Жаңалықтар | НовостиҚоғам | Общество

СКРИНИНГ ОБЫРДЫҢ АЛДЫН АЛАДЫ

4 ақпанда Халықаралық обырға қарсы одақтың (UICC) бастамасы бойынша Дүниежүзілік обырға қарсы күрес күні атап өтіледі. Қазақстанда жыл сайын 36 мыңға жуық жаңа қатерлі ісік ауруы тіркеледі. Бүгінгі таңда диспансерлік есепте 180 мыңнан астам онкологиялық науқас тұр. Жыл сайын онкологиялық аурулардан 14 мың адам өмірімен қоштасады.

Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты (ҚазОжРҒЗИ) басқарма төрайымы, Денсаулық сақтау министрлігінің бас онкологы Диляра Қайдарованың айтуынша,республикамызда сүт бездері, өкпе, тоқішек, жатыр мойны мен асқазан обырлары кеңінен тараған. Бүгінгі таңда еліміз бойынша онкологиялық диспансерлік тіркеуде 180 мың адам тұр. Олардың көпшілігі Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Түркістан облыстары мен Алматыдан екен. Ресми мәліметтерге сүйенсек, өткен жылы 36 345 адам обыр дертіне
шалдықса, онкологиялық аурулардан шамамен 14060 адам көз жұмған. Соның ішінде тек жатыр мойны обырынан 600-ге жуық әйел өмірімен қоштасқан. Қазақстандықтар үшін онкологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеу тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне кіреді және оны мемлекет толық қаржыландырады.

СКРИНИНГ ПЕН ЕМДЕЛУ ТЕГІН
Мамандардың тұжырымдауынша, онкологиялық ауру енді басталған кезде емделсе, дәрі-дәрмекпен-ақ құлан-таза жазылуға мүмкіндік бар. Ол үшін адамдар еш жері ауырмаса да, емханаға келіп, алдын ала тексеруден (скрининг) өтуі тиіс. Осы орайда онкоскринингтің және емделудің кез келген уақытта қолжетімді және тегін жүргізілетінін айта кеткен абзал. Сондай-ақ, қатерлі ісік бар деген күдік туған жағдайда пациенттерге тегін КТ мен МРТ жасалады. Диагноз неғұрлым ерте анықталса, науқастың қатерлі дерттен сауығып, өмірін сақтап қалу мүмкіндігі соғұрлым арта түспек. Ең көп таралған қатерлі ісік түрлерін ерте анықтауға арналған онкоскринингтерді тұрғылықты немесе тіркелген жері бойынша емханалардан
өтуге болады.Атап айтсақ, сүт безі қатерлі ісігінің скринингіне 40-70 жас аралығындағы әйелдер екі жылда бір рет өтіп тұрулары тиіс. Жатыр мойны қатерлі ісігінің скринингінен 30 жастан 70 жасқа дейінгі әйелдерден 4 жылда 1 рет тексеріліп тұру талап етіледі. Тоқішек пен тікішектің (колоректальды) қатерлі ісігінің алдын алу үшін 50-70 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер екі жылда бір рет скринингтен өтуі қажет.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРҒА ҮНДЕУ
Көп жағдайда науқастар дер кезінде қаралмағандықтан, ауруды асқындырып алып, аяғы қайғылы жағдайға әкеліп жатады. Осы орайда биыл еліміздегі эстрада жұлдыздары, танымал тележүргізушілер мен блогерлер қазақстандықтарға үндеу жолдады. Олар халықты міндетті түрде тегін онкоскринингтен өтуге шақырады. Танымал адамдар ҚР ДСМ бас онкологы Диляра Қайдарованың бастамасымен түсірілген әлеуметтік бейнероликке қатысты. Қазақстандық онкологтардың акциясын Роза Рымбаева, Толқын Забирова, Баян Мақсатқызы, Жеңіс Ысқақова, Рүстем және Алинур Нұржігіт, Айгүл Мүкей, Сағынай Абдулин, Айбек Жансейітов (Бүркіт), Елена Исаева, Аида Кауменова, Жанна Орынбасарова, Айгүл Бабаева, Аша Матай, Нұрберген Махамбетов және Айсәуле Бақытбек, т.б. қолдады.

ҚАТЕРЛІ ДЕРТКЕ ҚАСҚАЙЫП ҚАРСЫ ТҰРҒАН
Қауіпті кеселге шалдыққан адамдардың көпшілігі психологиялық күйзеліске ұшырап, аурудың алдында дәрменсіздік танытып, ажалға мойынсұнатыны жасырын емес. Алайда өз бойынан қатерлі дертке қарсы тұратын күш тауып, аты жаман ауруды жеңіп шыққан қайсар жандар да жетерлік. Соның бірі – Батыс Қазақстан облысы, Бөрлі ауданы, Ақсай қаласының 78 жасар тұрғыны Жолсары Құсанұлы. – Шынымды айтсам, өмірімде тұмауратып көрген адам емеспін. Ойламаған жерден 1998 жылы ет пен терінің арасында белгісіз ісіктер пайда болды. Дәрігерлер қатерлі ісік деп тапты. Яғни, 2-ші деңгейлі «Саркома Капоши» диагнозы қойылды. Он жеті жыл бойы осы дертпен алысып, дәрігерлердің берген барлық емін бұлжытпай дер кезінде қабылдап отырдым. Аллаға шүкір, соның арқасында дертімнен құлан-таза айығып шықтым. Қатерлі ісікке қарсы емдомдар тоқтатылды. Бес жылдан бері клиникалық бақылаудамын, яғни тек жылына бір мəрте толық тексеруден өтіп тұрамын», – дейді қатерлі дертке қасқайып қарсы тұрған қария. Ақсақал қатерлі дертті жеңуіне медициналық еммен қатар спортпен тұрақты түрде шұғылдануы, əсіресе, суық су құйынуы зор септігін тигізгенін айтады.
– Әрбір таңым суық су құйынумен басталады. Таза ауада жүгіру мен 24 келілік гір тасын көтеру де күнделікті әдетіме айналған. Жүзге дейін жерден тартыламын. Сонымен қатар,
аяғымды алдыма жіберіп, отырған күйімде үш саусағыммен жерден тартыламын (отжимание сидя). Қыста денемді қармен ысқылаймын. Велосипед теуіп, суда жүзуді жақсы көремін.
Шапшаң қимылдап, сергек жүргенім де өмір бойы спортты серік етіп келе жатқандығымнан деп білемін», – дейді өмірге құштар жан. Кез келген ұзақ өмір сүргісі келген адам жүйелі түрде тексеруден өтіп тұруды әдетке айналдырғаны жөн. Өйткені əркімнің өз өмірі – өз қолында!
Айгүл АХМЕТОВА,
«Заң газеті» 

Комментарий