Жаңалықтар | НовостиҚұқық | Право

ҚАТАҢ ЖАЗА ЖАУАПТЫЛЫҚТЫ КӨТЕРЕДІ

Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстықпроцестік заңнаманы жетілдіру және жеке адам құқықтарының қорғалуын күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңы қабылданғаны, соған орай, қылмыстық заңнамалардың жаңартылып, кейбір жаза түрлерінің қатайтылғаны баршаға мәлім. Өзгерістер мен толықтыруларды жалпылай айтсақ, экологиялық және көліктегі қылмыстық құқық бұзушылықтарға, жыныстық зорлық-зомбылық пен педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық, ұрлық және басқа да ауыр, әсіресе балаларға қатысты қылмыстарға қолданылатын жазалар күшейтілді.

Бұған қоса Қылмыстық кодекске алкоголь, есірткі әсерімен жол ережесін бұзып, соның салдарынан абайсызда денсаулыққа зиян келтiргендер мен адам өліміне себеп болғандарға жаңа бап енгізілді. Яғни, ҚК 345-1-баппен толықтырылды. Қылмыстық заңдардағы өзгерістерге қысқаша тоқталар болсақ, жоғарыда аталған жаңа бапқа сай, мас күйінде көлік жүргізіп адам денсаулығына орташа зиян келтіргендер белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан он жылға айырылып, 1000 айлық есептiк көрсеткiшке (АЕК) дейiнгi мөлшерде айыппұл арқалайды. Яки, сол мөлшерде түзеу немесе 400 сағатқа дейiн қоғамдық жұмыстарға тартуға, не болмаса 1 жылға дейін бас бостандығын шектеуге не бас бостандығынан айыруға жазаланады. Ескерерлігі, аса ауыр зиян келтірсе, адам өлімі болса жаза түрі де қатаңдай түседі. Тағы бір айтарлығы, 346-бап түбегейлі өзгертілді. Осы бапқа орай, көлік жүргізу құқығынан айырылған немесе масаң күйдегі адам көлік жүргізсе, онда ол белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айырылып, 5000 АЕК-ке дейiн айыппұл төлеуі, яки 5 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Көлікті басқа адамның мас күйінде жүргізуіне жол бергендер де осындай жазаға тартылады.
Бала өмірін қию және зорлық-зомбылық көрсетуге қатысты қылмыстық жазалар осы заңмен барынша қатайтылды. Әйел зорлау, сексуалдық сипаттағы, сол секілді басқа да зорлық зомбылық әрекеттерге барғандар 5 жыл мен 8 жыл аралығында бас бостандығынан айырылады. Бұрын мұндай қылмыстар 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасымен шектелетін. Ал кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған жыныстық зорлық-зомбылық қылмыстарын жасырғандарды 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған. Егер зорлау әрекеті жас балаға қатысты жасалса, онда қылмыскерлер 20 жылға немесе өмір бойына бас бостандығынан айыруға жазаланады. Заңсыз аң аулағандар жазасы да ауырлады. Браконьерлерге бұрын 200 АЕК айыппұл салынса, енді ол 4000 АЕК-ке өсті. Ал қоғамдық жұмыстарға тарту жазасы 200-ден 1000 сағатқа, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе қызметпен айналысу құқығынан айыру 1 жылдан 3 жылға қатайды. 50 тәуліктік тұтқындаудан өзге 4 жылға дейін бас бостандығын шектеу және айыру, мүлікті тәркілеу сынды жазаның жаңа түрі енді. Ерекше қорғалатын табиғи немесе төтенше экологиялық аумақтарда, сондай-ақ жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлеріне, т.б. ірі залал келтіріле отырып жасалған заңсыз аң аулауға көзделген бұрынғы 5000 АЕК айыппұл, 6000- ға көбейіп, бас бостандығын шектеу және айыру 3 жылдан 6 жылға, ал, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе қызметпен айналысу құқығынан айыру 3-тен 7 жылға дейiн қатайды. Санкция 1200 сағат мерзімге дейін қоғамдық жұмыстарға тартуды қоспағанда, мүлікті тәркілеу түріндегі жазамен толықтырылды. Осыған қатысты қылмыс бөлігі бұрын орташа ауыр қылмыс саналса, бүгінде ол ауыр қылмыс санатына жатқызылды.
Жаңа нормаға сай, мал ұрлығы мен қарулы шабуыл теңестірілді. Мал ұрлығы мен тонау қылмысына жеке мүлкін тәркілей отырып 5-тен 10, ал, қарулы шабуыл үшін 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделді. Малмен қатар, тұрғын үйге, кеңсеге немесе өндірістік жайларға, қоймаға, көлікке заңсыз кіру арқылы жекенің меншігін не мүлкін ұрлау, тартып алу, қол ды ету ауыр қылмыс түріне енді. Ұрлық үшін бас бостандығынан айыру жазасы 2 мен 7 жыл арасын құрайды.
Есірткіні заңсыз жарнамалап, насихаттағандарға да қылмыстық жауапкершілік қатайды. Қылмыстық кодекске есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын, прекурсорларын насихаттау немесе заңсыз жарнамалау бойынша 3 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейтін жаңа норма енгізілді. Қылмыстық іске бірнеше рет бару, сондай-ақ, БАҚ пен электрондық ресурстар арқылы жарнамалау, теріс пиғылын білім беру мекемелері мен қоғамдық орындарда жүзеге асыру қылмыстарына 3 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Заңнама талаптарының өзгеріске ұшырауы уақыт қажеттілігінен туындап отыр. Негізінен бұл өзгерістер жауапкершілікті қатаңдату арқылы қылмыстың алдын алуға бағытталған. Ел азаматтары жауапсыздық соңы қатаң жазаға әкелетінін есте ұстағандары абзал.
Сәкен СӘДУАҚАС,
Шарбақты аудандық сотының судьясы
ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ

Комментарий