Елең еткізер | АктуальноСаясат | Политика

Сайлау аяқталды: қанша қазақстандық дауыс бергені белгілі болды

Қазақстанның барлық өңірінде кезектен тыс президент сайлауында дауыс беру аяқталды. Қазіргі уақытта еліміздегі барлық сайлау учаскесінде дауыс беру аяқталды. Учаскелік сайлау комиссиялары қазір дауыстарды санауға кірісті. Сайлау учаскесінде дауыстарды санау уақыты санау басталғаннан кейін он екі сағат ішінде аяқталуы тиіс. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың сайлау комиссияларының ұсынған мәліметіне сәйкес, 2019 жылғы 9 маусымда тізімге енген сайлаушылардың 77,4 проценті сайлау бюллетенін алды.Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Оның ішінде:

  • Ақмола облысы бойынша – 83,4%
  • Ақтөбе облысы – 84,9%
  • Алматы облысы – 89%
  • Атырау облысы – 71,2%
  • Шығыс Қазақстан облысы – 84,9%
  • Жамбыл облысы бойынша – 81,3%
  • Батыс Қазақстан облысы – 66,3%
  • Қарағанды облысы – 77,3%
  • Қызылорда облысы – 81,6%
  • Қостанай облысы – 84,1%
  • Маңғыстау облысы – 68,9%
  • Павлодар облысы – 81,2%
  • Солтүстік Қазақстан облысы – 79,8%
  • Түркістан облысы – 84,8%
  • Нұр-Сұлтан қаласы – 68,9%
  • Алматы қаласы – 52,2%
  • Шымкент қаласы – 67,6%.

Орталық сайлау комиссиясы президент сайлауында сайлаушылардың дауыс беруге келуінің алдын ала қорытындысын шығарды.

Выборы в Казахстане
Қазақстандықтардың 77, 4 %- і кезектен тыс президент сайлауында дауыс берді

Айта кетсек, сағат 10:00-дегі жағдай бойынша Қазақстанда сайлаушылардың 12,8 % дауыс беруге келген. Ал 12:00-ге қарай қазақстандықтардың 35,1%-і өз таңдауын жасады. 14:00-де дауыс берген азаматтар саны 51,8%-ке жетті. 16:00-тегі мәлімет бойынша сайлаушылардың 65,9 проценті бюллетень алды. Ал кешкі сағат 18:00-ге қарай қазақстандықтардың 72,9%-і дауыс берді. 20:00-де сайлау бюллетенін алған азаматтар саны 77 процентті құрады.

Сайлау учаскелері жергілікті уақытпен таңғы 07:00-де жұмысын бастап, кешкі 20:00-де жабылды. Қазақстандықтар он мыңға жуық сайлау учаскесінде дауыс берді.
Уақыт белдеуіне байланысты Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Қызылорда облыстарындағы сайлау учаскелері елорда уақытымен жұмысын 08:00-де бастаған болатын.

Осы жолғы президент сайлауында тізімге енгізілген сайлаушылар саны 11 миллион 947 мың 995 адамды құрады.

Шетелде қанша қазақстандық дауыс берді

Ал 19:00-дегі мәлімет бойынша шетелдегі сайлау учаскелерінде 8322 қазақстандық дауыс берді. Уақыт айырмашылығына байланысты Азияда орналасқан сайлау учаскелері жұмысын аяқтап, дауыс санауға кіріскен. Ал Нұр-Сұлтан уақытымен 17:00-де ең соңғы болып Вашингтон, Нью-Йорк және Оттавадағы сайлау учаскелері ашылды.

Президенттікке кандидаттар

Қазақстан президенттігіне жеті адам үміткер:

  • Қазақстан коммунистік халық партиясы атынан Жамбыл Ахметбеков;
  • “Ақ жол” демократиялық партиясы атынан Дания Еспаева;
  • “Ұлт тағдыры” қозғалысы атынан Әміржан Қосанов;
  • “Ауыл” партиясы атынан Төлеутай Рақымбеков;
  • Кәсіподақтар федерациясы атынан Амангелді Таспихов;
  • Nur Otan партиясы атынан Қасым-Жомарт Тоқаев;
  • “Ұлы дала қырандары” қоғамдық бірлестігі атынан Сәдібек Түгел.

Комментарий