Жаңалықтар | НовостиҚоғам | Общество

МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕК КӨҢІЛ КӨНШІТПЕЙДІ

ҚР Конституциясының 1-бабы бойынша адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары оның ең қымбат қазынасы. Алайда, мемлекет өзінің ең қымбат қазынасын қорғауға, оның денсаулығын сақтау үшін тегін медициналық көмекпен қамтамасыз етуде – әлемде ең соңғы орындардың бірін иеленіп отыр.

Сөзіміз дәлелді болу үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) 2020 жылдың қаңтар айында жарияланған Денсаулық сақтау саласы шығыстары бойынша әлем елдері рейтингіне жүгінейік. Қазақстанның онда ішкі өнімінің (ЖІӨ) денсаулық сақтау саласына шығыстары бойынша 187 елдің ішінде 174-орынға жайғасқан. Яғни Қазақстан Индонезия, Конго, Эритрея, Пакистан, Ангола, Габон, Катар, Лаос, Папуа-Жаңа Гвинея, Бруней, Бангладеш, Монако, Венесуэладан ғана алда тұр. 2030 жылға дейін әлемнің ең дамыған – 50, ал 2050 жылға дейін – 30 елінің қатарынан табылуды өзіне стратегиялық мақсат етіп қойған Қазақстан 2019 жылы денсаулық сақтау саласына ЖІӨ-нің 3,1 пайызын ғана жұмсаған. Бұл көрсеткіш жағынан әлемде 1 орынды Тувалу мен АҚШ (17,1 %) елдері иеленіп отыр. Еуропа мен Азиядағы дамыған елдерді былай қойғанда көршілеріміздің де жағдайы бізден бірнеше есе тәуір. Мәселен Иран – 41 (8,7%), Тәжікстан – 71 (7,2%), Түркменстан – 79 (6,9%), Әзербайжан – 82 (6,7%), Өзбекстан – 93 (6,4%), Қырғызстан – 96 (6,2%), Ресей – 121 (5,3%), Қытай – 124 (5,2%) орында тұр. Біздің үкімет пен құзырлы министрліктегілер ДДҰ-ның бұл рейтингін білсе де, білмеген-көрмеген кейіп танытып, көп жағдайда өзге халықаралық ұйымдардың медициналық қызмет деңгейі рейтингін алға тартып, сонымен өзін де, өзгені де жұбатуға тырысады. Мәселен, қалалар мен елдер туралы әлемдегі ең ірі мәліметтер қоры саналатын Numbeo-ның 2020 жылдың ортасында жарияланған медициналық қызмет деңгейі статистикасы бойынша Қазақстан 90 елдің ішінен бір жылдың ішінде 82-ден 53-орынға көтерілген.
2019 жылы Үкімет қаулысымен «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2020–2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» қабылдаған кезде, елдегі қалыптасқан ахуал біршама ашық айтылды. Атап айтқанда, 2018 жылы 0-35 жас аралығындағы әрбір үшінші өлім сәби жастағы балаларда болғаны, бір жасқа толмаған балалардың өлімі бірінші орында, жасөспірімдер өлімі (15-19 жас) екінші орында, 5 жасқа дейінгі балалардың өлімі үшінші орында болғаны айтылды. Қазақстанда 248 мыңнан астам медицина қызметкері бары, оның 73 мыңдайы дәрігер, 175 мыңнан астамы орта медицина қызметкері екені, 10 мың адамға шаққанда дәрігерлермен қамтамасыз ету 39,6-ны, орта медицина қызметкерлерімен қамтамасыз ету 95,5-ті құрайтыны айтылды. Қалалық және ауылдық денсаулық сақтау мекемелерінің арасындағы кадрлармен қамтамасыз етудегі теңгерімсіздік де жасырылған жоқ. Әлемдік медицинаның дамуында 1978 жылы Алматыда қабылданған ДДҰ-ның медициналықсанитариялық алғашқы көмек (МСАК) декларациясының орны ерекше. Тіпті 2018 жылы Астанада ДДҰ мен ЮНИСЕФ мерейтойлық конференциясын өткізіп, МСАК жөніндегі Астана декларациясы да қабылданды. Сондай-ақ, 2019 жылғы 1 маусымнан бастап денсаулық сақтау қызметкерлерінің жалақысы 30%-ға ұлғайып, 2019 жылы мемлекеттік медициналық ұйымдар 100% шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорын нысанына ауыстырылды. Алайда, үміт ақталды деу әзірге қиын боп тұр. Оны елдегі медициналық қызмет сапасына қатысты тұрғындардың түрлі мекемелерге жолдаған арыз шағымдары мен әлеуметтік желілердегі жазбаларынан да байқауға болады.
Егер төтенше қиын жағдайда болмасаңыз сіз денсаулық сақтау қызметіндегі қай маманға болса да қаралу үшін алдымен кезекке жазылуыңыз керек, бұл кейде, күн-апта тұрмақ, айға созылып кетеді. Өйткені маман аз, бары жұмыс күнінің белгілі бір сағаттарында ғана келушілерді қабылдай алады. Қалған уақытта басқа жерлерде қосымша жұмыс жасауға кететінін өздері де жасырмайды. 2017 жылдан бері МӘМС-қа қаражат жинақталуда. 2018 жылдан бастап Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) шеңберінде медициналық көмекті стратегиялық сатып алушы рөлін атқаруда. Алайда, емхана мен ауруханалардағы кезек әлі азайған жоқ. Ондағы қызмет сапасына көңілі толмағандар еріксіз ақылы мекемелерге жүгінуде. Себебі, қажетті маманның қарауына жазылу үшін алдымен терапевтке кезек алуың керек, ол содан кейін келесі маманға жолдама береді. Бұл жерде де кезек күтуің керек. Одан кейін кейбір медициналық мекемелерде бірқатар мамандық иелері жетіспейтіндіктен, бәрібір ақылы қызмет көрсететін мекемелерге баруға тұра келеді. Сонымен ауруыңды одан ары асқындырып алудан бөлек, оған келесі бір ауруларды жамап алу қаупі бар. Мұндай жағдайлардан кейін мемлекеттің құндылығы саналатын әрбір адамның денсаулығын байлық ретінде қорғауға өзінен басқа ешкімнің жауапты еместігін, тіпті оған кепілдік де бере алмайтынын аңғару қиын емес. Өйткені, денсаулық сақтау саласын дамытудың 2020–2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бойынша ауыл халқының медицина қызметкерлерімен қамтамасыз етілу деңгейі 10 мың ауыл тұрғынына шаққанда 2021 жылы – 85,9; 2025 жылы – 92,9-ды құрамақ. Пациенттердің медициналық көмектің сапасына қанағаттануы 2021 жылы – 54%, 2025
жылы – 65% болмақ. ЖІӨ-ден денсаулық сақтауға жұмсалатын жалпы шығыстардың үлесі 2021 жылы – 4,2 %, 2025 жылы – 5 %-ға жетпек. Ал МӘМС есебінен денсаулық сақтауға жұмсалатын шығыстар үлесі 2021 жылы 7,5%, 2025 жылы 13,6 %-ды құрамақ. Яғни мемлекеттің денсаулық сақтау саласын дамытуға жұмсайтын қаржысы қанша қомпайтып айтқанмен, дамыған елдердің көрсеткішіне жетпек тұрмақ, маңайламайтынын ешкім жоққа шығармайды.

Нұргүл ӨТЕБАЕВА, медицина ғылымдарының докторы:
– Кепілдендірілген тегін медициналық қызмет сапасына өзге түгілі, менің де көңілім толмайды. Қаралу үшін есіктен-есікке кіріп, түрлі анализ тапсырып жүргенде науқастардың ауруы одан ары асқына түсуде. Қазіргі медицина – көмек күткен адамды емдеуге емес, ақша табудың жолына айналып кеткендей. Алғашқы медициналық көмек көрсетудің орнына есік жағалатуды өз басым ақылға сыймайтын жағдай деп санаймын. Мұндай жағдайдан кейін тегін медициналық қызметтің өзі бірнеше есіктен кейін қалай ақылы болып кеткенін түсіне алмай дал боласыз. Үкімет түк істемей отыр деуге де болмайды. Түрлі операцияларға квота беріліп жатыр. Алайда оның қалай бөлінетіні әлі де толық айқындалмаған. Бұрын көмек сұрап келген адамның ауырған органын өте қауіпті болмаса дәрігерлер сақтап қалуға барынша күш салатын. Қазір онсыз да мүсәпір халдегі науқасты одан сайын қорқытып, кесіп, тіліп, алып тастауға асығады. Содан кейін қайда барсаңыз да биологиялық белсенді қоспаларды мақтап, келсін-келмесін барлық жерде тықпалауда. Оның орнына бірқатар жағдайларда сан ғасырлар бойы ата-бабадан жалғасып келе жатқан халықтық емдеудің сыннан өткен шөптен және тағы басқа да табиғи шикізаттан жасалатын дәрі-дәрмектерін қолдануға әбден болады. Алайда медицина бизнеспен астасып кеткен жерде, оған ешкім көңіл аударғысы келмей жүр.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті»

Комментарий