Бас тақырып | Тема дняЖаңалықтар | НовостиЭкономика

БАҒДАРЛАМА БАСПАНА САТУШЫЛАРҒА ТИІМДІ

БІР АЙ БҰРЫН МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ЗЕЙНЕТАҚЫ ЖИНАҚТАРЫНЫҢ БІР БӨЛІГІН ТҰРҒЫН ҮЙ ЖАҒДАЙЫН ЖАҚСАРТУ ҮШІН ПАЙДАЛАНА АЛАТЫН ҚҰЖАТҚА ҚОЛ ҚОЙДЫ. «ОТБАСЫ БАНК» АРНАЙЫ ШОТ АШУҒА ЛИЦЕНЗИЯ АЛЫП, КІМ ҚАНША АҚША АЛУҒА МҮМКІНДІГІ БАРЫ МӘЛІМ БОЛДЫ. АЛДЫН АЛА ЕСЕПТЕУЛЕР БОЙЫНША, 721 МЫҢ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ЗЕЙНЕТАҚЫ ҚОРЫНДАҒЫ ЖИНАҚТАРЫНЫҢ БІР БӨЛІГІН МАҚСАТТЫ ТҮРДЕ ПАЙДАЛАНА АЛАДЫ. ЕНДІ БАҒДАРЛАМА БАСТАЛСА, БАСПАНА БАҒАСЫ ҚАНДАЙ БОЛМАҚ?

Сарапшылар құжат қолданысқа жіберілмей тұрғанда-ақ зейнетақы қорындағы қаражатты жылжымайтын мүлік сатып алу үшін пайдаланса, нарықтағы тұрғын үй 30%-ға қымбаттауы мүмкін екенін ескерткен.Олардың пікірінше, бірінші кезекте Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтау мен Атырау қалаларында тұрғын үй бағасы көтеріледі. Жинақталған қаражаттың бір бөлігін алуға мүмкіндігі бар азаматтардың шамамен 80%-ы тұрғын үй проблемаларын шешуге тырысады. Осы орайда бағдарламаның қызығын сатушылар көретін сыңайлы. Өйткені, бүгіннің өзінде Алматыдағы бір бөлмелі пәтерлер 20 миллионнан бастап бағаланып отыр. Ал елордада бір бөлмелі пәтерлердің алғашқы құны 11 миллионнан басталады. Алайда AERC консалтингтік қызмет департаментінің мамандары бұл үдеріс ұзаққа созылмайтынын айтады.Эконом санатындағы тұрғын үй бағасы аз ғана уақытқа қымбаттап, қайта түседі. Себебі, тұрғын үй бағасының қымбаттауы ипотека рәсімдеу кезінде алғашқы жарна мөлшерінің өсуіне алып келіп, жинақтан алынған қаражат несие рәсімдеуге жеткіліксіз болады.
«Егер пәтер бойынша орташа есеппен бір мәміле 14 миллион теңгені құрайтын болса, онда 1,4 триллион теңге нарық үшін қосымша 100 мыңға жуық пәтерді құрайды. Бұл өте үлкен мәмілелер», – дейді экономист Арман Байғанов. Дегенмен риэлторлар үй бағасының айтарлықтай қымбаттамайтынын, ары кетсе 5-10%-ға көтерілетінін айтады. «Меншікті бағалау» талдау департаментінің директоры Анна Шацкая үй бағасының қымбаттауына бағдарламаның ешқандай қатысы жоқ деп отыр. «Жылжымайтын мүлік нарығы былтыр да елеулі күйзелістерді бастан кешірді. Төтенше жағдай кезінде де сатушылар үйлерін қымбатқа бағалады. Жер телімдері бар жеке меншік үйлерді сатып алушылардың үлесі артты. Бұл әсіресе жаз айларында байқалды.Қазір біртіндеп қалпына келтіру жүріп жатыр», – дейді департамент директоры. Ал құнға келсек, қымбат тұрғын үйдің (элит – және бизнес – сыныптар) орташа құны жыл басынан бері 3.3% төмендеген.Сондықтан көптеген қалалардағы бағалар тұрақты болып қала береді. Былтыр жаңа үйдің бағасы 5%, қайталама нарықтағы баға 13,2%-ға өссе, ипотекалық қарыздар мөлшері 27,8%-ға артқан. Биыл қымбат тұрғын үй сегментінде төмендеу үрдісі сақталса, ал қалған сыныптар тоқсанына 2-3%-ға қымбаттауы мүмкін. Бұл тұрғын үйге қолжетімділікті кеңейтуге бағытталған «Баспана Хит», «7-20- 25», «Нұрлы жер», «Әскери баспана», «Бақытты отбасы» және «Өз үйім» бағдарламаларының
дамуына байланысты болмақ. BI Group компаниясының сарапшысы Дәурен Әйткенов жылжымайтын мүлік бағасына жинақтағы ақша емес, елдегі эпидемиологиялық және карантиндік шаралар әсер етеді деп санайды. «Нұр-Cұлтан қаласының бастапқы нарығында бір шаршы метрдің орташа құны – 340, Алматыда – 460 мың теңге. Баға белгілеуге әсер ететін негізгі факторлар: сұраныс, ұсыныс, қаржы құралдары және өзіндік құн. Соңғысының өсуі доллар бағамының өсуіне, импорттық материалдарды жеткізу проблемаларына және арнайы экономикалық аймақта корпоративтік кіріс есебіне байланысты. Бүгінгі таңда үй салу кезіндегі импорт үлесі шамамен 30-40% құрайды. Бұл өз кезегінде бағалар мен жоғары сұранысқа
әсер етеді. Дегенмен, жаңа ипотекалық бағдарламалар, зейнетақы жинақтарын пайдаланудың алдағы мүмкіндігі де тұрғын үй бағасының қызуына әкеледі. Меніңше, Нұр-сұлтан мен Алматыда шаршы метр құнының өсуі 7-10% шегінде болуы мүмкін. Біз өз респонденттеріміздің арасында сауалнама жүргізгенде 44%-ы зейнетақы жинақтарын жылжымайтын мүлік сатып алуға салуға дайын екенін білдік. Бұл шамамен 180 мың адам. Тағы 25%, шамамен 100 мың адам қолдағы ипотеканы өтеуге дайын. Ал енді осындай сұраныстың артуы құнның өсуіне әкеледі. Жаңа ғимараттарды сатып алушылар негізінен орташа ауданы 70 шаршы метрді құрайтын жайлылық класын таңдайды. Бұл баға мен сапа арасындағы оңтайлы мүмкіндік. Нұр-Сұлтанда ауданы 40-60 шаршы метр 1-2 бөлмелі пәтерлер ең жоғары сұранысқа ие. Несиелеудің негізгі үлесі осы сегментке тиесілі болғандықтан, бағдарламалардың талаптарына сәйкес келеді. Ал бизнес және премиум класты пәтерлерді сату тұрақты болып қалады», – дейді Дәурен Әйткенов.
Dana Holdings халықаралық холдингінің даму жөніндегі директоры Вячеслав Лазарев республикалық маңызы бар қалаларда тұрғын үй құны әлі де ұлғаюы мүмкін деп санайды. Бірақ
бұл зейнетақы қаражатын пайдалануға ешбір қатысы жоқ. Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Әділ Құсманов: «Ипотекалық кредиттеу нарығына нақты әсерді бағалау қиын, алайда елімізде БЖЗҚ-ға шамамен 10 млн салымшының бар екенін, оның ішінде 3 млн-нан астамының өз шоттарында 1 млн теңгеден астам теңгесі бар екенін ескерсек, тұрғын үйді кредитке сатып алу саны артады деп болжауға болады. Сондықтан мұндай тетіктерді енгізу мұқият пысықтауды талап етеді», – дегенді айтады.

Раушан ТАНАБАЕВА, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
Үйдің бағасы зейнетақы жинағындағы ақшаны алуға байланысты қымбаттады деп ойламаймын. Өйткені, былтырдан бері үй қарап жүрміз. Байқағаным, жыл сайын жылжымайтын мүлік бағасы әскерилердің баспана алатын бағдарламасы басталғанда күшіне енеді. Одан кейін үкіметтің жасаған бағдарламалары басталғанда одан ары үдей түседі. Екіншіден,егер осы бағдарламаға байланысты тұрғын үй қымбаттаса, оның зардабын қарапайым халық көреді. Өйткені, әлгі қордағы ақшасын алуға мүмкіндігі бар лар – Үкімет басындағы миллиондап ақша құйғандар. Біз секілді қарапайым адамдардың зейнетақысы шекті бағаға жетпейді. Жолдасым әскери адам. Оның да зейнетақысында жетіскен қаражат жоқ. Өйткені, ЭКСПО салатын кезде әскерилердің зейнетақы шотындағы 50 пайыз соманы алып қойды. Егер сол соманы қайтарып бергенде үй алуға үлкен көмек болар еді. Біз де осындай бағдарламаға қатысып, үй алғымыз келеді. Көптен бері қаланың сырт жағынан, Алматы ауданындағы үй бағасын қарап жүрмін. Өткен жылдың соңындағы баға айтарлықтай өзгермеген. Ауданы мен жөндеу жұмыстарының сапасына байланысты бағасы өскен.

Айдын, риэлтор:
Осы жобаны енгізу туралы талқыланып жүрген кезде-ақ жылжымайтын мүліктердің иелері «баға әлі де өседі» деген үмітпен үйлерін сатылымнан алып тастады. Заң іске асқан кезде банктер арқылы рәсімделетін көп пәтерлер бағаларын аспандатып жіберді. Жаңа үйлер емес, бұрын салынған ескі үйлердің бағасы өсіп кетті. Жақын арада бітірген тұрғын үйлердің де бағасы қымбаттамаса, арзандаған жоқ. Мысалы, Бостандық ауданында сатушылар үйлерінің бағасын 3-5 млн-ға дейін көтеріп жіберді. Кейбіреулері 10 млн, енді біреулері тіпті 20 миллионға дейін шарықтатты. Енді бірі, үй бағасын 10 пайыздан бастап жәймен көтерді. Шынын айтайын, сатушылардың арасында пәтерлерін бастапқы бағадан 50 пайызға дейін бағалағандар бар. Бұрын үйін сата алмай жүрген адамдардың көбісі сатып алушылардың көптігін көріп, «сатпаймыз» деген сылтаумен уақытша күте тұруға шешім қабылдады. Пайда көріп қалушылар қатары көбейіп кетті. Жаңа заңнамадан соң енді салынған тұрғынүйлердегі баға да қымбаттады. Халықтың көбінің ондай үйлерге шамасы жетпейді. Сосын әлгіндегідей бұрыннан сатылымдағы ескі үйлерге келеді. Сол зейнетақы қорындағы ақшаны тұрғынүй алуға жұмсауға көбісінің қаражаты жеткіліксіз. Сол себептен сұраныс әзірге ескі үйлерге жоқ. Алайда ол үйлердің сатушылары бағаны түсірмей отыр.Ал жаңа салынып жатқан тұрғынүйлердің талаптары өте қатал, сондықтан қарапайым халықтың оған мүмкіндігі жоқ. Үкімет осы жобаны енгізгенде бағаны да тұрақты ұстап тұрудың тетігін табу керек еді. Енді міне,бағаны бақылауда ұстай алмай қалдық. Сатушылар өз пәтерін өзі бағалайды.

Жадыра МҮСІЛІМ

Комментарий