Бас тақырып | Тема дняЖаңалықтар | НовостиҚұқық | Право

Жоғарғы Сот 2020 жылғы жұмысты қорытындылады

Онлайн режимде өткен іс-шараға Жоғары Сот Кеңесінің төрағасы Талғат Донақов пен Кадр резерві жөніндегі комиссияның төрағасы Серік Ақылбай қатысты.
Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі алқа төрағасы Әбдірашид Жүкеновтің айтуынша, республика соттарына 2019 жылға (38 053) қарағанда, 2020 жылы (37 758) қылмыстық істердің түсуі 0,8%-ға азайған. Үкім шығарылған істер саны 9,1%-ға артық.
Сотқа дейінгі жедел тергеу, келісу және бұйрық тәртібінде іс жүргізу секілді жеңілдетілген рәсімдердің кеңінен қолданылғандығы атап өтілді.
Қазақстанның «түрме индексі» бойынша жағдайы 5 позицияға жақсарды. 2020 жылы 11,8 мың электронды іс қаралды, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 25%-ға көп. Алқабилердің жүктемесі (45 іс) өзгеріссіз қалды. Тергеу судьялары материалдарды 8,2%-ға артық (шамамен 100 мың) қарап, қамаққа және үй қамаққа санкция беруден жиі бас тартты.
Азаматтар оларға көбірек жүгіне бастады. 2020 жылы сотталғандар саны 10%-ға артты (27 мыңнан 30 мыңға). Қылмыстар бойынша ақтау үкімдері 2019 жылмен салыстырғанда 3,3%-ға және 2018 жылмен салыстырғанда 18%-ға көбейді. Соттардың қылмыстық істерді тоқтатуы (мыңнан кем) сотқа дейінгі қылмыстық қудалау органдарының оңалтуға келетін және келмейтін негіздер бойынша ақтау әрекеттерімен байланысты екені атап өтілді.
Спикердің айтуынша, сотқа дейінгі іс жүргізу органдарының әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағымдар 1,8%-ға көп қаралды, олардың үштен бірі қанағаттандырылды және 1 231 шешім заңсыз деп танылды.
Жәбірленушілердің өтемақы қорына 1 млрд. теңгеден астам қаражат өндірілді, бұл 2019 жылғы көрсеткіштен 1,4 есеге артық. Қылмыстық және жасөспірімдер істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттардың істерді қарау сапасы жақсарған.
А.Жүкенов істерді ұзақ қараудың объективті және субъективті себептерін, соттың және әрбір судьяның жүктемесін, оның ұйымдастырушылық дағдыларын және т.б. зерделеуді, сондай-ақ әрбір іс бойынша заң талаптарының сақталуына талдау жүргізуді тапсырды.
Жоғарғы Соттың азаматтық істер жөніндегі алқа төрағасы Мейрамбек Таймерденов апелляцияның сапасы жеткілікті деңгейде еместігін атап өтті. Оның пікірінше, істердің 2018 жылғы 4 миллионнан 2020 жылы 1 миллионға дейін азаюы судьяларды даусыз істерді қараудан босатып, күрделі дауларды қарау сапасын арттыруы керек еді. Спикер бірінші сатыдағы соттардың күші жойылған және өзгертілген шешімдерінің артуына және оларға істердің жыл сайын (10%-дан астам) қайтарылуына өкініш білдірді.
Бұған бірінші сатыдағы соттардың кемшіліктерге жол беруі және оған апелляция тарапынан тиісті ден қоймаюы себеп болған. Бірінші сатыдағы сот апелляцияның қатынасын білетіндіктен, «үстірт» шешім шығарады, ал апелляция шешімді өзгеріссіз қалдыруға бейім. Бұған кассацияға өтінішхаттардың көптеп түсуі дәлел.
М.Таймерденов облыстық соттар басшыларының назарын олардың істерді қараудан шет қалып қойғандығына аударды. Ол судьялардың жұмыс сапасына неғұрлым қатаң талаптар қойылатынын атап өтті. Бірыңғай сот практикасын қалыптастыру, татуластыру рәсімдерін кеңінен қолдану және сот актілерінің сапасын арттыру жүктелді.
Жоғары Соттың мамандандырылған алқа төрағасы Айгүл Қыдырбаева ӘПРК-нің қабылдануы маңызды оқиға екенін айтты. Әкімшілік әділет азаматтардың мемлекетке және сот төрелігіне деген сенімін арттырады. Соттың белсенді болуымен әділ шешімдер қабылданып, әкімшілік органдардың тәртібі жақсарады деп күтілуде.
Спикер әкімшілік істерді қарау сапасының жоғары екенін атап өтті. Қайта қарау нәтижелері бойынша кассацияда бірінші және апелляциялық сатылардағы соттардың 107 қаулысының күші жойылып, 29 қаулысы өзгертілді. Сонымен қатар, соттарға түсетін әкімшілік істердің 22%-ға төмендеуіне (2020 жылы – 293 мың, 2019 жылы – 377 мың) заңнамалық түзетулер себеп болған: нәтижесінде ӘҚБтК-нің 434-бабы құрамының көп бөлігі (ұсақ бұзақылық) ІІМ-нің құзырына берілді.
Спикер соттардың баламалы жаза – айыппұлды қолдану мүмкіндігін талқыламастан, барынша қатаң жаза тағайындауына наразылығын білдірді. Өйткені, қамаққа алу салдарынан кәмелетке толмаған балалар ата-ана қамқорлығынсыз қалып, шаңырақ шайқалады.
Масаң күйде көлік жүргізгені үшін жауаптылықтың күшеюіне байланысты 2020 жылы әкімшілік қамаққа алу көрсеткіші артты. Пандемияға байланысты ӘҚБК-нің жиі қолданылмайтын баптары: төтенше жағдайды бұзғаны үшін қамаққа алу және осы кезеңде құқық бұзушылық туғызатын әрекеттер көбейген.
А.Қыдырбаева апелляция бірінші сатыдағы соттардың заңсыз актілерін бір ғана негіз – мерзімді өткізіп алу бойынша өзгеріссіз қалдырғанын баса айтты. Спикер істің мән-жайын мұқият және жан-жақты зерттеп, оларды дұрыс ресімдеу қажеттігін атап өтті.
Нормативтік құқықтық базаны жетілдіру және ӘПРК бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу басым міндеттер ретінде белгіленді. Осылайша, жаңа соттардың сапалы құрамын қалыптастыру, дауды шешудің баламалы және сотқа дейінгі тәсілдерін дамыту қажет.
Кеңесте ЖС Департаментінің басшысы Наиль Ахметзакиров пен Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссия төрағасы және ЖС судьясы Лариса Шепелева баяндама жасады.
Жиынды ЖС Төрағасы Жақып Асанов түйіндеді. Ол сот төрелігінің сапасына, әсіресе, бірінші сатыдағы сот шешімдерінің жиі күші жойылып, өзгеретіндігін сынға алды. Облыстық сот төрағалары мен ЖС алқаларының назарын осыған аударуды тапсырды.
«Қазір заман басқа. Ештеңені жасыру мүмкін емес: бәрі де көрініп тұрады. Сыбайлас жемқорлық, заңсыз сот актілері, судьялардың әдепсіздігі үшін жауаптылық күшейтіледі», – деді ол.

Комментарий