Бас тақырып | Тема дняЖаңалықтар | НовостиСаясат | Политика

ҮКІМЕТКЕ ЖАҢА ТАПСЫРМАЛАР ЖҮКТЕЛДІ

Осы сейсенбіде Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп, оған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев онлайн режиминде қатысты. Алқалы отырыста Қазақстанның өткен жылғы жетістіктері мен кемшіліктері ортаға салынып, биылғы жылда атқарылатын жұмыстар ауқымы белгілі болды. Жиында алдымен сөз алған Премьер-Министр Асқар Мәминнің айтуынша, өткен жылы экономиканың дамуы, жұмыспен қамту және тұрғындар табысын қолдау бойынша көрсеткіштер Ақмола, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Алматы, Қостанай және Шымкент пен Нұр-Сұлтан қалаларында жоғары болды. Қостанай, Ақмола, Шығыс Қазақстан облыстары мен Алматы қалаларының өнеркәсіптік өңдеу салаларында өсудің жоғары қарқыны байқалды.

Биыл да сыртқы сын тегеуріндері жағдайында экономиканың өндірістік әлеуетін арттыру үшін индустрияландыру картасы бойынша жұмыс жүргізілетін болады. Агроөнеркәсіптік кешенде, металлургия, химия және жеңіл өнеркәсіп, құрылыс индустриясында, машина құрылысында жалпы құны 2 трлн теңге көлеміндегі 112 жоба іске қосылмақ. Өз кезегінде сөз алған Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевтың да сөзі көңілге үміт ұялатты. Пандемияның салдарынан орын алған дағдарыс жағдайында Ұлттық банк инфляцияны 7,5 пайыз көлемінде ұстап, ұлттық валюта нарығындағы тұрақтылықты да қамтамасыз етті. Жалпы, Қазақстанда былтырғы жылдың қорытындысы бойынша ұлттық ішкі жалпы өнімнің қысқаруы әлем бойынша 4,4 пайыздан 2,6 пайызға түсті. 2020 жылдың екінші тоқсанындағы рекордтық құлдырауға түскен іскерлік белсенділік дағдарысқа дейінгі деңгейдегі қалпына келтірілуде.
Ұлттық банктің болжамы бойынша ағымдағы жылдың 2 тоқсанынан бастап Қазақстанның экономикасы жағымды траекторияға шығады. 2021 жылдың соңында мұнай баррелінің 45 доллар көлемінде болу жағдайында ұлттық ішкі жалпы өнімнің көлемі 3,7-4,0 пайызға өседі деген үміт бар. Биыл Ұлттық банк инфляцияны 4-6 пайызға қайтаруға міндеттеліп отыр. Осы мақсатта 2030 жылға дейінгі ақша-несие саясаты жасалды. Жиында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой да баяндама жасап, Мемлекет басшысы оған пандемия жағдайында дәрі-дәрмектің қолжетімділігіне қатысты бірнеше сұрақ қойды. Министрдің берген жауабына қарағанда, құзырлы орын дәрі-дәрмектің шекті бағасын реттеу ережесін қайта қарау нәтижесінде ковидке қарсы препараттардың маркетингтік шығындарын толықтай жойыпты. Бүгінде көтерме және жеке саудадағы бағасы екі есеге дерлік төмендеген. Нарықтағы абыржушылықты болдырмай, дәрігерлік көмек қолжетімді болу үшін амбулаторлық деңгейде коронавирусты инфекция және пневмониямен ауырғандар дәрі-дәрмекпен тегін қамтамасыз етілді. Енді дәрі құнының жосықсыз өсуіне тосқауыл қою мақсатында биыл Халық денсаулығы кодексіне бөлшек саудадағы бағаны реттеуді алып тастауды дәйектейтін өзгеріс енгізілмек. Бұл сауданың осы секторындағы дәрі құнын төмендетуге қосымша негіз құруға мүмкіндік береді. Ал, Президенттің «Самұрық-Қазына Фармация» ЖШС-не қатысты атышулы мәселеге орай қойған сауалына Цой мырза бұл құрылымдағы жемқорлық фактілеріне сырттай сараптама жүргізілгенін, 23 мүшеден құрылған қоғамдық жұмыс тобының қатысуымен сыбайлас жемқорлыққа қарыс күрес қызметінің бақылауында тұрған шараларды орындау бойынша нақты жоспар құрылғанын жеткізді. Министрдің айтуынша, ең маңыздысы дәрі-дәрмекті сақтау және тасымалдау бойынша электронды форматқа көшу болып отыр. Сонымен қатар елдің бас дәрігері Президенттің халықты жаппай егу шарасына қатысты сауалына да жауап берді. Цой мырзаның мәлімдеуінше, бұл шара биылғы жылдың 1 ақпанынан басталмақ. Маңызды істегі бірінші мәселе екпе жасауға медициналық мекемелердің дайындығы болса, екінші мәселе азаматтар арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізу. Бүгінде құзырлы орын осы шаралардың толыққанды жүзеге асуына бар күшін жұмсауда. Жиынның негізгі мақсаты, яғни ағымдағы жылда басымдықтарды айқындауға қатысты сөзді Қасым-­Жомарт Кемелұлының өзі айтты. Мемлекет басшысы бұл ретте пандемия жағдайында ұлттық экономиканың тегеурінді сынақтарды бастан кешкенін айта келіп, осы кезеңде жіберілген қателіктерді, оларды жоюдың жолдарын жіліктеп берді.
Індет жағдайы алдымен іскерлік белсенділікке кері ықпал еткені белгілі. Одан әлі күнге шағын және орта бизнес қатты зардап шегіп жатыр. Ірі кәсіпорындар үшін де бұл сынақтың салдары оңайға түсіп жатқан жоқ. Десе де, Мемлекет басшысы халықтың үштен бірінің күнкөріс көзіне айналып отырған шағын бизнеске қолдау көрсетудің басты назарда тұру керектігін қатаң тапсырды. Бұл сектордың сұранысын тудырып отырған шаралар биыл да жалғасын табу керек. Өйткені бизнестің ахуалы қандай болса, халықтың да жағдайы сондай. Осыны айтқан Тоқаев мырза Үкіметке «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, бір айдың ішінде қажетті іс-шаралар топтамасын әзірлеуді міндеттеді. Мемлекет басшысы осы ретте бірқатар кемшіліктерге назар аудартты. Соның бірі ауылда банктер мен даму институттарының бөлімшелері жоқтығынан «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының алыс елді мекендерге жетпей жатқаны. Бұл жағдай оның қаржы көлемін ғана емес, оны жүзеге асыру ұстанымдары мен тетіктерін қайта қараудың қажет екенін көрсетіп отыр. Оған білікті микроқаржы ұйымдарының белсенді қатысуын қамтамасыз ету – Үкіметтің міндеті. Халыққа берілетін шағын несиелердің ставкасы 6 пайыздан аспауға тиіс.
Президент айрықша тоқталған мәселенің бірі – жұмыспен қамту шарасы болды. Бұл ретте бөлінген қаржының тиімсіз игерілгендігіне қынжылыс білдірді. 1 триллион теңге жұмсап ашқан жүздеген мың жұмыс орны жайлы ақпараттар зейнетақы және салық төлемдерімен сәйкес келе бермейді. Бұл азаматтарды қағаз жүзінде ғана жұмысқа орналастыру белең алып отыр деген сөз. Бірыңғай ақпараттық жүйеге бір адам туралы мәлімет қайта-қайта енгізіледі. Дәл осындай 15 мың жағдай тіркелген. Мемлекеттік кірістер комитеті мен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры Президенттің осындай есептерді автоматты түрде қайта тексеру тәсілдерін енгізу туралы тапсырмасын орындамапты. Індет тудырған дағдарыс әркімнің көрпесіне қарай көсілу қажеттігін көрсетті. Бұл Үкіметтен де пайдасыз шығындарды азайтуды талап етеді. Мемлекет басшысы бұл мәселеге қатысты да біраз кемшілікті ортаға салды. Бюджет әкімшілері ондаған, жүздеген миллион теңгеге жобалық сметалық құжаттар жасайды. Бүгінде бюджетке қатысты заңсыздықтардың 90 пайызы осы шаралардың тиімсіз жасалуынан, шығындардың құнын қолдан өсіруден орын алып отыр. Осындай әрекеттерге жол бермейтін «Сатып алудың бір терезесі» сияқты тетіктер енгізілу керек. Қаржының елеулі бөлігінің орталық органдардың жетекшілері үшін автопаркті ұстап тұруға жұмсалып жатқаны да назардан тыс қалмапты. Мәселен елімізде жылына бір машина үшін 6 миллион теңге шығындалады екен. Бірқатар елдерде жеке қызмет көлігінің орнына ақшалай өтем енгізілген. Бізде де бұл тәжірибе кейбір мекемелерде енгізіліп, өзінің тиімділігін көрсетуде. Осыған назар аудартқан Президент Үкіметке елеулі деңгейде қысқартуды қажет ететін мемлекеттік органдар басшыларын қызмет көлігімен қамтамасыз етудің жаңа жүйесін енгізуді міндеттеді.
Мемлекет басшысы сонымен қатар азық-түлік, халық тұтынатын әлеуметтік маңызы зор тауарлардың қымбаттап кеткеніне де назар аудартты. Бұл үрдіс жалпы инфляцияның 60 пайызына тең болып отырғанын мәлімдеп, Үкіметке бұл мәселені шешуді де қатаң тапсырды. Әрине, ерекше маңыз берілген мәселенің бірі – денсаулық сақтау саласы болды. Індет жағдайында бұл қызметтің қатал сынақтан өткенін, емдеу ісінде, әсіресе қажетті құрал-жабдықтардың, материалдардың жоқтығы қолбайлау болғанын айта келіп, Президент әкімдер мен кәсіби қоғамдастықты денсаулық сақтау ісін түгендеу шарасын жүргізіп, кем-кетікті анықтауға шақырды. Дәрі-дәрмектің жетіспеушілігі, оны емделушілердің өздері сатып алуға мәжбүрлігі де Президент назарынан тыс қалмай, өз тапсырмасымен Бас прокуратура бұл келеңсіздіктің сырын жекелей анықтауға кіріскенін айтты. Білім беру ісіне қатысты мектепке
дейінгі мекемелермен қамту деңгейінің төмендігі, елдің бәсекеге қабілеттілігінің бірден-бір кепілі болатын оқушылар үлгерімінің төмендеп бара жатқанын ортаға салды. Бұл ретте, білім
саласы тәжірибе алаңы емес екендігін, дамыған елдердегідей бұл үрдіс пен балаларды дамытудың түрлері арасында тепе-теңдік болуы қажеттігін атап көрсетті. Оқулық сапасын арттыруды тапсырды. Бұл жиында Мемлекет басшысы азаматтарымыздың тұрмыс сапасын жақсартып, табысын арттыруға қатысты мәселенің ешқайсысын қалыс қалдырмай ортаға салып, Үкіметке нақты тапсырмалар жүктеді. Жаңа да ескі атқарушы биліктің алдында сол міндеттерді ойдағыдай атқарып, халықты қазіргі кездің қиындығынан алып шығу міндеті тұр.
Айша ҚҰРМАНҒАЛИ
«Заң газеті»

Комментарий