Жаңалықтар | НовостиҚоғам | Общество

КОРОНАВИРУСТЫҢ ЕМІ – ВАКЦИНА

1 ақпаннан бастап елімізде коронавирусқа қарсы вакцинация басталды. Ресейде шығарылған «Sputnik V» вакцинасы алдымен коронавирус инфекциясын жұқтыру және тарату тәуекелі жоғары санаттарға салына бастағаны айтылған. Алайда, дәрігерлер мен жергілікті басқарушы билік өкілдеріне салынып жатқан екпе әлі де болса көпшіліктің күдігін күшейтіп тұр. Ел ішінде індет жаппай тарап, ауруханадан жататын жер таппай, бейіт саны көбейіп, жасанды тыныс алу қондырғысын шекараның арғы бетінен жанталасып тасып, «бас қайғы» болған кезеңде «осы вирустың екпесі қашан шығады екен» деп асыға күткеніміз рас. 1 ақпаннан бастап елімізде коронавирусқа қарсы вакцинация басталды. Ресейде шығарылған «Спутник V» вакцинасы алдымен коронавирус инфекциясын жұқтыру және тарату тәуекелі жоғары санаттарға бастап салынатыны айтылған болатын.

Талдықорғанда вакцина алған медицина қызметкері Sputnik V екпесінен кейін есінен танып қалған. Осыған орай Денсаулық сақтау министрінің орынбасары «Талдықорғанда медицина қызметкерінің талып қалғаны вакцинаның әсерінен емес. Бұл вакцинаға аллергиялық реакция да емес. Медбике вакцинадан қорқатынын мойындады, осыған байланысты оның қан қысымы көтерілген» деп түсініктеме берді. Артынша осы қалада 1 ақпанда 15-ке жуық адам стадионның жанында халықты жаппай вакциналауға қарсы рұқсат етілмеген митинг ұйымдастырып үлгерген. Полиция олардың ішінен 10 адамды ұстап алып кеткен. Сондай-ақ әлеуметтік желіде Таразда жедел жәрдем көлігінде жұмыс істейтін медициналық қызметкерлерді вакцина егуге мәжбүрлеген дәрігердің видеосы тарады. Қазір екпені мәжбүрлеу заңға қайшы екеніне орай бұл іс бойынша тергеп тексеру жұмыстары жүргізілуде. Нұр-Сұлтан қаласында да түрлі түсті киінген бір топ адам Денсаулық сақтау министрлігінің алдына жиналып екпеге қарсы ереуіл ұйымдастырды. Шыны керек, мұндай оқиғалар «айқайға аттан» қосқан басқалардың да екпеге қатысты теріс ойының қалыптасуына ықпал етіп отыр. Заң жүзінде «екпе ерікті» дегенмен, бүгінгі күні індеттің алдын алудың бірден бір жолы вакцинациялау жұмысы екені рас.

Бірақ вакцинациялау жұмыстары жүргізілгелі бері, халықтың QR-код көрсету міндетті болатыны айтылуда. Яғни қазақстандықтар коронавирус бойынша төрт түске бөлініп, азаматтардың түсі олардың коронавируспен ауырғаны және ПТР анализдерінің бар-жоғын анықтайды. Таратып айтар болсақ,  Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесе отырып елдегі эпидемиологиялық ахуал туралы деректерді бақылау және талдау үшін Ashyq қосымшасын іске қосқан. Осы қосымшаның көмегімен   «Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі және денсаулық сақтау министрлігі “Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, карантиндік шаралар өткізу кезеңінде қызметі шектеулі бизнес өкілдері арасында пилоттық сынақ жүргізуде. Мысалы, курорттар, фитнес орталықтар, кинотеатрларға бару үшін QR кодын сканерлеп, ұсынуыңыз қажет. Бағдарлама өз кезегінде қызыл, сары, көк және жасыл күйлер арқылы кез келген адамның індетке қатысты жағдайын көрсетеді. Қызыл түс қозғалыстың шектелуін, амбулаторлық бақылауда тұрған адамдар үшін үйде оқшаулануы керек екенін білдіреді.

Сары – қозғалысты ішінара шектеу. Яғни, адам ПТР базасында вирус жұқтырған тұлғамен байланыста болған деп бекітіледі. Ондай тұлғалар үйінен 500 метр алшақтықта орналасқан азық-түлік және құрылыс дүкендеріне, дәріханаларға бара алады.

Көк түстегі адамдардың қозғалысына шектеу жоқ. Бірақ ПТР тестілеуі қажет жерлерде анықтамасы болуы шарт. Жасыл мәртебе қозғалысқа шектеулер жоқтығын білдіреді және бұл пайдаланушы деректер базасында COVID-19 теріс нәтижесімен ПТР тестілеуден өткен деп көрсетіледі. Яғни ендігі жерде адымыңызды қаншалықты ашуыңыз QR коды көрсеткен түсіңізге қарай анықталады. Қалай десек те, індет уақыт өте қоғамдағы адамдарды түске бөлу арқылы, екпе алуға мәжбүрлейтінін аңғарамыз.

 Осы орайда айта кетер жайт, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексінің 77-бабына сәйкес, кез келген медициналық ем-шара, оның ішінде вакцинация егілетін адамның келісімімен ғана жүргізілетіні айтылады. Қазақстанда вакцинациядан бас тартқаны үшін әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік көзделмеген, кез келген қысым көрсету заңсыз болып табылады. Бірақ қоғамдағы «ала қойды бөле қырқу» әдісі, екпені мойындауға мәжбүр ететінін байқаймыз. Олай болса халықтың көңіліндегі күдігін сейілтіп, екпенің халық денсаулығын сақтаудағы рөлі неге ашық айтылмасқа?! Халық арасындағы түсіндіру жұмыстарын кең көлемде жүргізбей ертеңгі күні 17 млрд. теңгеге сатып алған екпемізді «сасытып алмаймыз ба»?! Екпенің еріктілігін заңмен бекіту кезінде қоғамда көп талас тартыс туындады. Ақырында екпені әркімнің еркіне салдық. Коронавирусты тоқтатып, пандемиядан шығудың бірден-бір жолы – вакциналау екенін анық. Жалғыз каронавирус емес, жылдар бойына тырысқақ, қызылша секілді адам өліміне әкеліп соғатын аурулардан екпенің көмегімен құтылғанымызды ескерсек, екпеге неге сонша теріс қарап, екпені ектіруді әркімнің өз еркіне неге салып қойдық?! Жаппай вакцинациялау арқылы табиғи шешек ауруы да жер бетінен біржола жойылды. Соның бәрін неге насихаттамай отырмыз?! Бүгінгі күні салынып жатқан екпеге қатысты министрлік өкілдері «Қазір бұл вакцина – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы таныған ең үздік 10 вакцинаның бірі. Клиникалық зерттеуден өтіп, жаппай өндіріске жіберілген екпе. КВИ індетіне қарсы тиімділігі – 100%-ға тең. Вакцинаның қауіпсіздік профилі жоғары, кері әсер аз. Адам иммунитетін ұзақ уақыт ұстап тұра алады» деп түсініктеме беруде. Ендеше індеттен шошынып қалған халық оны қуана салдыруға неге құлықты емес? Елге таныс адамдарға ғана салынып, екпе егуді науқаншылдыққа айналдыру халық арасында екпенің инесінің шынайы екеніне, тіпті сол екпенің бар жоғына қатысты күмәннің туындауына себеп болып отыр.

Тіпті екпенің қаншалықты халал дүние екеніне қатысты да дау шықты. Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары, Бас мемлекеттік санитар дәрігер Ерлан Қиясов «Вакцинаның халал, не халал еместігі медицина саласына қатысты емес. Көптеген ислам мемлекеттерінде де вакцинациялау жүріп жатыр. Бұл вакцинаның күрделі жағдайда жасалып шыққанын ескеру керек. Оған қоса, сұраныс пен қажеттілік те басым. Өйткені коронавирустың таралу қаупі әлі де жоғары. Сондықтан вакциналардың халал, не халал еместігі қазіргі уақытта қаралып жатқан жоқ», – десе, «Нұр-Мүбəрак» университеті жанындағы мешіттің бас имамы Қайрат Жолдыбайұлы «Вакцинаның адалдығын дін анықтамайды. Оның адалдығы – адам денсаулығына зиянсыз әрі пайдалы болуы. Ал ол уақыттың, кәсіби мамандардың еншісіндегі дүние. Бұл салаға тікелей дінді араластыру қате», – дейді. Бүгінгі күні екпеден ілік іздеп отырған көпшіліктің күмәнін сейілту үшін ел ішінде насихаттау жұмыстарын кеңірек жүргізу қажеттілігі сезіледі.

Екі күн ішінде 5 мыңнан астам медицина қызметкері  вакцинациядан өткен. 15 ақпаннан бастап, вакциналау процесіне Қарағанды фармацевтикалық кешенінің базасында өндірілген Гам-КОВИД-Вак вакцинасы қосылады. Ал 2021 жылдың 2 тоқсанынан бастап вакциналау процесіне отандық – QazCovid-In препаратын қосу жоспарланып отыр. Бұл вакцина қазіргі уақытта клиникалық сынақтың 3-кезеңінен өтуде. Бірінші кезеңде жұқпалы аурулар ауруханаларының, жедел медициналық көмек, реанимация, МСАК, қабылдау бөлмелерінің медицина қызметкерлері, санэпидқызмет мамандары егіледі. Екінші кезеңде жалпы білім беретін мектептердің, жоғары оқу орындарының педагогтары, бірінші кезеңге кірмеген медициналық қызмет мамандары вакцинацияланады. Үшінші кезеңде  мектеп-интернаттардың, мектепке дейінгі мекемелердің педагогтары, студенттер мен созылмалы аурулары бар адамдар қамтылады деп күтілуде. Бәлкім шекара асып келген екпеге күмәнмен қарап отырғандар өз елімізде жасалған екпеге сенер? Осы орайда айта кетер жайт, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қазақстандық QazCovid-in вакцинасын салдыруды жоспарлап отырғанын айтқан болатын. Сондай-ақ Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та коронавирусқа қарсы қазақстандық вакцинаны салдыратынын мәлімдеген еді. Бүгінгі күні салынып жатқан екпеге орай маман пікірлерін де білген едік.

Айгүл Байғазықызы, Алматы қаласы №10 емхананың терапевті:

– Рас, екпе ерікті екен деп, қазір одан бас тартатындар көбейіп барады. Кейбір ата аналар екпеден соң баланың аздап мазасынданатынына да шошып қарайды. Оның қалыпты жағдай екенін қанша айтсақ та мазасызданып кетеді. Негізі екпе салынар алдында ағза толықтай сау болса, екпенің кері әсері төмен болады. Вакциналауды бастаған Сингапур билігі мамандарға екпені ерекше ептілікпен салуды қатаң ескертті. Яғни екпе салынар алдында денсаулық жағдайын тексеріп алу керек. Таратып айтар болсам, вакцинация жүргізер алдында дене температурасы өлшенеді, жүрек жиырылуының жиілігін, артериялық қысымды өлшеу, тыныс алу және жүрек-қантамыр жүйесін және жұтқыншақты тексеру шаралары жасалады. Егер температура 37°C-тан асса, вакцинация кейінге қалдырылады. Ресейлік Спутник V вакцинасы бойынша қарсы көрсетілімдер: анамнездегі ауыр аллергиялық реакциялар, жүктілік және бала емізу кезеңдері, 18 жасқа дейінгі балалар және 65 жастан асқан қарттарға болмайды деп көрсетілген. Бауыр мен бүйректің созылмалы ауруы барларға, қант диабеті сынды эндокриндік жүйенің айқын бұзылысы байқалғандарға сақтықпен қолдану қажет. Қан түзілу жүйесінің ауыр сырқаттарында, эпилепсия, инсульт және орталық жүйке жүйесінің басқа ауруларында, жүрек-қантамыр жүйесі дерттерінде, бастапқы және қайталама иммун тапшылығы мен аутоиммунды, сондай-ақ, демікпе және созылмалы обструктивті өкпе ауруларында сақтық таныту қажет.

Диабетпен және метаболикалық синдром, атопия мен экзема аллергиялық реакциялары, сондай-ақ қатерлі ісік, қатерлі қан аурулары бар науқастарға вакцина саларда ағза жағдайын жекелей қарастыру керек. Яғни, бұл жағдайлар абсолютті қарсы көрсетілімдерге жатпайды және вакциналау кезінде әр науқастың жағдайына қарай байланысты дербес тағайындалуы тиіс. COVID-пен ауырып сауыққаннан кейін вакцинация 6 айдан ерте жүргізілмеуі қажет. “Спутник V” вакцинасынан кейін иммунитет екі жылға сақталады. Екпе салдырмау салдарынан індет өршіп кету оқиғалары бұған дейін талай рет кездесті. Мәселен 1873-1874 жылдары Стокгольмде діни себептерге байланысты қарсылық танытып, вакцинациялауды толық жасатпағаннан табиғи шешек эпидемиясы басталып кеткен. ТМД елдерінде де 1990-1999 жылдары екпеге қатысты қарсылықтан соң  дифтерия ауруы өршіп кетті. Шыны керек қазір алдымызға келіп, екпеден бас тартып кететіндер көбейді. Оларға өз баласының денсаулығы үшін екенін түсіндіре бастасақ, «екпе салу еркінде» екенін айтады. Бұл бізді екі оттың ортасында қалдырған жағдай болып отыр.

Қуаныш ӘБІЛДӘҚЫЗЫ

 

Комментарий