Жаңалықтар | Новости

Алматыда карантин жеңілдей ме? Бекшин қаланың “сары” аймаққа оралуы туралы айтты

Алматының коронавирус бойынша “сары” аймаққа оралуына байланысты карантин шектеулері жеңілдейді. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісіне қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин мәлімдеді.

Оның айтуынша, бұған дейінгі қатаң шектеулер “қызыл” аймақ кезеңіне қабылданған. Алайда 30 қаңтарда қала “сарыға” ауысқаны белгілі болды.

“Алматы “сары” аймаққа көшкен кезде жеңілдеулер болады. Бұл барлық тармаққа, соның ішінде коронавирус жұқтырған науқастарды ауруханаға жатқызуға қатысты. Симптомсыз науқастар үйде қалады, бірақ оқшаулау ережелері орындалуы тиіс. Ал ауырлығы орташа науқастар қолданыстағы қаулы бойынша ауруханаға жатқызылады”, – деді Бекшин.

Бас санитар дәрігер Алматыда “сары” аймақта қолданылатын жаңа шектеулер күшіне енетінін айтты. Ол үшін қаладағы нысандардың қызметін реттейтін жаңа қаулы қабылдау қажет. Құжатқа жақын арада қол қойылады.

Бұған дейін Жандарбек Бекшин симптомсыз коронавируспен ауырып жатқан науқастарды ауруханаға жатқызу пайдасыз әрі қауіпті деген дәрігерлердің сынына жауап берген еді. Ол соңғы қаулы қабылданғанға дейін санитар дәрігерлер мен медицина қызметкерлері ауруханаға жатқызудың бұл тәсілін сынап көргенін айтты. 25 желтоқсаннан бастап олар екі-үш апта ішінде коронавирустың симптомсыз және жеңіл түрлері анықталған науқастардың 30-35 пайызын карантиндік стационарға жатқызған. Бекшин бұл жағдайда отбасыларда инфекция жұқтыру тоғыз пайызға төмендегенін айтты.

Еске салайық, 28 қаңтарда Алматының бас санитарлық дәрігері 1 ақпаннан бастап қалада коронавирус жұқтырған кез келген адам, симптом түріне қарамастан ауруханаға жатқызылуы тиіс деген қаулы қабылдады. Сонымен қатар, қалада Алматының “қызыл” аймаққа көшуіне байланысты карантин шаралары күшейтілу керек еді. Бірқатар объектілердің қызметіне шектеулер енгізілді. Демалыс күндері сауда және ойын-сауық орталықтарының жұмысына тыйым салынды. Театрлар мен кинотеатрлар да жабылу керек болған.

Комментарий