Жаңалықтар | НовостиҚоғам | Общество

Нұр-Сұлтанның бас санитар дәрігері вакцина салдырмау себебін түсіндірді

Қаланың бас санитар дәрігерінің сөзіне қарағанда, жақында ұжымның ішінде коронавирус жұқтырған адам анықталған. Нұр-Сұлтан қаласының мемлекеттік бас санитар дәрігері Сархат Бейсенова коронавирусқа қарсы вакцинаны не себепті салғызбайтынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

“Мен өзім эпидемиолог дәрігер ретінде профилактиканы қолдаймын және кез келген инфекцияға қарсы вакцина алу қажет деп санаймын. Бірақ дәл қазір маған вакцина салуға болмайды. Мен – анамын, кішкентай балам бар. Оны емізіп отыру керек. Ондайда вакцина салуға болмайды”, – деді Бейсенова орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Қаланың бас санитар дәрігері вакцина салғызбаудың тағы бір себебін атады. Оның сөзіне қарағанда, жақында ұжымның ішінде коронавирус жұқтырған адам анықталды.

“Демек, мен қарым-қатынаста болған адам болып саналамын. Ал белгілі бір уақыт өткеннен кейін және екпе салуға рұқсат берілген бойда мен қолжетімді кез келген вакцинаны сала беремін”, – деп атап көрсетті Бейсенова.

Жаппай вакцинация басталды

Қазақстанда 1 ақпанда коронавирусқа қарсы жаппай вакцинациялау басталды. Бүгін бас мемлекеттік санитар дәрігері Ерлан Қиясов пен вице-министр Ажар Ғиният ресейлік “Спутник V” вакцинасын салғызды. Оларға екпенің алғашқы компонентін екті. Енді үш аптадан кейін олар қайта келіп, вакцинаның екінші дозасын алу қажет.

Енді, вакцина инфекцияны жұқтыру және тарату қаупі жоғары халықтың осал топтарына кезең-кезеңмен салынады. Олардың ішінде медицина қызметкерлері, педагогтар, учаскелік полицейлер, студенттер, құтқарушылар, полицейлер, әскерилер және тағы басқа мемлекеттік қызметкелер бар. Созылмалы ауруы бар адамдарға да бірінші кезекте салынады. Екпе тегін және ерікті түрде егіледі.

Вакцина кімдерге салынбайды?

  • жүкті әйелдер;
  • ауыр аллергиясы мен вакцинаның құрамындағы заттарға жоғары сезімталдылығы бар адамдар;
  • 18 жасқа толмағандар;
  • 65 жастан асқандар.

Денсаулық сақтау министрлігі жыл соңына дейін 6 миллион қазақстандыққа вакцина салуды жоспарлап отыр. Ал 2021 жылдың сәуір айынан кейін COVID-19-ға қарсы қазақстандық вакцинамен жаппай егу басталады

Комментарий