Жаңалықтар | НовостиҚоғам | Общество

Атырауда коронавирусқа байланысты вакцина салу басталды

Бүгін Атырау облысы бойынша алғаш болып облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова, сондай-ақ облыстық  денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев және аталған салаға қатысты медицина ұйымдарының басшылары екпе алды, деп хабарлайды  облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз-қызметі.    

Атырау  қалалық №3 емханасында алғаш болып екпе алған Бақытгүл Хаменова 30 минут демалыс орнында отырып шыққан соң өзін жақсы сезінетінін жеткізді.

«Бүгін, міне, алғашқылардың бірі болып өзімнің, айналамның, елімнің амандығы үшін коронавирусқа қарсы екпе алдым. Ықылым заманнан бері қазақ тарихында қызылша, шешек және оба секілді жұпалы аурулар көп болған. Сол індеттердің беті осындай екпелер арқылы қайтарылған болатын.Сондықтан, қандай да бір жер бетіне ауру шықса оның емі де болары сөзсіз. Коронавирусқа қарсы вакцина індеттің бетін қайтарып, халықтың басына амандық пен тыныштық әкелетініне сеніміміз зор»,- деді Бақытгүл Хаменова.

Ал коронавирусқа қасы екпе алған облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев те жағдайы қалыпты, ешқандай қолайсыздық туындамағанын айтты.

«Бұған дейін тұмауға қарсы үнемі екпе алуым дәстүрге айналған. Осы жолы да коронавирусқа қарсы екпе алуға өз еркіммен, үлкен үмітпен келдім. Екпе салу арқылы індеттің кең жайылуына тосқауыл бола аламыз деп ойлаймын.  Өзімді екпе алғанға дейін қандай күйде болсам, кейін де сондай қалыпты көңіл-күйде тұрмын. Осы жерде айта кеткен жөн, облыс бойынша егу пункттерінің дайындығы тексеріліп, профилактикалық егу жүргізу мәселелері бойынша стандартты операциялық рәсімдер бекітілді, 144 медицина қызметкері оқытылды», – деді Асхан Мархабайұлы.

Атырау облысына қазіргі уақытта 1000 доза көлемінде вакцина келді.  Ол деген – 200 құты. Бір құтының ішіндегі сұйықтық 5 адамға жетеді.  Екпелер өңірдегі 8 медициналық ұйымның мұздатқыштарында сақтаулы тұр. Атап айтқанда, Атырау қаласындағы Геолог емханасы, №3 емхана, №4 емханасы, «АB медикал», облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы,  Индер аудандық орталық ауруханасында және аудандарға жеткізетін екі жылжымалы мұздатқыштарға бөлініп салынған. Бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 24 ұйымда облыс тұрғындарына вакцина жасауға арналған орындар жасақталды. Оның 15-і мемлекеттік ұйым, қалғандары – жекеменшік медициналық ұйымдар. Бірінші кезекте халықтың жекелеген топтары – медицина қызметкерлері, полицейлер, әскери қызметкерлерден құралған 1000 тұрғын ресейлік Sputnik V вакцинациясын алады деп жоспарланған.

Айта кетейік, вакцинация ғана коронавирустың одан әрі таралуына жол бермейді және қатаң локдаунның жалғыз баламасы.

Комментарий