Жаңалықтар | НовостиҚоғам | Общество

ЕКПЕ САЛДЫРУ ЕРКІҢІЗДЕ

Былтырдан бері әлемді жайлаған коронавирус індеті Қазақстанды да қатты шарпығаны белгілі. Талай жанның өмірін жалмаған тәжтажалмен күрес жолында халыққа вакцина егу бүгінгі таңдағы басты мәселеге айналған. Әлеуметтік желілерде халыққа ұсынылып отырған вакцинадан адам өміріне келер қауіп пен залал туралы ақпараттар желдей есуде. Мұның өзі жұртшылықтың сенімсіздігін күшейте түскендей. Шындығында, коронавирусқа қарсы екпе қауіпсіз бе, ол қандай, қашан, қайда және кімдерге салынады?
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сәйкес, 2021 жылғы 1 ақпаннан бастап ҚР-да Ресейде шығарылған Гам-КОВИД-Вак («Спутник V») вакцинасын пайдалана отырып, КВИ-ға қарсы вакцинация басталады. Одан әрі 15 ақпаннан бастап вакцинациялау процесіне Қарағанды фармацевтикалық кешенінің базасында өндірілген Гам-КОВИД-Вак вакцинасы қосылатын болады. 2021 жылдың екінші тоқсанынан бастап вакцинациялау процесіне отандық QazCovid-In препаратын қосу жоспарланып отыр, бұл вакцина қазіргі уақытта клиникалық сынақтардың 3-ші кезеңінен өтуде. ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың Үкімет отырысында мәлімдегеніндей, Қазақстанда вакциналау 6 кезең бойынша жүзеге
асырылады. Бірінші кезеңде медицина қызметкерлері, екінші кезеңде педагогтар, яғни 150 мың адам вакцина алады. Сәуір айында мектеп-интернаттар, балалардың мектепке дейінгі мекемелері педагогтары, студенттер және созылмалы аурулары бар адамдарға екпе егіледі. Мамыр айында Ішкі істер министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі, Қорғаныс министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері вакциналаудан өтеді. Бесінші кезеңде балалардың жабық мекемелерінің қызметкерлері және созылмалы аурулары бар адамдарға екпе салынады. Алтыншы кезеңде қалған адамдар вакцина алуы тиіс. Ал COVID-19 жұқтырып, ауырып тұрғандарға екпені салу-салмау мәселесі әлі талқылануда. Екпе алғандардың барлығы да дәрігердің бақылауында болады. Вакцина салдырғандар үшін электрондық паспорт әзірленген. Ол тікелей eGov Mobile мобильдік қосымшасында қолжетімді болады. Паспортта азамат туралы, ол алған вакцинаның түрі, кезеңі, екпеден кейінгі бақылау туралы ақпарат қамтылады. ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі» кодексінің 77-бабының 18-тармағы бойынша кез келген медициналық процедура, оның ішінде вакцина қабылдау да адамның өз еркімен, саналы түрде келісім бергенде ғана салынады.
Қазақстанда вакцина қабылдаудан бас тартқанға ешқандай әкімшілік және қылмыстық жауаптылық жоқ. Кез келген қысым жасаушылық заңсыздық болып табылады. Вакцинаны ережеге сай 18-60 жас аралығындағылар ғана өз еркімен қабылдайды, ал балаларға вакцина салынбауы тиіс.
«Екпе ақылы бола ма?» деген сауалға ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов жауап берді. «Вакцинаны нарыққа шығару мәселесі нақтыланған. Ақпанда 90 мың доза, наурыз айында 150 мың доза, келесі айларда 600 мың доза шығарылады. Сәуір және мамыр айларында вакцина халықтың басым бөлігіне қолжетімді болады. Бұл міндетті медициналық сақтандыру есебінен жүзеге асырылады. Яғни, вакцина тегін болады. Үкіметтің қорынан қаржы бөлінеді. Сәйкесінше, адамдарға вакцинация тегін болады. Бұл Қазақстанның барлық азаматтарына қатысты», – деді М.Шоранов. Бүгінгі таңда өзектілігі артып тұрған бұл мәселеге қатысты Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың күні кеше ғана өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында қазақстандық вакцинаны салдыратынын мәлімдеуі көпшілік көкейінде ұялаған күдікті сейілте түскендей. Вакцина қабылдауда ел денсаулығының қауіпсіздігіне баса назар аударған Мемлекет басшысы: «Кейбір арандатушылық ақпараттарда айтылғандай, вакциналау дегеніміз ешкімге күштеп вакцина салу емес» – деп нақты айтты.
Айгүл АХМЕТОВА,
«Заң газеті»
P.s. Жаңадан сайланған ҚР Парламенті
Мәжілісінің депутаты Қазыбек Исаның
екпе мәселесі жөнінде құзырлы тұлғаларға
депутаттық сауал жолдағаны белгілі болды.

Комментарий