Жаңалықтар | НовостиҚоғам | Общество

АЙЫППҰЛДЫ АЯМАЙДЫ, ЖАҒДАЙЫҢА ҚАРАМАЙДЫ

Ауыл мен қала, көше мен дала. Қайда жүрсеңіз де маска тақпасаңыз қиын боп тұр. Карантин талабының сақталуын қадағалайтын мониторингтік топтар айыппұлды аямай салуда. Бұл, әсіресе, аядай елді мекенде төрт түліктің сүмесін тіршілік көзі етіп отырған тұрғындар үшін қорғасындай ауыртпалық түсіреді. Жер жаһанды жалмаған жұқпалы дерттің жолын бөгеу үшін еліміздің әр өңірінде эпидемиялогиялық жағдайға байланысты карантиндік шектеулер енгізілуде. Бағдаршам түстеріндегі «жасылдан» – «сарыға», «сарыдан» – «қызыл аймаққа» бірінен соң бірі, алай да бұлай өтіп жатыр. Ендігі айтпағымыз – мониторингтік топтардың жұмысы.
Редакцияның тынымсыз телефоны тағы да шыр ете түсті. Қоңырау соққан – Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданы Қалбатау ауылының тұрғыны екен. «Ауылдарды аралап жүрген мониторингтік топтар айыппұлды оңды-солды салуда. Маска тақпай тұрғаныңды көрсе әй-шәйға қарамай хаттама толтырып жібереді. 3 ақпан күні Қалбатауда магазинде, мектепте, көшеде жүрген адамдарды түгел тексерді. Маска тақпаған 4 кісіге 85 мың теңге айыппұл салғанына өз басым куә болдым. «Бір аптаның ішінде төлесеңіздер 42 500 теңге» деп қояды өздері. Бұл масқара ғой! Күнді-күнге әрең жалғап отырған ауыл халқы үшін 42 мың тұрмақ, 5 мың теңгенің өзі үлкен ақша. Коронавируспен күресетін басқа амал қалмағандай, қарапайым тұрғындарды қыспаққа алуға көшкен бе?!», – деді наразылығын білдірген Гүлжайна Асылжанова (аты-жөні өзгертілген). Анық-қанығын білу үшін облыстық Санитариялық-эпидемиялогиялық бақылау департаментіне хабарластық. Департаменттің жұртшылықпен байланыс жөніндегі бас маманы Бағлан Тауанова аудандарда мониторингтік топтардың жұмыс істеп жатқанын растады.
«Карантин талаптары бәріне бірдей. Бұл жерде ауыл немесе қала деп бөлінбейді. Елді мекендерде де тығылып той өткізу фактілері жоқ емес. Сол үшін мониторингтік топтар шектеулердің сақталуын жіті бақылауға алған. Адам көп шоғырланатын қоғамдық орындарда, оның ішінде дүкенде, дәріханада, көшеде масқа тағу – міндет. Жеке көлікте бір отбасы мүшелері ғана болса онда тақпауға рұқсат етілген. Егер таксиге отырсаңыз, онда жүргізуші де, сіз де маска тағуға тиіссіздер», – деп түсіндірді ол. Айта кетейік, бүгінде Шығыс Қазақстан облысы аумағында 176 мониторингтік топ жұмыс істеуде. 2021 жылдың 1 қаңтары мен 3 ақпаны аралығында өңір бойынша 1407 рейд жүргізіліп, 3249 нысан қамтылды. 567 мекемеде заңбұзушылық анықталған. Соған орай ӘҚБтК-нің 425-бабы 1-бөлігі бойынша 14 млн теңгеден астам айыппұл салыныпты. Оның ішінде 261 жеке тұлға мен 9 кәсіпкер айыппұл арқалаған.
Талғатжан МҰХАМАДИЕВ.
ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ

Комментарий