Бас тақырып | Тема дняЖаңалықтар | НовостиҚұқық | Право

ТӘУЕЛСІЗ АДВОКАТТАР ТӘУЕЛДІ БОЛМАҚ

АЙМАН ОМАРОВА АДВОКАТТАР ҚҰҚЫҒЫНЫҢ ТАПТАЛЫП ЖҮРГЕНІН ТАЛАЙ РЕТ АЙТҚАН. ӨТКЕН ЖЫЛЫ ПРЕЗИДЕНТ Қ.ТОҚАЕВҚА ҰСЫНЫС ТАСТАП: «БІЗГЕ ҰЙЫҚТАП ОТЫРАТЫН, АДВОКАТУРАҒА ҚАТЫСТЫ ҚАРСЫ ПІКІР АЙТАТЫНДАР, ӨЗДЕРІНІҢ ЕШҚАШАН АБАҚТЫҒА ТҮСПЕЙТІНІНЕ СЕНІМДІ, АДВОКАТТЫҚ ҚЫЗМЕТТІ ТҮП-ТАМЫРЫМЕН ЖОЙҒЫСЫ КЕЛЕТІН ДЕПУТАТТАРДЫҢ ҚАЖЕТІ ШАМАЛЫ», – ДЕП ЕДІ. БҰЛ СӨЗІН АДВОКАТ ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫЛАРЫНЫҢ ӨЗДЕРІ ТАЛҚЫЛАЙТЫН ЗАҢ ЖОБАЛАРЫНЫҢ МАҒЫНАСЫН ҮНЕМІ ТҮСІНЕ БЕРМЕЙТІНІМЕН ТҮСІНДІРГЕН.

Былтыр заңгерлер заң көмегін жою, адвокаттар қоғамдастығының пікірін тыңдамастан адвокатты өмір бойына лицензиясынан айыру, сот процесінде және басқа да кездерде адвокаттарды белсенді ұстанымын білдіруден айыру секілді ұсыныстарға түбегейлі қарсылық көрсеткен. «Шын мәнінде адам құқығына кепілдікті ары қарай жетілдірудің, демократияландыру мен заңнаманы ізгілендірудің орнына, коммерциялық емес, тәуелсіз, өзін-өзі басқаратын адвокаттар ұйымының қызметіне кей депутаттардың қолымен өкілетті
органның кезекті рет араласуына талпыныс жасалуда», – деп санайды Айман Омарова. Ол елімізде адвокаттарға жасалатын қысым тыйылмай жатқанын жеткізіп: «Кейбір соттардың әділеттілік туралы айтқан адвокаттарға қысым жасағанына талай рет куә болдым. Соттарда прокурорлар мен сирек келетін медиаторлар үшін жеке кабинеттер бар. Сот ғимараттарынан шықпайтын адвокаттар үшін бөлек бөлме жоқ. Қудалаудың көмегімен адвокаттар тіпті адал жалақыдан айырылады», – деген.
Ал қазір Мәжіліс қолдап, Сенат қарауында жатқан «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» құжаттағы айлық төлем адвокаттардың тағы ашуына тиіп отыр. Құқық қорғаушы күні кеше әлеуметтік желіде тікелей эфирге шығып, заңға ұсынылған түзетулерге әріптестерінің бірауыздан қарсы екенін жеткізді. «Өйткені, адвокаттық қоғамдастықтың қызметіне араласуға жол берілмеуі тиіс», – деді Омарова. «Бір жағынан Республикалық адвокаттар алқасының шотына әрбір адвокат ай сайын кемінде 1 АЕК төлеуі дұрыс деп ойлауы мүмкін. Рас, біз өз-өзімізге қаржы құйып жатқан сияқтымыз. Олай болса, біздің не істеп, не қоятынымызды өзіміз шешуіміз қажет болмайды ма? Сол секілді, ай сайын төлейтін АЕК қажеті бар ма, жоқ па, оны да өзіміз шешуге тиіспіз. «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заңның 65-бабында: «Адвокат кеңсесі коммерциялық емес ұйым» екені тайға таңға басқандай жазылған. Олай болса, Республикалық адвокаттар алқасы – тәуелсіз, кәсіби, өзін-өзі басқаратын, өзін-өзі қаржыландыратын қауымдастық. Бірақ, адвокаттар алқасы заңда көрсетілгендей, тәуелсіз, өзін-өзі басқарады дей алмаймын. Дәл қазіргі жағдайға қарасақ, адвокаттар тәуелсіз емес, өзін-өзі басқару құқығы да жоқ. Өйткені, бұған дейін де мемлекеттік институттар біздің ісімізге араласқан.Қазір де солар бізге ай сайын төлейтін соманы тағайындап отыр», – деп ашынады Айман Омарова. Мемлекеттік бюджеттен ақша бөлінетін кезде қарастырылатын қаржының есебі, оның қандай мақсатқа жұмсалатыны сұралады. Ал адвокаттардың ай сайын төлейтін қаржысы Республикалық адвокаттар алқасына не үшін қажет екенін білмей дал. «Кемінде 1 АЕК, 2 немесе 3 АЕК болуы да мүмкін. Сосын ол қаржы қайда жұмсалады? Айталық, сонда ай сайын 5390 адвокат 15 миллион, жылына 180 миллионнан
астам қаржы жинайды. Осынша ақшаны қандай мақсатқа пайдаланады? Біздің қандай да бір мақсатымыз, жоспарымыз бар ма еді? Әлде адвокаттар алқасының төрайымы бізбен қандай да бір жоспарымен бөлісіп пе еді? Адвокатты өмір бойына лицензиясынан айыруды Әділет министрлігі құп көрмегенде, Республикалық адвокаттар алқасының төрайымы Қадыржан Баймұханова қолдайды. Ал сол төрайым екі жыл бойы қандай шаруа атқарғанын есіме түсіре алмай отырмын. Қауымдастықтың адвокаттар үшін қандай да бір шараларды ұйымдастырып, соттарға барып адвокаттар үшін болысқанын да білмеймін. Керісінше төралқа отырыстарына қатыспайды, адвокаттардың ұсынысын елең қылмайды, ал ақша өтетуге келгенде, өмір бойына лицензиясынан айыруға келгенде пайда бола кетеді», – дейді Айман Омарова.
Заң қабылданса, ауылды жерлердегі адвокаттар да кемінде 1 АЕК төлеуі тиіс. Ал ауылдарда жұмыс істейтін заңгерлердің қызметтеріне ақы төлеу күн тәртібінде тұрғанда, ай сайын ақша міндеттеу ақылға қонымсыз. Осылай деген адвокат ауыл тұрғындарында да, адвокаттарында да жағдай жоқтығын қадап айтқан. «Заңгерлерді әлеуметтік қорғау жоқ. Тіпті қарапайым еңбекке жарамсыздық парақтарын да төлеуге қаржы қарастырылмаған», – дейді адвокат. «Астарлы ақиқат» ақпарат агенттігінің басшысы, заңгер Сардар Әбдіжақия әріптесінің сөзін растап отыр. «Меніңше, адвокаттарға бірдей талап қойылу керек. Ауылдың, қаланың адвокаты деп бөліну дұрыс емес. Негізінде тәуелсіз адвокаттарға мемлекет ақы төлемейді, бірақ адвокаттар Республикалық адвокаттар алқасына ең кемі 1 АЕК төлеуі тиіс. Неге? Тәуелсіз адвокаттардың клиенті болмаған жағдайда, ай сайын адвокаттар алқасына қаржыны қайдан табады? Бұл тәуелсіз адвокаттардың тәуелділігін көрсетеді. Заң мен жеңілдіктер бірдей болсын, тәуелсіздік пен тәуелділік те өз орнында тұруы тиіс. Республика бойынша кәсіпкерлерге мораторий жарияланғаны секілді, адвокаттардың да салымын республика бойынша бірдей етіп, әділдік орнату керек. Бір сөзбен айтсақ, адвокаттарды ай сайын ақы төлетіп, салым салып, тәуелді етудің қажеті жоқ!», – дейді С.Әбдіжақия. Адвокаттардың талап-тілегін жеткізу үшін заңға енетін өзгерістерді мақұлдап жіберген бұрынғы
және қазіргі Мәжіліс депутаттарын, сенаторлардың ешбіреуін әңгімеге тарта алмадық. Көмекшілері қызметтік телефонын күні бойы көтермеді, ал әлеуметтік желідегі парақшаларына жолдаған сауалымыз жауапсыз қалды. Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті мүшелерінің өзі заңдағы өзгерістерге жауапты жұмыс тобында болмағанын алға тартса, комитет төрағасы, жұмыс тобының мүшесі Қанат Мусинмен байланысу мүмкін болмады.
Жадыра МҮСІЛІМ

Комментарий