Бас тақырып | Тема дняЖаңалықтар | НовостиҚоғам | Общество

ӘЛІПБИДІҢ ЖЕТІЛДІРІЛГЕН НҰСҚАСЫ ЖАРИЯЛАНДЫ

ҚАЗАҚ ТІЛІ ӘЛІПБИІН ЛАТЫН ГРАФИКАСЫНА КӨШІРУ ЖӨНІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ КОМИССИЯНЫҢ БҰЛ ОТЫРЫСЫН БҮКІЛ ЕЛ АСЫҒА КҮТКЕН БОЛАТЫН. СЕБЕБІ ҚАЗАҚ ТІЛІ ӘЛІПБИІН ЛАТЫН ГРАФИКАСЫНА КӨШІРУ МӘСЕЛЕСІН ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ АЛҒАШ РЕТ 2006 ЖЫЛЫ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫНДА КӨТЕРІП, «ҚАЗАҚСТАН–2050» СТРАТЕГИЯСЫНДА ДА ҚОЗҒАҒАН. АЛ 2018 ЖЫЛҒЫ 10 ҚАҢТАРДАҒЫ ЖОЛДАУЫНДА 2025 ЖЫЛҒА ДЕЙІН БІЛІМ БЕРУДІҢ БАРЛЫҚ ДЕҢГЕЙІНДЕ ЛАТЫН ӘЛІПБИІНЕ КӨШУДІҢ НАҚТЫ КЕСТЕСІН ЖАСАУҒА ТАПСЫРМА БЕРІП, 19 АҚПАНДАҒЫ №637 ЖАРЛЫҒЫМЕН ЛАТЫН ГРАФИКАСЫНА НЕГІЗДЕЛГЕН ҚАЗАҚ ӘЛІПБИІН БЕКІТКЕН БОЛАТЫН.

Алайда әліпбидің бұл нұсқасы қоғамда қызу пікірталас тудырды. Алматыдағы А. Байтұрсынов атындағы тіл білімі институты мамандары тарапынан да қатты сынға алынған әліпбиге қарсылар қолдаушыларға қарағанда көп болды. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекет басшылығына келген соң 2019 жылғы 21 қазанда бұл әліпбиді жетілдіруге тапсырма берді. Соның нәтижесінде жасалған әліпбидің 40-тан астам нұсқасы, сондай-ақ қазақ тілінің емле ережелерінің жобалары мен пернетақтадағы әріптердің орналасу тәртібі қаралатын ұлттық комиссияның отырысын жұрт 2020 жылы болады деп үміттенген. «Ештен кеш жақсы» дегендей, Үкімет басшысы Асқар Мамин төрағалық еткен бұл жиында мақұлданған жоба жұртшылықтың көңілінен шығады деген үміт бар. «Латын әліпбиі базалық жүйесі таңбаларынан құралған жетілдірілген әліпбиде қазақ тілінің 28 дыбысы толық қамтылған және әріп саны – 31 болып отыр. Ә (ä), ө (ö), ү (ü), ұ (ū) және ғ (ğ), ш (ş) әріптері диакритикалық таңбалармен берілген әліпбиде халықаралық тәжірибеде қолданыста бар умляут ( ̈ ), макрон ( ˉ ), седиль ( ̧ ), бревис ( ̌ ) диакритикалық таңбалары қолданылған. Ол қазақ тілінің жазу дәстүрінде орныққан «бір дыбыс – бір әріп» принципіне толық сәйкес келеді» дейді отырысқа қатысушылар. Енді халық арасында кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырған А. Мамин: «Жетілдірілген әліпби нұсқасы қазақ тілінің дамуына жаңа серпін беріп, оның заманауи үрдістерге сай жаңғыруына ықпал етеді. Алдағы уақытта қазақ тілін латын графикалы әліпбиге кезең-кезеңімен көшіру бағытында қарқынды жұмыс жүргізу керек», – деді. Жаңа әліпбиге көшу 2023–2031 жылдар аралығында жүзеге асырылады деп жоспарланып отыр.

«Халық қаласа, хан түйесін сояды»
Жаңа әліпбиге қатысты бұл шешімді ана тілінің тағдырына бейжай қарай алмайтын ұлт патриоттарының жеңісі деуге де болатын шығар. Оны әлеуметтік желіде бұл жаңалықты бөлісіп, оған өз пікірін қалдырғандардың жазбаларынан айқын аңғаруға болады. Мәселен, саясаттанушы Мұхтар Сеңгірбай: «Әліпбидің алғашқы үш нұсқасы да ғылымға түк қатысы жоқ, билік асығыс қабылдай салған дүмбілез нұсқа болатын. Өкінішке қарай, жұрттың күлкісін, ашу-ызасын туғызған бұл нұсқалар тарихи шешімге көлеңке түсіріп, жобаның мән-мағынасын түсінбейтіндерді шошытып тастады. Кеше шыққан әліпбидің жаңа нұсқасын ғалымдардың ой елегінен өткен, көптің көңілінен шығатын, ыңғайлы да ықшам нұсқа деуге болады. Бұл ғалымдар ізденісінің, зерттеу-зерделеуінің нәтижесі деп ойлаймын. Тіл білімі институты бас болып, кем-кетігін әлі де түзете жатар. Әліпби бойынша саясатқа бағынбаған, алғашқы ғылыми шешім құтты болсын» деп жазды.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса: «Осыдан 8 жыл бұрын, 2013 жылы 19 ақпанда, «Қазақ үні» газетінде «Латын әліпбиіне көшуге қарсылық – ұлт мүддесіне қарсылық!» атты мақаламызда жазғанымыздай, кирилл құрсауынан шығып, латын графикасы негізіндегі қазақ әліпбиіне өту – кезіндегі рубль аймағынан шығып, төл теңгемізді қабылдағандай маңызды. Рухани тәуелсіздіктің бастауы болатыны анық. Ұлттық рухани деколонизация латын әліпбиіне көшу әрекетімен басталуда. Енді әрқайсымыз жаңа әліпбидің артықшылығын жалпы халыққа таныстыратын ақпараттық-насихаттық жұмысқа өз үлесімізді қосуымыз қажет», – дегенді айтты.

Жаңа әліпби жазу мен тілді біріздендіруге тиіс
Сақ, түркі дәуірлеріндегі руникалық жазуымызды ұмытқан соң, төл тарихымызды өзіміз емес, өзгелерге жаздыртып, соған сенуге мәжбүр болғанымыз бізге әліпбидегі, жазудағы, тілдегі бірегейліктің маңызын сезіндірді. Жазу мәдениетін Қытай 7 мың, Иран 5 мың жыл бойы сақтауының арқасында тарихын ешкімге жалтақтамай, өзі жазып шықты. Ал біз әлі күнге дейін тарихымызға қатысты жазбаларды іздеп, Азия мен Еуропа елдерін былай қойғанда, алыстағы Америка құрлықтарын шарлауға мәжбүр боп жүрміз. Мұның бір себебі осы жазу мәдениетін орнықтыра алмағанымыздан деуге болады. Сондықтан тарихты хатқа түсіруде ғана емес, елді ұйытып, халықты біріктірудегі мемлекеттік тілдің маңызы мен орнын жоғары
бағалағандықтан, жаңа әліпбидің қолданыс аясын кеңейтіп, қазақ тілінің мәртебесін өсірудегі үлкен жұмысқа азаматтық қоғамды жұмылдыру – уақыт талабы. Енді латын графикасындағы әліпби тек қазақ тіліне ғана қатысты деп, ортақ істен басын ала қашатындарға жауапкершілікті қоғамның барлық саласы үшін заңмен бекітіп, оның жүзеге асуын бақылауға алу қазіргі заң шығарушы және атқарушы билік органдарына сын болуға тиіс.
ОСЫНДАЙДА ӘЙГІЛІ АЛАШ ҚАЙРАТКЕРІ ӘЛИХАН БӨКЕЙХАНОВТЫҢ «ӨЗ КҮШІНЕ СЕНБЕГЕН АДАМ ДА, ХАЛЫҚ ТА ЕШҚАШАН ӨМІР БӘЙГЕСІН АЛА АЛМАЙДЫ» ДЕГЕН СӨЗІ ЕРІКСІЗ ЕСКЕ ТҮСЕДІ.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті»

Комментарий