Жаңалықтар | НовостиҚоғам | Общество

ЖАҢАРТЫЛҒАН ӘЛІПБИ ЕЛДІ ТІЛДІК ТҰРҒЫДАН БІРІКТІРЕ АЛА МА?

Латын графикасындағы әліпби қазақ үшін жаңалық емес. Елбасының латын графикасындағы қазақ әліпбиін енгізу мәселесін қозғаған кездегі мақсаты да баршаға аян болды. Алайда мамандардың емес, жалпы халықтың талқылауына түскен жобаның бірнеше нұсқасы Мемлекет басшысының алдынан қайтты. 2019 жылы бекітілгенімен, жұртшылықтан қолдау таппай, арада 2 жыл өткенде қайта жетілдірілген нұсқа да алдыңғыларының кебін кимей ме деген оймен сарапшылар пікірін сұраған еді.

Оразгүл АСАНҒАЗЫ, ҚР Парламент Мәжілісінің V шақырылымының депутаты:

–  Жұрттың бәріне бір әліпбидің жағуы мүмкін емес. Онсыз да ол өте көп талқыланды. Президенттің алдынан бір емес, үш рет қайтты. Сондықтан толғауы жетті, көш жүре түзеледі дейді ғой. Бұл нұсқа өзіме ұнайды. Мысалы, мен латын графикасындағы әліпбиді насихаттап, Атырау, БҚО, Ақмола, Қарағанды сияқты бірнеше облыстың барлық елді мекенін араладым. Сонда жұрттың айтқан ұсыныстары да әліпбиге енген. Ол елді міндетті түрде біріктіре алады. Бұл – біздің төл әліпбиіміз. Бұл жерде жаңа әріптер жоқ. 80 пайызы мектеп
қабырғасынан бәрімізге таныс.
Ол елді міндетті түрде біріктіре алады. Бұл – Елбасы әліпбиді алғаш мақұлдаған кезде, қазақ тілінің мәртебесін көтеру үшін жасалып отырғанын айтты. «Мен қазақстандықпын, оның келешегін ойлаймын» деген адам баласын қазақ мектебіне ауыстыру керек қой. Егер шындықтың бетіне қарайтын болсақ, жастар қай тілдегі мектепте оқыса да, латын графикасындағы әріппен жазады. Кезінде Ататүрік те бүкіл түркі баласы бір әріппен жазайық деп айтты. Дауласып жатқан 1-2 әріп уақыт өте жөнделер. 28 әріпті қысқартуға болар еді, сауатын әліппемен емес, букварьмен ашқандар әр әріпке жылап отырып алды ғой. Билікте қазақтілді азаматтар отырғанда, баяғыда 28 әріпке 28 дыбыс болар еді. Ендігі талқылау көптік қылады. Әліпби талқылаудан кенде болған жоқ. Дыбыс деген бар, әріп деген бар. Кезінде бізде жоқ дыбыстарды да көмекейімізге тықты ғой. Оны түсіну керек. 42 әріп пернетақтаға сыймай қалғандықтан, цифрдың астына тығып қойып, іздеп жүрдік көп уақыт бойы.

Ерден ҚАЖЫБЕК, ҚР ҰҒА Қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бөлімшесінің төрағасы, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, филология ғылымдарының докторы:

– Ғылым ақиқатқа сүйенетін болғандықтан, саяси шешімдерге бағынбайтын құбылыс екенін ескерген жөн. Саяси жолмен ұсынылған нұсқалардың бәрі дерлік тарих қойнауында қалып, керісінше, тапжылмай ұсынып келе жатқан жобамызға бүгінгі әліпбиде нұсқамыздың бірте-бірте жақындап келе жатқанына бәріміз куәміз. Нақтырақ айтсақ, соңғы нұсқаның
95%-ы дұрыс, 5%-ы бұрыс болып отыр. «Ештеңе етпейді, аз ғана келіспейтін тұстары қалды ғой. Осыған көне салайық, енді. Көш жүре түзелер» деген уәждер айтылуы әбден мүмкін. Алайда, біздің талабымызға сәйкес келмейтін азғантай жерлерінің өзі «Бір қарын майды бір құмалақ шірітер» дегендей, әліпбиіміздің және соның негізінде жасалатын емлеміздің толықтай шырқын бұзатын өте маңызды және шешуші рөлге ие, принципті мәселелер екенін атағанымыз жөн. Біріншіден, біз күні бүгінге дейін болғандай қазақорыс немесе орыс-қазақ әліпбиін емес, қазақ тілінің әліпбиін жасауымыз керек. Мұны айтып отырған себебім – жаңа әліпби мен емле тағы да кирилл нұсқасының таңбалық өзгерген көшірмесі болып отыр. Мемлекеттік тілдің табиғи заңдылығын негізге алсақ, қазақ әліпбиінде төл 9 дауысты және 19 дауыссыз дыбысымыздың бәрі жеке таңбалар мен таңбалануы керек екені дау туғызбас. Екіншіден, бір әріппен әрі дауысты, әрі дауыссыз дыбыс таңбаланған. Әлемде туған тілде жоқ дыбыстарды таңбалайтын әріптерді өзінің ұлттық әліпбиіне кіргізген жалғыз ел біз
болып отырмыз. Тілдің маңызды қорғаныс механизмі, әлеуеті, миссиясы бар. Тіліміз бүтін болса, шекарамыз қымталған, төрт құбыламыз түгел ел боламыз. Тіліміз әлсіресе, ділімізден де, жерімізден де, елімізден де айырыла бастаймыз. Сондықтан, тілдік жаңару мен жаңғыру үрдісінде ымыраға, шегінуге, бір ғана дыбысты, бір ғана таңбаны «жатқа беруге» болмайды.

Сауалнаманы дайындаған Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ «Заң газеті»

Комментарий