Жаңалықтар | НовостиҚұқық | Право

ЖЕМҚОРЛАРҒА КЕШІРІМ ЖОҚ

СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕСТІҢ АЛДЫН АЛУ ШАРАЛАРЫ ЖЫЛДАН-ЖЫЛҒА ЖЕТІЛДІРІЛУДЕ. СОЛАРДЫҢ АТАП АЙТАРЛЫҒЫ, ТӨЛ ТАРИХЫМЫЗДА ТҰҢҒЫШ РЕТ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҒЫ ҮШІН БАСШЫЛАР ЖАУАПКЕРШІЛІГІ ЗАҢМЕН БЕКІТІЛДІ. БҰДАН ӘРІ НАҚТЫЛАЙ ТҮССЕК, ТІКЕЛЕЙ БАҒЫНЫШТЫ ТҰЛҒАЛАР СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ ҚЫЛМЫС ЖАСАҒАН ЖАҒДАЙДА САЯСИ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕР ОТСТАВКАҒА ШЫҒУҒА МІНДЕТТІ.

Жемқорлықсыз қоғам құру басты мақсаттарымыздың бірі десек, «Сыбайлас жемқорлық – мемлекеттің дамуын тежейтін кері күш» деген Мемлекет басшысы жемқорлық қылмысына барғандарды шартты түрде мерзімінен бұрын босатпау нормасын заңмен реттеуді тапсырды. Өткен жылы «Кейбір заңнамалық актілерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң күшіне енді. Аталған заңмен ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасағандарды жазаны өтеуден мерзімінен бұрын шартты түрде босату, сондай-ақ парақорлықпен сотталғандардың қауіпсіздігі барынша төмен қылмыстық-атқару мекемелерінде, яғни қоныс-колонияларда жазасын өтеу мүмкіндігі алынып тасталды. Айта кетерлігі, жазаны өтеуден мерзімінен бұрын шартты түрде босату мәселесі қаралғанда сот отырысына сотталушы, қорғаушы, жазаны орындайтын мекеме немесе орган өкілі, прокурордың қатысуы міндет. Сыбайлас жемқорлық жасағандарға шартты түрде соттау жазасы қолданылмайды. Жәбірленушімен татуласуына немесе кепілгерлік белгілеуге, сондай-ақ айыптау үкімінің ескіру мерзімінің өтуіне байланысты сыбайлас жемқорлық туралы істерді тоқтатуға жол берілмейді. Жазаны өтеуден мерзімінен бұрын шартты түрде босатуға кімдер өтініш бере алады десек, бұл заңдылық ҚР Қылмыстық кодексінің 72-бабымен қылмыс деңгейіне байланысты реттелген. Яғни, сотталушы онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс жасаса, сол үшiн тағайындалған жаза мерзiмiнiң кемiнде үштен бiрiн, ал ауыр қылмысқа барып 10 жылға кесілсе, соның кемiнде жартысын, аса ауыр қылмыс үшiн тағайындалған жаза мерзiмiнiң кемiнде үштен екісiн іс жүзінде өтегеннен кейін ғана шартты түрде мерзiмiнен бұрын босату жайлы өтініш бере алады. Бұрын шартты түрде мерзімінен бұрын босату өлім жазасы түріндегі жаза кешірім жасау тәртібімен бас бостандығынан айыруға ауыстырылғандарға, адамдардың өліміне әкеп соққан немесе аса ауыр қылмыс жасаумен ұштасқан террористік немесе экстремистік, кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмысы үшін сотталғандарға қолданылмаса, бұл норма жаңа заң талабына сай, ауыр немесе аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмысымен толықты. Пара бергенге де, алғанға да, оларға көмектескен арадағы делдалдарға да қатаң қылмыстық жауапкершілік белгіленіп, пара беру мен делдалдық бойынша айыппұлдың ең төменгі мөлшері екі есеге ұлғайтылды. Бұған дейінгі заңда айтарлықтай мөлшерде пара бергендерді ең көбі 5 жылға бас бостандығынан айыру қарастырылса, қазіргі күні бұл жаза 7 жылға дейін ұзартылды. Әрі бұл ауыр қылмыс санатына
енгізілді. Сонымен қатар, лауазымды адамға пара беруде 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру, мүлкін тәркілеу, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілігі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыру, әскери атақтар мен сыныптық шендерден, мемлекеттік марапаттардан, т.б. айыру сияқты ірі айыппұлдар, қосымша санкциялар көзделген.
2015–2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы жалпы қоғамды жемқорлықпен күреске жұмылдыру арқылы мемлекетімізде сыбайластықтың адын алуға бағытталған. Сыбайлас жемқорлыққа қатысты жаза түрлерінің қатаюы – осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың бір парасы. Жемқорлыққа барғандардың мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда жұмыс істеуіне өмір бойына тыйым салынып, мұндай деректер туралы хабарлағандар заң жүзінде қорғалған. Сондықтан, ел болашағына бейжай
қарамайтын әрбір азамат жемқорлық пен парақорлықтың жолын кесуді өзінен бастағаны абзал. Сонда ғана күтілген нәтижеге қол жеткізе аламыз.
Е.БАҚЫТЖАН,
Ырғыз аудандық сотының төрағасы
АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫ

 

Комментарий