Жаңалықтар | НовостиҚоғам | Общество

АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМ БАСТАМАЛАРЫНА СҰРАНЫС БАР

Өндіріс орындарынан бастап, отбасылық қожалықтарға дейінгі барлық шаруашылық субъектілері үшін коронавирус індетінің таралуына байланысты енгізілген шектеулер айтарлықтай қолайсыздықтар тудыруда. Біреулері дайын өнімін өткізе алмай, еріксіз өндіріс көлемін шектей бастаса, енді бірінде импорттық шикізат пен техника бағасының көтерілуіне байланысты еңбек өнімділігі төмендеуде. Бағаның тұрақсыздығынан табысы азайған халықтың тұтынушылық сұранысы да күрт кеми бастады. Бұл тығырықтан шығар жол әзірге көрінбейді.

Індеттің қашан ауыздықталатынын ешкім болжай алмағандықтан, алдағы күнге қатысты жоспар, стратегияларға деген халықтың сенімі де күн өткен сайып азайып бара жатыр. Көптеген сарапшылардың айтуынша, мұндай жағдай әлемдік деңгейде алғаш рет тіркеліп отыр. Індеттік жағдайдан туындаған дағдарыстың қысқа уақытта ұлттық ауқымнан, аймақтық, ғаламдық деңгейге дейін көтерілген кезі әлемде бұрын-соңды болмаған көрінеді. Егер ол тағы бірнеше жылға созылатын болса, жұмыс орындарының қысқаруынан әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы қиындаған халық наразылығы бүкіл әлемді шарпуы мүмкін. Сондықтан оны теріс пиғылдағы жекелеген адамдар мен топтар өз мүддесіне пайдаланбауы үшін билік пен халық арасындағы қарым-қатынастың жолы мен құралдарын жетілдіруге атқарушы және заң шығарушы билік органдары да ынталы боп отыр. «Құланның қасуына мылтықтың басуы» дегендей, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет құру» тұжырымдамасы дәл осы кезеңге дөп келіп тұр.
Бұл туралы Мемлекет басшысы 2020 жылғы Жолдауында: «Егер азаматтарымыздың әл-ауқатын шын мәнінде жақсартқымыз келсе, олардың өздерін осы іске белсенді түрде тартқан жөн. Алдағы саяси реформалардың барлығы халықты мемлекеттік басқару ісіне кеңінен қатыстыруға бағытталуы керек. Ашығын айтсақ, мемлекеттік органдарда әлі де болса формализм мен жайбасарлық кеңінен етек алып отыр. Азаматтарымыз өздерінің жергілікті деңгейдегі мәселелерімен орталық мемлекеттік органдарға жүгініп, Мемлекет басшысына шағымдануға мәжбүр. Сол үшін жергілікті жердегі басшылардың құзыреті мен жауапкершілігін арттыру керек. Әлеуметтік желілердің арқасында өңірлерде шешімін таппаған мәселелер
бүкіл елге белгілі болып жатады. Азаматтарымыз реформаларға бастамашы болып, ұсыныстар беру үшін онлайн-петициялардың бірыңғай заңды институтын құру қажет. Мұндай құрылым қандай да бір бұрмалау әрекеттерінен толық қорғалуға тиіс.
Үкімет азаматтық қоғаммен бірлесіп, осы маңызды жобаның нормативтік-құқықтық базасын әзірлеуге және оның барлық техникалық мәселелерін шешуге тиіс» деген болатын. Әзірге бұл бағытта айтарлықтай өзгеріс жоқ. Дегенмен сең бұзылды, ендігі әрекет билік пен қоғам арасындағы тұрақты диалогта. Бұл міндетті жүзеге асыруда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіне ғана үміт артып қоймай, ҚР Президентінің Жолдауында айтылғандай, мәслихат отырыстарының міндетті онлайн-көрсетілімдерін де енгізу қажет. Халық қалаулыларының өзара пікірталасы, олардың қоғамдық-саяси келбеті жұртшылық үшін қол жетпес құпия болмауға тиіс. Сонда ғана халықтың билік органдарына деген сенімі артып, азаматтық бастамалар қоғамның дамуы мен тұрақтылығының бір өлшемі ретінде бағаланатын болады. Ал бұрынғыдай айтылған сөз айтылған жерінде ғана қалып қоятын болса, одан енді ешкім ешнәрсе
ұтпайды.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті»

Комментарий