Бас тақырып | Тема дняЖаңалықтар | НовостиҚоғам | Общество

МӘМС: ҚОМАҒАЙ ҚАПШЫҚҚА АЙНАЛДЫ

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылған 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап, 2020 жылдың 31 наурызына дейінгі аралықта Медициналық сақтандыру қорына 298,1 млрд теңгеден астам қаржы жинақталыпты. Бірақ халық осы миллиардтардың қызығын көре алмауда. Жүйенің іске қосылғанына үш жылдан асса да, әлі күнге медициналық сараптама талдауын ақылы тапсырып, жекеменшік емхананың  ақылы қондырғысының қызметіне қалтасынан ақша төлеп жүрген халық көп. Яғни МӘМС жүйесі медициналық қызметтің сапасын арттырып, халыққа медициналық қызметтерді қолжетімді ете алмады.

Сәйкесінше «МӘМС-ке ай сайын жарна төлейміз, ендеше неге тағы медициналық қызмет үшін қалтамнан ақша шығаруым керек?» деп ренжіген халық көп. Былтыр жазда каронавирус індеті жаппай таралған кезде медициналық қызметтің қолжетімсіздігінен ауруханаға сыймай қалған, жасанды тыныс алу қондырғысын жаны үшін шетелден тапсырыспен алдыртып, ауруханада дәрі дәрмектің жоқтығынан өз қалтасынан ақша шығарып, сатып алған жандар көп. Әлі күнге талап еткен жерлерге ПТР тесті де ақылы өтіп, жыл бойына жергілікті тіркелген емханаларының бірде бір қызметіне тегін жүгіне алмайтын тұрғындар бар.

О баста міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі іске қосылғанда, «енді еліміздің әр азаматы тегін медициналық қызметтерге қол жеткізе алатын болды» деп қуанған болатынбыз. Өйткені мемлекет денсаулық сақтау саласындағы осындай күрделі өзгерістерге халықты бірнеше жыл бойы дайындады. Артықшылығын тізіп, сақтандыруға сенімді күшейтті. Ал енді сөзді қойып, іске кірісетін уақыт жеткенде, халық ай сайын қалтасынан жарнасын төлеп, бірақ күткендей медициналық жәрдемге қол жеткізе алмай отыр.

Сондықтан МӘМС жүйесіне наразылардың саны артып барады. Ресми дерекке сүйенсек, өткен жылы медициналық қызметтің сапасына байланысты 100 мыңға жуық шағым түскен екен. Нақтырақ айтсақ 2020 жылдың  1 қаңтарынан бастап 1 желтоқсан аралығында  медициналық қызмет көрсетуге байланысты 96 884 шағым тіркелген. Әлеуметтік желілерде де медициналық қызметтің қолжетімсіздігіне қатысты сын айтатындар көбейіп барады. Соның дәлелі журналист Жарас Ниязбек фейсбук парақшасында: «Медициналық сақтандыру дегенің далбаса дүние екеніне көзім жетті. Былжырақ. Информбюрода жүргенде талай сюжет дайындаған едім. Сонда әр деңгейдегі басшылары сонша мақтап, ай сайын салған ақшаң саулығыңның кепілі деп сендірген. Сондағы айтқан сөздерімді қайтып алдым. Басқа түспейінше, өзің көрмейінше білмейді екенсің. Қысқасы, 2 аптадан бері әйелімнің басы ауырып жүр. Әсіресе, кешке тұра алмай жатып қалады. Күнде тіркелген емханаға барып, дәрігерге қаралады. Ай сайын МӘМС-ға ақшасын аударып отыр. Емхана да былжырап өзі ауырып тұрған басты одан ары қатырып жіберді. Невропатологқа кірсең, терапевтке жібереді. Ал ол жазылған жоқсың деп үйге қайтарып жібереді. Келесі күні жазылып терапевтке барсаң окулистке бағыттайды. Ол да бір күн бұрынғыдай қабылдамай қояды. Оған жуық арадағы жазылу ақпан айында ғана екен. Ойлаңызшы, бір айдан кейін. Ал енді баста микроинсульт болуы мүмкін деді. МРТ түсіру керек. МӘМС бойынша МРТ тегін. Тек жолдама беру керек. Ол жолдаманы бір апта жүріп әзер алдық. Енді оны түсіретін медорталық жақын 10 күнде орын жоқ дейді. Мұндайға қалай төзуге болады Alexey Tsoy мырза? Әлде жұрттың бәрі ақылы емделе бере ме? Жалпы елге осы МӘМС керек пе?» дейді ашынып. Бұл дәл қазір миллиондаған жанның басында бар жағдай. Медициналық қызмет әлі күнге елімізде қолжетімсіз…

Тағы бір мысал, «елімізде онкологиялық аурулардың алдын алу, ерте сатыдан анықтау бағытында көптеген жұмыстар жүргізіліп жатыр» деген есепті жиі естиміз. Бірақ жақында ғана туған анасын мамандар «онкологиялық аурудың төртінші сатысында, көмектесе алмаймыз» деп ауруханадан шығарып тастаған Ерке Айбергенова «ПЭТ (Позитронно-эмиссионной томографии) деген медициналық қондырғы бар. Онкологиялық ауруларды ерте сатыдан анықтайтын қондырғы. Алматыда соған түсу бағасы 250-300 мың теңге аралығында. Ол МӘМС бойынша кепілдендірілген тегін қызметтердің санатына жатпайды. Бірақ онкологтар аурудың алдын алу үшін, дертті ерте сатысында анықтау үшін әлгі қондырғыға жылына екі рет түсіп тұру қажеттігін айтады. Ал енді қарапайым қазақтың қалтасында оған жылына екі рет түсетін қаржы қайдан болсын?! Анамның бойында қатерлі дерт еш білінбей аурудың төртінші сатысына келгенде бір ақ білінген. Ауруханаға әкеліп жатқызғанымызбен дәрігерлер енді ем қонбайтынын айтып ауруханадан шығарып тастады. Енді анам тек өлім күтіп жаны қиналып жатыр. Жалғыз менің анам емес қаншама қатерлі дертке шалдыққан жандар осылай өмірден кетіп жатыр. Біздің елімізде рак әлі күнге емі жоқ дерт саналады. Өйткені ауруды анықтайтын қондырғы қолжетімді емес. Ал дамыған елдер үшін рак қатерлі дерт саналмайды. Өйткені ерте сатыдан анықтап емдеп тастайды. Осы орайда біз онкология дертімен талапқа сай күресіп жатырмыз» деп айта аламыз ба?!» дейді ашынып. Яғни жүйе қатерлі аурулармен күресуге септігін тигізе алып отырған жоқ.

Медициналық сақтандыру қорында млрд-тар барын қайтейік, мемлекеттік емханаларда маман да жетіспейді. Елімізде ана мен бала да тегін медициналық қызмет ала алмай отыр. Жас босанған ана Дана Әбденова «Есік қаласында босандым. Ауруханада жылы су болмады. Босанған соң баламды невропатологке көрсетпек болып, жергілікті тіркелген емханама хабарластым. Олар емханада балалар невропатологі жоқ екенін айтты. Амалсыз жекеменшік емхананың ақылы қызметіне жүгіндім. Қабылдауына он мың теңге төледім. МӘМС жүйесі іске қосылар алдында жекеменшік емханалардың да жүйе арқылы тегін қызмет көрсететіні айтылды. Ендеше сақтандыру қорына төлеген қаржының жекеменшік емхананың қолжетімді еміне кепіл болатыны қайда? Өзіме де жақында маммолог қажет болды. Оны да тіркелген емханамнан таппадым. Тағы жекеменшік емхананың медициналық қызметіне жүгіндім. Барлық балаға туған соң массажист қызметі де керек. Емханада ол да жоқ. Күніне 3500 теңге төлеп, өзім массажист жалдадым. Ақыры керек қой ендеше неге емханада сол қызметтерді қамтамасыз етпеске?! Сақтандыру қорындағы ақша есебінен ана мен балаға көрсетілетін қызметтерді тегін қылуға болады ғой» дейді.

Айта кетер жайт, қызмет сапасы өзгермесе де қорға ұстайтын ақша көлемі жыл санап көбейіп барады. Мәселен жұмыс берушілер 2017 жылдың шілде айынан бастап қарамағындағы қызметкерлер үшін жалақының 1 пайызы мөлшерінде жарна аудара бастады. Жүйе іске қосылмай жатып, елден жарна жинап бастады. МӘМС жүйесі тек өткен жылдың басынан бастап жүзеге асты. Жарна жұмыс берушінің қаражаты есебінен аударылады. 2019 жылы аударым мөлшері 1,5 пайызды, 2020 жылы 2 пайызды, 2022 жылдан бастап 3 пайызды құрайды деп күтілуде. Ал халық жүйеге, медициналық қызметтің қолжетімділігіне разы емес. Халықты қалтасынан алып бір, жалақысынан ұстап екі қайтара «тонап» отырған жүйе қоғамымызға керек пе жалпы?!

P.S. : Қазір кейбір дамыған елдер каронавирустан соң ағзаның айтарлықтай зақымданатынын айтып ұлт денсаулығын қалпына келтіруге кірісіп кетті. Халыққа пайдалы дәруминдерді ғана емес, медициналық қызметті де барынша қолжетімді қылуға тырысып, ұлт денсаулығын қорғауға алуда. Ал біз міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың халықтың көңілінен шығып, қоғамға сіңісіп кетуінің өзін қамтамасыз ете алмай отырмыз.

Қуаныш ӘБІЛДӘҚЫЗЫ

Комментарий