әрине, бұдан өзге менің ойымша, әсіресе, «Алматы жастары» бағдарламасыда баспана бағасының өсуіне тікелей әсер етті. Себебі, бір уақытта барлығына 13 миллион теңгеден екінші деңгейлі банк арқылы несие беруге болады деген нақты мүмкіндік берілді. Нәтижесінде сатушылар ең нашар деген үйін 14 миллионға бағалап қойды. Демек, осындай мемлекеттік бағдарламалар да тұрғын үй бағасына әсер етеді деген сөз. Жалпы нарықтағы бағаны ешкім қадағалай алмайды. Бірақ мемлекет тарапынан арнайы құрылыс материалдарыныңбағасын қадағалауға болады. Сондай-ақ құрылыс компанияларына отандық құрылыс материалдарын, өнімдерін пайдалану туралы шарт қою қажет. Сол кезде тұрғын үйдің бағасы қалыпқа келеді деп айтуға негіз бар.

Дәулет ТӨЛЕУТАЙҰЛЫ, баспана мәселесін жазатын блогер, экономист:
– Зейнетақы жинағын алушылардың басым бөлігі мегаполистерде баспанасының болғанын қалайды. Үйлері барлар баласына, туысқанына баспана алып беруді мақсат етеді. Содан не керек, сұраныс болғасын баға өседі. Ал шарықтап жатқан бағаны заңмен реттеу қиын. Себебі, нарықтық экономика. Нарық заңында сұраныс артқан сайын, баға да өседі. Сәйкесінше, жеке кәсіпкерлер мен құрылыс компаниялары көп. Олардың түпкі мақсаты – пайда табу. Одан кейін Алматы, Нұр-Сұлтан секілді ірі қалаларда жер қымбат. Жерден бөлек құрылыс заттарының да бағасы шарықтап тұр. Ал құрылысқа қажет заттардың 80 пайызға жуығы шетелдерден келеді. Яғни, Ресей, Қытай, Түркия, Германия және тағы басқа мемлекеттердің нарығынан құрылыс материалдары алынады. Бұл, қымбатшылыққа әкелетін негізі фактор. Баспана бағасын қадағалайтын ұйым жоқ. Үйдің бағасы инфляцияға байланысты болады. Мысалы, инфляция деңгейі 7-10 пайыз болса, үйдің де бағасы сол деңгейде өсіп тұрады. Зейнетақы қорына салымшылардың тек 7 пайызы ғана зейнетақы жинағының бір бөлігін алу мүмкіндігіне ие болып отыр. Дегенмен, олардың барлығы үй алатындай мүмкіндікке ие емес. Өйткені, жеткілікті шегі бойынша ол тізімде артық 100 мың теңгесі барлар да жүр. Сондықтан зейнетақы жинағының бір бөлігіне баспана ала алатындар кемі 2 пайызды құрай алатын шығар деп ойлаймын. Одан өзге «Отбасы банкінің» мәліметінше, салымшылардың басым бөлігі зейнетақы жинағымен банктегі несиесін жапқысы келеді екен. Ал 17 пайызы несиесіз баспана сатып алғысы келсе, 15 пайызы жинағын туысына беруге ниетті. Көріп отырғанымыздай, баспана сатып алуды жоспарлағандар аса көп емес. Сондай-ақ, бұл бір реттік, уақытша акция. Өз кезегінде нарықта қандай да бір дүрбелең тудырады деп ойламаймын. Ал баспана бағасын тұрақты ұстап тұру үшін құрылыс материалдарының басым бөлігін өзімізде шығару қажет. Ипмортқа тәуелді болмау керек. Баспана бағасының мәселесі осында жатыр деп айтар едім.

Сауалнаманы дайындаған Ақбота ЕРБОЛҚЫЗЫ

Комментарий