Жаңалықтар | НовостиҚоғам | Общество

ЖАРТЫ МИЛЛИОН ТҰРҒЫН ЖҰМЫССЫЗ

Өткен жылдың II тоқсанында елдегі жұмыссыздар саны 454 мың адамды құраған. Бұл арғы жылмен салыстырғанда екі қолға бір күрек таппағандардың 3 есеге өскенін аңғартады. Әсіресе, адам саны өсіп жатқан Алматы мен Түркістан облыстары мен Алматы қаласында жұмыссыздар қатары артып келеді. Алматыда қазіргі күні 70 мыңға жуық адам жұмыссыз жүрсе, Алматы облысында – 50 мың, Түркістан облысында – 43 мың адам жұмыссыз.

Жұмыс істемейтіндердің күрт өсуіне себеп жетерлік. Бұрыннан әр есікті қағып, табанынан таусылғандарға жыл сайын кәсіпкерлігін дөңгелете алмағандар, штаттың қысқартылуына, ұйымның таратылуына және банкроттығына немесе шарт мерзімінің аяқталуына байланысты жұмыстан шығарылғандар да қосылады. Оның үстіне ішкі көші-қон да жұмыссыздық проблемасын өршіткен. Бұдан бөлек, жыл сайын жоғары оқу орындарын бітірген жас мамандар да жұмыссыздардың қатарын толтырып келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі жастардың шамамен 40 пайызы оқуын тәмамдаған соң жұмысқа орналасу проблемасына тап болатынын айтады. Сондай-ақ, жұмыс іздеушілердің шамадан тыс амбициясы да елдегі жұмыссыздықтың өршуіне себеп болып отыр. Өйткені, кеше ғана қолына диплом алған жас маман кәсіби немесе мансаптық дамуды ойлап, жоғары лауазымға орналасқысы келеді. Кейде жұмыс берушілер мен мемлекеттік мекемелердің өздері оқуын енді ғана тәмамдаған жас маманнан кәсіби тәжірибе сұрайды. Оның үстіне, жастардың көпшілігі жоғары оқу орындарында теориялық біліммен шектеледі. Ал зейнеткерлік жас алдындағы азаматтар да еңбек нарығындағы халықтың неғұрлым осал санатына жататындықтан, көптеген жұмыс берушілер олардың қазіргі еңбек нарығында бәсекеге қабілетті емес екенін айтады. Өйткені, олардың технология тілін меңгеруі қиын болса, жасы мен денсаулығы да жұмыс қабілеттілігіне әсер етеді екен. Екіншіден, 40 жастан асқан азаматтар еңбек құқығы туралы жақсы біледі. Сол себептен де компаниялар, фирмалар, ұйымдар, жалдау агенттіктері неғұрлым сауатты және талапшыл қызметкерлерді қабылдай бермейді.
Бір қызығы, еңбекке қабілетті жастағы адамдардың басым бөлігі мемлекет берген мүмкіндікті пайдалануға құлықсыз. Айтуларынша, жұмыспен қамту орталықтарына барғаннан гөрі, ғаламтор мен таныстары арқылы жұмыс іздеген әлдеқайда дұрыс шешім. Өзін Мұрат деп таныстырған алматылық азамат Отан алдындағы міндетін атқарып, жоғары оқу орнын «инженер-механик» мамандығы бойынша тәмамдаған. Алайда оқу бітірген 15 жылда дипломын сандықтан шығармапты. «Жұмыс іздеп бармаған жерім, баспаған тауым қалмады десем болады. Мамандығым сәйкес келеді-ау деген барлық есікті қағып шықтым. Теміржол вокзалдарына түйіндемемді сан рет апарып, жаңадан ашылғанда метроға да мың рет бас сұқтым. «Өзіміз хабарласамыз» дейді де, есіктен шыққан соң, түйіндемеңді екі бүктеп қоқыс жәшігіне тастай салғандарды да көрдік. Кейін сол жерлерге жап-жас мамандарды алғанын естідім. Жұмыспен қамту орталықтарына да жүз рет кірдім. Жіберген жерлеріне барсаң, бақыр да жоқ. Енді біреулері 40 мың жалақы ұсынады. Ондай жалақы жол жүру ақысымен-ақ кетеді. Сонда үйде бала күтімімен отырған әйелім мен балаларымды қалай асыраймын? «Қатырып жатырмыз» дейтін орталықтарға осыдан кейін баруға зауқым соқпай қалды», – дейді Мұрат. Ал Қанат есімді студент «Болашақта не істеймін? Көлік құрастыру және жасау мамандығын алудамын. Елімізде бұл сала бойынша жұмыс жасамақ түгілі, тәжірибе
алатын өндіріс орны жоқ десе болады» дегенді айтып қынжылыс білдіреді Алматыда былтыр Жұмыспен қамту орталығына 76 082 адам жүгінген. Қазір қаладағы сұранысқа ие мамандықтарға – аспаз, тәрбиеші, даяшы, тігінші, қосалқы жұмысшы, тас қалаушы, сырлаушы мен күзетшілер кіреді. Өткен жылы орталық 23 162 адамды тұрақты жұмысқа орналастырған. 10 958 ізденуші «Жұмыспен қамту жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша жұмысқа тұрса, 18 649 адам уақытша жұмысқа кірген. Оның ішінде әлеуметтік жұмысқа
1185, қоғамдық жұмыстарға 15 961 және жастар тәжірибесіне 1503 адам орналасыпты. «Еңбек» бағдарламасы бойынша 1005 адам кәсіптік оқудан өтсе, бизнес-идеяларды іске асыруға 1705 грант берілген. Есепке сенсек, елдегі жұмыссыздарға мүмкіндік көп секілді, әрине. Дегенмен біздегі мемлекеттік бағдарламалардың бағыты дұрыс болғанымен, іске
асуына келгенде кемшілігі көп болатыны бар. Енді міне, Еңбек ресурстарын дамыту орталығы биыл жұмыссыздықтың мүмкін болатын деңгейін болжап, бірталай мамандықтарға тықыр
таянатынын хабарлады. Елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты карантиндік шаралар енсе, біліктілігі төмен 162,5 мың адам жұмыссыз қалуы мүмкін. Ұйымның берген ақпаратынша, электрондық еңбек биржасында былтыр желтоқсанда 13 мың түйіндеме мен 36,2 мың ашық бос жұмыс орны тіркелген. Бірақ статистикаға сүйенсек, жұмыссыздар жыл  санап азайып, жалақымыз күн сайын өсетін секілді. Қазақстандықтардың орташа айлық жалақысы 200 мыңнан асып, өткен жылмен салыстырғанда 16 пайызға артқан. Ал мұнайлы өлкенің тұрғындары мен елордалықтардың алатын орташа жалақысы 300 мыңнан асып жығылған. Үш жүз мыңды өңіміз түгілі түсімізде алып көрмеген біздер таңдай қақтық. Ол ол ма, өткен жолы Мемлекет басшысы сөз еткен саны бар сапасы жоқ жауапты хатшылардың орташа айлығы 800 мың екенін естігенде есеңгіреп қалдық. Ай сайын 70 мыңға жуық қазақстандық жұмыспен қамту орталықтарын жағалап жүргенде жауапты хатшылардың миллиондап жалақы алуы қоғамдағы әділетсіздікті ғана емес, қылмыстың өсуіне де тікелей әсер етеді. Өйткені, ұрлық-қарлық, алаяқтық пен қарақшылықты жасайтындардың дені дәл осы тұрақты жұмысы жоқтар. Оның үстіне күндік жұмысқа жегілетіндер жылдар бойы құлдықтың қамытын киіп, жас өмірін қорлықта өткізіп жүргенін де естіп қаламыз. Жұрт жаппай жұмыссыз жүргенде бір адамның тірлігін бірнеше қызметкерге бөліп бәленбай жалақы
төлеудің өзі тұрмыс тауқыметін тартып жүргендердің жүрегіне салмақ, қылмысты күнкөріс көзіне айналдырып алмаса дейсің…

Маман пікірі

Айнаш ШОЙЫНБЕКОВА, «Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Халықты жұмыспен қамту орталығы» КММ баспасөз хатшысы:
– Былтыр елордада орталық арқылы 19 188 адам жұмыс тапты. Бізге күніге 200-250 ізденуші қабылдануға келеді. «Колледж, университетті бітірген, жасы 29-ға дейінгілерге «Жастар практикасы» бар. Олардың айлық жалақысы 85 мың теңге, бірақ қолына алатыны 80 мыңның көлемінде болады. Жұмыспен қамту орталығы жұмыс берушіден түскен бос орынды бірнеше ізденушіге ұсынады. Ал таңдау жұмыс берушіде. Ол өзінің талабына сай келетін адамды жұмысқа қабылдайды. Сол аралықта ол вакансияға басқа да жұмыс іздеушілер барады. «Ол жерге барғанда басқа жұмысшы алып қояды» деген әңгіме осыдан шығатын секілді. Бұдан басқа, «Қоғамдық жұмыстар» бағдарламасы бойынша ізденушілер келеді. Оның жалақысы 73 мың теңге. Жаңа айтып отырған жастар практикасында жарты жыл ішінде тәжірибе жинақтайды, ал қоғамдық жұмыстарда жіберген ізденушінің жұмыс берушіге қабілеті ұнайтын болса, сол жерде тұрақты жұмысқа қалады. Айлық жалақысы да өсуі мүмкін. Орталық барлық санаттағы адамдарды жұмыспен қамтуға мүдделі. Қоғамдық жұмыстар десе, көбі аула сыпырушы, еден жуушы деп ойлайды. Әкімшілік салада да жұмыс істеуге болады. Екі бағдарлама да мемлекет есебінен қаржыландырылады. Қысқа мерзімдік кәсіптік оқуларға қатысуға мүмкіндік көп. Курсты оқу кезінде 21 мың теңге көлемінде шәкіртақы төленеді, оқу мерзімі 2-3 ай көлемінде. Аспаз, тігінші, шаштараз, кондитер, тәрбиешінің көмекшісі, сварщик, электрик, т.б. 30-ға жуық мамандық бар. Курсты аяқтаған соң, жұмыс беруші ұсынған жұмысқа орналасып, жұмыс істеуге міндеттеледі.
Жадыра МҮСІЛІМ 

Комментарий