Бас тақырып | Тема дняЖаңалықтар | НовостиҚоғам | Общество

ЗАМАННЫҢ ЗАҢҒАР ЗАҢГЕРІ

Отандық заң ғылымының дамуына үлес қосқан Салық Зимановтың туғанына биыл 100 жыл. Академиктің құқықтық құрылымдардың өркендеуіне тигізген ықпалы өлшеусіз. Бүгінде заң, құқықтық құрылымдарда жемісті еңбек етіп жүрген мамандардың көпшілігі Зимановтың тәлімін алған, академиктің алдынан өткен шәкірттер. Артына өлмейтін із қалдырған заңғар заңгердің отандық заң шығару жұмысындағы қолтаңбасы да менмұндалап тұр. Соның ішінде тәуелсіздік алған кездегі алғашқы құжаттарды әзірлеу ісіне Зиманов белсене қатысты. Егемендікке жасалған басты қадам 1990 жылдың 25 қазанында қабылданған «Мемлекеттің егемендігі туралы» декларациясынан бастау алғаны белгілі. Ал осы тағдыршешті жобаны дайындаған депутаттық комиссияның басшысы да Зиманов болатын. Ғалым «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңын қабылдау жұмысына да белсене қатысқан. Бұл тарихи құжатты қабылдауда Зиманов заңгер депутат ретінде зор үлес қосты. 1993 жылғы алғашқы Қазақстан Конституциясын әзірлеген жұмыс тобында болып, парламентаризмнің қалыптасуы мен дамуына қызмет етті. Салық Зимановтың өмір жолы нағыз зиялылықтың, ізденімпаздық пен отаншылдықтың өнегесі іспеттес. Ол барлық биікке өз еңбегімен, өз талпынысымен жеткен қайраткер.

Өндірдей жас кезінде Ұлы Отан соғысына қатысып, «І дәрежелі Отан соғысы» орденімен марапатталған Зимановтың есімі батырлар арасынан да ойып тұрып орын алғаны ақиқат. Оқ пен оттың ортасында жүріп шыныққан, сыналған батыр ағамыз майдан даласынан полковник дәрежесін алып оралған санаулылардың бірі. Салық Зимановтың ғылымға деген құштарлығын соғыс та тежей алған жоқ. Үздіксіз ізденісінің арқасында ғалым 1961 жылы Мәскеуде докторлық диссертациясын қорғады. Кеңес одағы тұсында өзін мойындатқан,
мойындалған санаулы академиктің бірі атанды. Өмірінің соңына дейін 30-дан астам ғылым докторы мен кандидатын дайындап, мыңдаған шәкіртін заң, құқық саласының білгір маманы еткен академиктің еңбегі ешқашан ескерусіз қалмауы керек. Оны былтырғы жылы бір топ Парламент депутатының айтқан ұсынысынан аңғаруға болады.
Үлкен мінберде сөйлеген сөзінде Мұхтар Құл-Мұхаммед «Салық Зиманов десе, ең алдымен, еліміздің егемендігі еске түседі. Өйткені, Зиманов өмірінің соңына дейін еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі елеулі оқиғалардың бәріне дерлік абыз ақсақал ретінде белсене араласты. Сенат пен Мәжіліс төрағалары, Премьер-Министр және республикалық құқықтық орган басшыларына ұдайы өзінің толымды ұсыныс, тағылымды пікірлерін жолдап отырды. Елбасының саяси-құқықтық реформаларына үнемі қолдау көрсетті», – дей келе академиктің ғасырлық мерейтойын лайықты деңгейде атап өту қажеттігін қаперге салған болатын. Үкіметке бірқатар ұсынысын жолдаған депутаттар Зимановты мәңгілік ел есінде қалдыру мақсатында қаһарман ғалымның өмірі мен шығармашылығына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция, таным-тағылымдық шаралар өткізу, есімін Атырау мен Алматы қалаларының көшелеріне және Нұр-Сұлтан қаласындағы жаңадан салынған мектептердің біріне беру, туған жерінде еңселі ескерткішін орнату мәселесін қарастыруды сұраған еді. Бұл ұсыныстар биылғы жылы өз шешімін табарына сенімдіміз.
Ұстазды ұлықтау ісінен шәкірттері де шет қалып жатқан жоқ. Соның ішінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті заң факультетінің деканы Дәулет Байдилдиновтің атсалысуымен Ұлттық кітапханадағы диссертация бөліміне академик Салық Зимановтың есімі берілді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Есберген Алауханов, «Қазақстанның ғылымы мен өмірі» халықаралық ғылыми журналының бір санын ұстазына арнады. Сонымен бірге жақында Заңнама және құқықтық ақпарат институты Әділет министрлігімен бірлесіп Зимановтың 100 жылдығына арналған «Академик С.Зиманов: өнегелі өмірі және ғылыми жетістіктері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияны онлайн өткізді. Іс-шараға Парламент депутаттары, Конституциялық Кеңестің, Жоғарғы Соттың және басқа мемлекеттік органдардың, отандық және шетелдік білім беру және ғылым ұйымдарының өкілдері қатысып, сөз сөйледі. Отандық заң ғылымының өкілдері, академик С.Зимановтың серіктестері мен шәкірттері құқықтық ғылымды қалыптастыру мен дамытудағы, Қазақстанның мемлекеттік-құқықтық жүйесін жетілдірудегі оның идеяларын атап өтті.
Маңызды жиынға Ресей Үкіметі жанындағы заңнама және салыстырмалы құқықтану институтының Жария-құқықтық зерттеулер орталығы меңгерушісінің орынбасары Ю.Тихомиров, Новосибирск мемлекеттік экономика және басқару университетінің ғылыми жұмыс және қосымша білім беру бойынша проректоры А.Макарцев, сондай-ақ Беларусь ғылымының өкілдері В.Шаршун, С.Калинин қатысып, Қазақстан мемлекетінің заң білімі мен ғылымын дамытудағы С.Зимановтың баға жетпес еңбегіне қатысты тұщымды ойларын ортаға салды.
Осы жиында Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асанов та сөз алып, академиктің сот, құқық қорғау саласын ілгерілетудегі еңбегіне тоқталды. Зимановтың көп шәкіртінің бірі болған Жақып Қажыманұлы: «Талантты педагог, сұңғыла ғалым сабаққа қызығушылықпен қатар, таңдаған мамандыққа деген құрметімізді арттырып, бойымызға ұлтжандылық рухын сіңіретін» дей келе ұстазының жақсы қасиеттеріне арнайы тоқталды. Бұған қоса, Салық Зиманұлының Қазақстан заң ғылымының негізін қалаушылардың бірі, қазақтан шыққан тұңғыш заң ғылымдарының докторы, қазақстандық алғашқы академик-заңгер ретінде тарихта қалатынын айтқанын Жақып Асанов сөзінің соңын: «Оның есімі Тәуелсіздік шежіресіне алтын әріптермен жазылды. Академиктің жарты миллионға жуық ғылыми мұрасы бүгінгі және келешек ұрпақ үшін өте құнды дүние. «Ағаш тамырымен мықты» дейді халқымыз. Тарихымыз, салт-дәстүр мен әдет-ғұрпымыз – ұлттық кодымыздың негізі. Зиманов пен оның шәкірттері бізге осы ұлттық кодтан бастау алатын билер сотының маңызын ашып берді. Турашыл билер дауларды қарауда ақиқат пен әділдікті басшылыққа алды», – деп сөзін қорытты. Салық Зимановтың мұрасы әлі талай ұрпақты тәрбиелеп, әлі талай қажетімізге жарары ақиқат. Сондықтан халыққа ортақ ұл болған арда азаматтың атын есте қалдыру, еңбегін жаңғырту істері елеусіз қалмауы керек.
Нұрлан ШЫНТАЕВ

Комментарий