Жаңалықтар | НовостиҚоғам | Общество

ҚАУЫМДАСТЫҚ ҰЛТ ҰЙТҚЫСЫНА АЙНАЛА АЛМАДЫ

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне қарағанда Қазақстан халқы соңғы 30 жылда 16,1-ден 18,6 млнға, яғни 2,5 млн адамға ғана өскен. Оның 1 миллионы Атажұртына оралған қазақтардың үлесіне тиеді. Осыған қарамастан мемлекеттің қалыптасуы мен дамуына қазақ диаспорасы мен ирреденттерінің қосар үлесі әлі күнге дейін бағаланған жоқ. Алдағы жылы диаспоратану терминінің елімізде ғылыми айналымға енгеніне және Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайының өткеніне 30 жыл толады. Ал мемлекеттің негізін құраушы ұлттың әрбір үшіншісі әлі күнге сыртта жүр.

Дүниежүзі қазақтарының бірінші құрылтайында құрылған Әлем қазақтарының орталығына көп міндет жүктелді. Алайда ол ұлт бірлігін нығайтудың ұйтқысына айнала алмады. Бастапқыда Әлем қазақтарының орталығы, кейін Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы аталған бұл қоғамдық ұйымның төрағасы Тұңғыш Президент Н.Назарбаев болған. Қаржыландыру көзі айқындалып, Қазақстан халқы ассамблеясы сияқты артықшылыққа ие болмағандықтан, оның жұмысы көзге көрінбейді. 2017 жылы Нұр-Сұлтанда өткен V құрылтайынан кейін Президент тапсырмасына сәйкес «Отандастар қоры» құрылған еді. Соның салдарынан қауымдастық қор көлеңкесінде қалып қойды. Бірін-бірі қайталайтын бұл екі ұйымға мемлекеттен бөлінген бюджет қаржысының есебі жоқ. Мемлекет басшысының 1992 жылғы алғашқы және одан кейінгі құрылтайларда берген тапсырмасын бұл күнде кім, қалай жүзеге асырып жатқанын ешкім білмейді. Соның нәтижесінде ортақ мақсатта бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарудың орнына, Отандастар қоры мен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Крыловтың әйгілі мысалындағы «Аққу, шортан хәм шаянның» тірлігін жасауда. Соның нәтижесінде шекараның сыртындағы қазақтардың бұрынғы және соңғы 30 жылда қоныс аударғандарының нақты есебін бүгінде ешкім дөп басып айта алмайды. АҚШ пен Еуропа елдеріндегі қазақ мәдени орталықтарында да ондай мәлімет жоқ. Еуропа елдеріне Түркия арқылы барғандар белгілі бір деңгейде мәдени-спорттық шараларда бас қосып тұрғанымен, Қазақстаннан кейін кеткендермен байланысы әлсіз. 2011 жылғы 22 шілдеде қабылданған «Халықтың көші-қоны туралы» заңның 3-бабы бойынша Қазақстан аумағына келу және ел аумағында болу мақсатына қарай көшіп келудің мынадай негізгі түрлері бар: тарихи отанына оралу мақсатында; отбасын біріктіру мақсатында; білім алу мақсатында; еңбек қызметін жүзеге асыру мақсатында; гуманитарлық және саяси уәждер бойынша.
Өкінішке орай республикадағы түрлі мемлекеттік бағдарламаларды бір жүйеге келтіріп, оны көші-қон саясатымен үйлестірудегі олқылықтың салдарынан соңғы жылдары сырттан келетін қазақтардың саны күрт азайды. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне қарағанда, 2000 жылы елге келген 4056 адамның 2706-сы, 2008 жылғы 15081 адамның 13863-і, ал 2019 жылы 2854 адамның 2106-сы қазақ ұлтының өкілі болды. Ал елден кету көрсеткіші 2000–2005 жылдары 47 442-ден 74 807-ке дейін өсіп, 2006–2019 жылдары 66731- ден 12255-ке дейін азайды. Оның ішінде қазақтардың үлесі 2004–2005 жылдары 17 682-ден 57850-ке артып, 2006–2019 жылдары 48734-тен 7033-ке дейін кеміді десек те, келгендер мен кеткендер арасындағы айырмашылық әлі де жоғары боп тұр.

Маман пікірі

Әбдімәлік НЫСАНБАЕВ, диаспоратану терминін елімізде ғылыми айналымға ең алғаш енгізуші, ҚР ҰҒА академигі:
– Диаспорология немесе диаспоратану ғылымын қалыптастырудың әртүрлі себебі бар. ХХ ғасырдың басында оған қатысты түрлі пікірталас болды. Диаспоратанудың маңызы өте зор. Ол ішкі жағдайға да, сыртқы жағдайға да әсер етеді. Сондықтан оқу орындарының бағдарламасына арнайы пән енгізейік деп ұсындым. Алайда, ол қолдау таппады, тіпті кейбір кісілер диаспоратануға әлі күнге дейін қарсы шығып жүр. Осыған қарамастан 1990 жылдары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Философия және саясаттану институтына қазақ диаспорасының даму тенденциясын анықтауға арнайы тапсырма берген болатын. Біз оны өз әлімізше зерттеп көрдік. Өйткені этносаралық, ұлтаралық қатынас дейміз ғой, оның бәрі сайып келгенде диаспорологияға, диаспоротануға келіп тіреледі. Мәселен, Қытайдағы қазақтар өз территориямызда тұрмыз, біз ешқандай диаспора емеспіз дейді. Ол дұрыс. Ал оның жай-жапсарын анықтап, тәптіштеп түсіндіру үшін жан-жақты зерттеу керек. Бізде ғылымның бұл саласының тиісті деңгейде дами алмай отырғанының басты себебі – қаржыландыруға байланысты. Қолбайлау болған бұл түйткіл шешілетін болса, бірқатар мәселенің шешімі табылатын еді. Бізге де шетелдегі қазақ диаспорасын зерттейтін агенттік құратын уақыт болды. Оған сырттағы қазақ санының әлі күнге дейін нақтыланбауы айқын дәлел бола алады. Еліміздің орнықты дамуын қамтамасыз етуде диаспоратанудың маңызы өте зор

Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті»

Комментарий