Жаңалықтар | Новости

Алматыда жылы күндер қанша уақытқа созылады?

Алматыда ақпан жылы күндерімен басталды. 2 ақпанға қараған түні қалада жаңбыр жауды. Алматыда көктемгі жылу қанша уақытқа созылатынын “Қазгидромет” синоптиктері айтып берді, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

“2 ақпанда Қазақстанның оңтүстік-шығыс бөлігіне Иран аумағынан оңтүстік циклондар шығып, жылу келді. Түнде жауын-шашын жаңбыр түрінде болды, бірақ тауларда төмен температура сақталатындықтан қар түсті”, – деді “Қазгидромет” РМК Алматы бөлімшесінің инженер-синоптигі Гүлтансын Медеуова.

2 ақпанда ауа температурасы +10 градусқа дейін барды. Жылдың осы мезгілінде Алматыдағы ең жылы күн саналатын рекорд көрсеткіш +13 градус, ол 2007 жылы болған.

Бұл ретте “Қазгидромет” синоптиктері алматылықтарды 10 ақпанға дейін ғана жылудан ләззаттана алатынын ескертеді. Жаңбыр жаууы да ықтимал.

“Ақпанның екінші онкүндігінде, 15-сі мен 20-сы аралығында температураның төмендеуін күтеміз. Түнде тұман түсіп, көктайғақ болады”, – деді Гүлтансын Медеуова.

Еске салайық, бұдан бұрын “Қазгидромет” өкілдері ақпанда Қазақстанда ауа райы қандай болатынын хабарлаған.

Комментарий