Жаңалықтар | НовостиҚоғам | Общество

ШЫМБҰЛАҚТА БАҒА ШАРЫҚТАП ТҰР

ШЫМБҰЛАҚ – АЛМАТЫНЫҢ ШҰРАЙЛЫ МЕКЕНДЕРІНІҢ БІРІ. БІРАҚ, ҚАРАПАЙЫМ ҚАЛА ХАЛҚЫ СҰЛУ ТАБИҒАТЫМЕН, ТАЗА АУАСЫМЕН КӨЗ ТАРТАТЫН ДЕМАЛЫС ОРЫНДАРЫНДАҒЫ БАҒАНЫҢ ШАРЫҚТАП КЕТКЕНІНЕ ШАҒЫМДАНАДЫ. ОСЫ РЕТТЕ ЖАҚЫН ДА БОЛСА АЛЫС, ӨЗІНІКІ БОЛСА ДА, ҚОЛЖЕТІМСІЗ ТАУЛЫ ҚЫРАТТАҒЫ ДЕМАЛЫС БАҒАСЫН БІЗ ДЕ БІР ШОЛҒАН ЕДІК.

Мәселен жаңа жылдың алдында Шымбұлақ тау-шаңғы курортына баратын билет 1 900 теңгеге қымбаттады. Яғни енді демалыс күндері аспалы жолмен тауға шығып-түсу үшін бұрынғыдай 9 500 теңге емес, ересек бір адамға билет құны 11 400 теңге. Шымбұлақта зейнеткерлерге, мүгедектер мен студенттер үшін жеңілдіктер болғанымен, ол сенбі-жексенбі күндері жарамсыз. Тіпті 25 желтоқсаннан бастап 10 қаңтарға дейінгі аралықта көпшіліктің нағыз мерекелік демалыс кезінде, демалуға уақыты бар кезеңінде мерекелік күндердің тарифымен жұмыс істеп, зейнеткерлер мен студенттерге, мүгедектерге арналған жеңілдіктер сақталмаған. Сондықтан бағасы халықтың демалыс күндеріне лайықталмаған жерді қаншалықты халыққа, жергілікті тұрғындарға арналған мекен деп айта аламыз?!

Рас, билетті онлайн сатып алушыларға баға арзанырақ. 11 мен 23 жас аралығындағы жастар кассаға 5300 теңге төлесе, интернет арқылы 4505 теңге төлейді. Сенбі-жексенбі күндері 5 жастан асқан балаға кассадағы билет құны – 4800 теңге, интернетте – 4080 теңге. Бірақ шаңғыны жалға алудың құны бұған қосылмайды. Яғни тауға шыққан соң шаңғы тебемін десеңіз қалтаңызға түсер салмақ ауырлай түседі. Карантиндік жағдайға орай соңғы кездері билет кассадан емес, тек онлайн сатылып жатыр екен. Яғни бір картадан үш билетке ғана ақша төленеді, аспалы жолға да бір жанұядан болсаңыз да үш адамға ғана отыруға рұқсат. Тау-шаңғы курортының әкімшілігі қызмет құнының көтерілу себебін кассадағы билеттердің сатылымын азайтумен байланыстырады. Бірақ мамандар пікіріне сүйенсек, таза ауа, қысқы спорт, керемет табиғат пандемиялық жағдайда халықтың саулығын сақтауда, өкпені шыңдап, ағзаны шынықтыруда пайдасы зор екен. Ендеше тау шаңғы курортын ұлт саулығын сауықтыруға неге пайдаланбасқа?!

Кеңес Алшынбаев, терапевт, медицина ғылымының докторы, профессор:

– Каронавирус індетінің, індет салдарынан күшейіп тұрған пневмонияның ең алдымен өкпені зақымдайтынын көріп отырмыз. Демек осындай кезеңде дұрыс тыныс алу, таза ауада көп серуендеу, дене шынықтырумен көп айнылысудың маңызы зор. Жақында мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, балабақшаларда, мектептер мен колледждердегі дене шынықтыру мұғалімдерінің айлығына жаңа қосымша ақы тағайындалды. Бұдан былай дене шынықтыру пәні мұғалімдерінің еңбекақысына ай сайын қосымша 17 697 теңге төленеді. Өз кезегінде пән мұғалімдері әдеттегі сабақтарынан бөлек, қосымша спорттық-сауықтыру сабақтарын, яғни секциялар өткізуге тиіс. Ол балабақшадағы балалардың, мектептегі оқушылар мен колледж студенттерінің ағзасын шынықтыру үшін жасалып жатқан жұмыстар. Ал еліміздегі ересектер ше? Шыны керек, қазір ересектер көп қозғала бермейді, спортпен де айналыспайды. Көптеген елдер қазір салауатты өмір салтын ұстану, спортпен достастыру мақсатында жұмыстар жүргізіп жатыр. Сондықтан бізге де халыққа «спорт денсаулық кепілі» екенін көбірек насихаттап, халық жүгіретін алаңқайлар салып, қала ішінде серуендейтін саябақтардың санын арттырып, тегін үйірмелердің санын көбейту қажет. Сондай ақ халықты спортпен достастырудың жолдарын қарастыру керек. Мәселен қысқы спорт түрлерінде біздің еліміз әлсіздеу. Өйткені халық қысқы спорт түрлерімен айналыспайды. Ата анасы айналыспаған соң балаға да қысқы спорт түрлері жат. Шымбұлаққа апта сайын баласын апарып тұруды кез келген тұрғынның қалтасы көтере бермейді. Қысқы спорт түрлері қымбат саналады. Сондықтан тұрғындар қыстық кастюм, шаңғы, коньки, сноуборд құралдарын көбінесе жалға алады. Халықты спортпен достастырудың дәл қазір пайдасы зор дер едім.

Маман қысқы спорт түрімен айналысу халық денсаулығына пайдалы десе, тау-шаңғы курортының әкімшілігі қызмет құнының көтерілу себебін кассадағы билеттердің сатылымын азайтумен байланыстырып отыр. «Біз абонементтер мен билеттердің бағаларын өзгерттік. Түсіндірсек, бұл біздің қыңырлығымыз емес, мәжбүрлі қажеттілік. Демалыс орнына келушілерді 30% дейін төмендету міндеті тұр. Адамдардың көп жиналуын шектеу және демалушыларды коронавирус инфекциясынан сақтауымыз керек», – дейді «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортының коммерциялық директоры Владислав Семенов. Бәлкім мәселеге басқа тұрғыдан қарап, ара қашықты сақтай отырып, Шымбұлаққа кіру ақысын төмендетіп,  халыққа денсаулығын шынықтыруға мүмкіндік беру керек шығар?!

Қысқы спорт түрі расында да қымбат екені рас. 11400 теңге Шымбұлаққа тек кіру ақысы болса, шаңғы жалдау 3000 теңгеден басталады. Тау басында тамақтану құны да арзан емес. Бір адамға тау басында тамақтану үшін 5 000 теңге қажет. Су сіңбейтін арнайы киім мен  қорғаныс көзілдірігіне кем дегенде 5 мың теңге төлейсіз. Нұсқаушының бір сабағы 8-10 мың теңге аралығында болса, маусымдық абономент құны бір ересек адамға 290 мың теңге тұрады. Он жасқа дейінгі бала үшін оның құны 143 мың болса, он жастан асқан бала үшін 210 мың теңге. Сонда екі баласы бар, бір жанұя үшін тауға шығып, шаңғы тебу құнын есептей беріңіз.  Сондықтан қалтасы жұқалтаң халық Шымбұлақтың шыңына көтеріліп, жаяу серуендеп, суретке түскендеріне ғана мәз. Осы орайда айта кетер жайт, қысқы спорты өте жақсы дамыған Норвегияда халықтың жартысынан көбі тұрақты түрде спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстанады екен. Ол үшін елде барлық жағдай жасалған. Яғни, бұқаралық спортты дамыту арқылы, Олимпиада және әлем чемпиондарын дайындаудың жеңіл жолын тапқан. Норвегияның 30-40 мыңдық қалашықтарының басым бөлігінде кем дегенде 200 шақырымдық велосипед жолы, 3 шаңғы жолы, халықаралық талаптарға сай стадион және өзге де спорт нысандарымен қамтылған көрінеді. Осындайда еске түседі, бір кездері Елбасымыз «2020 жылға қарай ел халқының кем дегенде 20 пайызын бұқаралық спортқа тарту туралы» тапсырмасын орындауға ниет те танытпаған сыңайлымыз. Өйткені 2020 түгілі 2021 жылы да халықтын денсаулығын шынықтырып, бұқаралық спортты дамытуға аса көңіл бөлмегеніміз байқалады…

Ұлжалғас Есназарова, ҚР Білім беру ісінің үздігі:

  • Жалпы ұлтымыз спортпен көп достаса қоймаған. Шетелдіктердің өзі тауымызды іздеп келіп жатады. Ал алда жалда тауға бара қалсаң табиғаттың рахатын көріп жүрген қазақтардан гөрі өзге ұлт өкілдерін көп байқайсың. Қазіргі технология заманы жеткін­шектеріміздің алтын уақытын алуда. Балалар бұрынғыдай далада асыр салып ойнамайды. Қала тұрмақ, ауылға талай барғанымда далада ойнап жүрген балаларды көрмедім. Интернет, гаджет, айфон, ұялы телефон, ноутбук және т.б. техникаға телміріп ойын ойнап, сурет салып, видео-роликтерді айналдырып үйден шықпауды қазіргі жасөспірімдер әдетке айналдырған. Заманауи технология жастардың санасын улап, денсаулығына зиянын келтіруде. Осыдан барып жастар қысқы спорт тұрмақ, жүгіре алмайтын дәрежеге жетті. Халықаралық деңгейде ел намысын қорғап жүрген спортшыларымызды саусақпен санап шығуға болады. Бұған дейін Жазғы Олимпиадалардан жүлдесіз қайтып көрмеген ұл-қыздарымыз Ақ Олимпиаданың шыңына шықпақ түгілі қатысудың өзі мұң болып барады. Осы орайда шаңғы спорты, мәнерлеп сырғанау, шаңғымен тұғырдан секіру, конькимен жүгіру, биатлон сияқты спорт түрлерін елімізде дамытудың бірден бір жолы бұқаралық спортты дамытып, спорттық мекендерді халықтың қалтасына сай ету дер едім. Кішкентайынан аяғына коньки іліп көрмеген бала қысқы спортпен қайдан достассын? Мейлі туристер үшін баға сәл жоғары бола берсін, бірақ Шымбұлақ, Ойқарағай секілді тау шаңғы курорттарындағы бағаларды бақылап, халық қалтасына сай ету керек дер едім.

 

Қуаныш ӘБІЛДӘҚЫЗЫ

Комментарий