Жаңалықтар | НовостиЭкономика

ӨТЕМАҚЫ КӨЛЕМІ – 5 МИЛЛИОН

Ақтөбеде айып тағылып, кейін ақталып шыққан аудан әкімінің орынбасары мемлекеттен барлығы 5 млн теңгеден астам қаржы өндіріп алды.

Тергеу органдары Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы әкімінің орынбасары Ғалым Қобландинге Қылмыстық кодекстің 362-бабының 4-бөлігі бойынша (Билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану) айып таққан еді. Шенеунік мектеп басшыларынан Ұлттық тестілеу орталығынан келген комиссия мүшелеріне ақша жинады деген күдікке ілінді.
Алайда сотта бұл айып дәлелденген жоқ. Тергеу кезінде мектеп директорларының өз бастамасымен ақша жинағаны белгілі болды. Ақталып шыққан шенеунік Қаржы министрлігін сотқа берді. Ол заңсыз қылмыстық қудалауға ұшырағаны үшін 1,5 млн теңге өтемақы талап етті. Сотта Ғалым Қобландин өзіне айып тағылғаннан кейін 1 жылдан астам уақытқа қызметінен шеттетілгенін айтты. Тек сот үкімі заңды күшіне енгеннен кейін ғана жұмысына қайта кіріскен. Әрі мемлекеттік қызметші сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқан кезде 4 ай бойы тергеу изоляторында отырған. Аудан әкімінің орынбасары қамауда отырған кезде өз отбасының тек моральдық тұрғыда ғана емес, материалдық тұрғыда зардап шеккенін айтты. Өйткені
оған жалақы төленбеген, жолдасы да бала күтіміне байланысты декреттік демалыста болған. Сол себепті балаларға азық-түлік пен киім-кешек, оқу құралдарын алуға, ай сайын 83
мың теңге ипотекалық несие төлеуге қаржы болмаған. Әрі өзін ауыр қылмыс үшін айыптағандықтан, эмоционалдық және рухани жағдайына әсер еткен. Сол себепті ол Қаржы министрлігінен моральдық залал мен жалақы түріндегі жоғалған пайдасын өндіруді талап етті. 28 қаңтар күні Мұғалжар аудандық соты азаматтық талап-арыз бойынша шешім шығарды. Айта кетелік, ақталып шыққан шенеунік Мұғалжар ауданы әкімінің орынбасары қызметіне қайта кірісті. Ол аудандағы ішкі саясат, білім, денсаулық сақтау, қоғамдық ахуал, халықты әлеуметтік қорғау, жұмыспен қамту және т.б. мәселелермен айналысады.
Жансая ЕСМАҒАНБЕТОВА,
АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫ

Комментарий