Жаңалықтар | НовостиҚұқық | Право

7 жастан белгіленеді: министр мүгедек балалар үшін қандай өзгеріс болатынын айтты

Шәпкенов жаңа норма аясында Байқоңыр қаласында тұратын мүгедек балаларға берілетін жәрдемақының мөлшері де өсетінін атап өтті. Қазақстанда мүгедектік тобы балаларға 7 жастан бастап беріледі. Оларға төленетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы да артады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов мәжілісте азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау туралы заң жобасын таныстыру барысында мәлімдеді.

«Заң жобасында 7 жастан 16 жасқа дейінгі балаларды мүгедектік топтары бойынша бөлу көзделеді. Бұл шара балалар сырқатының ауырлық дәрежесіне байланысты жәрдемақы мөлшерін сараланған түрде белгілеуге мүмкіндік береді», – деді министр.

Бұл ретте жәрдемақы мөлшері 16,7%-тен 37%-ке дейін артады. Жаңашылдық 31 мыңнан астам мүгедек балаға қатысты болады.

Қазіргі кезде Қазақстанда балаларға мүгедектік тобы 16 жастан беріледі. Он алты жасқа дейінгі мүгедек балаларға 1,4 КД, яғни 48 023 теңге жәрдемақы төленеді.

Ал мүгедектік тобы 7 жастан бастап белгіленген жағдайда, жәрдемақы мөлшері де ұлғаяды:

  • 7 жастан 16 жасқа дейінгі І топтағы мүгедек балаға –1,92 КД немесе 65 860 теңге;
  • 7 жастан 16 жасқа дейінгі ІІ топтағы мүгедек балаға – 1,59 КД немесе 54 541 теңге;
  • 7 жастан 16 жасқа дейінгі ІІІ топтағы мүгедек балаға – 1,4 КД немесе 48 023 теңге.

Шәпкенов жаңа норма аясында Байқоңыр қаласында тұратын мүгедек балаларға берілетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақының мөлшері де өсетінін атап өтті.

Комментарий