Жаңалықтар | НовостиҚоғам | Общество

«БІР ТАЛ КЕССЕҢ, ОН ТАЛ ЕК»

Еліміздегі ең көгалды қала саналатын Алматы қаласының көркі – жасыл жапырағы жайқалған мәуелі ағаштар. Қазіргі таңда шаһарда 2 миллионнан астам жасыл желек бар. Ал аспанмен таласқан биік бәйтеректердің кейбірінің жасы тіпті ғасырдан да ұзақ. Алайда сол байлығымызды бағаламай, жеке басының қамы үшін ағаштарды заңсыз кесетіндер қатары көп. Мұндай заңсыздыққа көбінесе ірі бизнес өкілдері барады. Мәселен, өткен жылы Алматыда кәсіпкер 11 мың ағашты рұқсатсыз кесіп тастаған. Аумағы 7 гектарға жуық жердің ағашын жаппай кескен азамат мұндай іс-әрекетке бару себебін «APORT EAST» сауда және ойын-сауық орталығын салуымен түсіндірген.

Осыған ұқсас тағы бір жағдай 2020 жылы 23 қарашаға қараған түні Алматыдағы Төле би даңғылы мен Әуезов көшесінің қиылысында орын алған еді. Ол жерде 13 ағаш кесіліп, қоғам белсенділерінің ашуын тудырған болатын. Атап айтқанда, шамамен 9-10 емен мен екі қарағаш кесілген. Ал емен – Қазақстанның Қызыл кітабына енген өсімдіктің бірі. Бұл оқиғаға байланысты сәулетші Владислав Филатов Facebook парақшасында бір ғана аталмыш ғимарат айналасында 20 жыл ішінде 50-ге жуық ағаш кесілгені туралы жазған еді. Ал Ақтөбеде полицейлер былтыр бір аптаның ішінде браконьерлердің үстінен 3 қылмыстық іс қозғаған. Олардың бірі 50 түп жыңғыл ағашын кессе, енді бірі кесуге тыйым салынған көктерек ағаштарын отын жасау үшін заңсыз отаған. Сонымен қатар, Шығыс Қазақстан облысының аумағында бір жылдың ішінде заңсыз ағаш кесудің 382 фактісі тіркелген. Тіпті орман шаруашылығы қызметкерлерінің өздері де ағаштарды заңсыз кесетіні анықталған. Мұндай деректер Қазақстанның әр өңірінде кездеседі.
Ал осындай деректердің көбеюіне байланысты былтыр Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Үкімет отырысында ағашты заңсыз кескендерге жаза күшейетінін айтқан болатын. Министрдің айтуынша, алдағы уақытта Қазақстанның қызыл кітабына енген ағаштарды заңсыз кескендер, жойып, зақымдағандар өтемақы ретінде 30 есе артық мөлшерде ағаш отырғызады. Ал жеке және заңды тұлғаларға тиесілі нысандардың іргелес аумағында жасыл желекті жойғаны үшін 10 есе артық мөлшерде ағаш отырғызу керек. Айта кетейік, бұған дейін мұндай норма болмаған еді. Демек «Бір тал кессең, он тал ек» қағидасы қолға алынбақ. Негізі, еліміздегі орманды жерлер бар болғаны 4,5 пайызға ғана тең. Оның ішінде ормандар біркелкі орналаспаған. Ондағы өсімдіктер түрлері табиғи аймақтардың алуан түрлілігіне байланысты. Бұл дегеніміз, еліміздің орман қоры кең байтақ даламыз үшін өте аз екендігін көрсетеді. Ал егілген ағаштың, өскен өсімдіктің табиғатқа, ауаға тигізер пайдасы зор. Жасыл желектің әсерінен ауа тазарып, қолайлы микроклимат қалыптасады және шу деңгейі төмендейді. Атап айтқанда, үлкен ағаштар бір жылда 10 адам тұтынатын оттегі бөліп шығарып, бір ғана тал транспорт көлігі 40 мың шақырым жүргенде бөліп шығаратын азды өзіне сіңіреді екен. Ал 1 гектар бақ немесе тоғай бір күнде 220-280 келі карбонат ангидрид жұтады да, өзінен 180-220 келі оттегі бөліп шығарады. Қарап отырсаң көзге көрінбейтін процесс. Бірақ адам баласының өмір сүруі үшін жасалатын дүние.

Айгүл БАЗИЛОВА, заңгер:
– Қала бойынша көшелерде өсіп тұрған ағаштар мен бұтақтар Алматы қаласы Жасыл экономика басқармасының шешімі мен ағаш кесу туралы ресми рұқсаты болған кезде кесіледі. Ағаштарды кесуге біріншіден, егер өсіп тұрған ағаштар шіріп, қурап ескірген болса, екіншіден, ағаш немесе бұтақтар электр құбырына жақын орналасып кедергі келтіретін болса, үшіншіден, арнайы құрылыс жүретін ауданды босату мақсатында ғана рұқсат беріледі.  мен бұталар жалпы, жасыл желекке қатысты нормалар «Алматыда жасыл желекті ұстау мен қорғау ережесінде» көрсетілген. Ал заңсыз ағаштар мен бұталарды кескендерге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 340-бабында жауаптылық қарастырылған. Үй маңындағы, саяжай мен бау-бақша учаскелеріндегі ағаштар мен бұталардан басқа, орман қорына кірмейтін ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою немесе зақымдау, сол сияқты орман дақылдарын, орман питомниктері мен плантация көшеттерді, сондай-ақ ормандарды молықтыру мен орман, өскіндерді не қолдан отырғызылған екпелерді жою немесе зақымдағандарға – 200 айлық есептік көрсеткішке дейін, яғни 583 400 теңге мөлшерінде айыппұл салынады. Немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, 180 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, немесе 60 тəулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады. Орман қорына кіретін ағаштарды жəне бұталарды заңсыз кесу, жою немесе зақымдау – 300 айлық есептік көрсеткішке дейін, яғни 875 100 теңге мөлшерінде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына немесе 240 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, яки 75 тəулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
Ақбота ЕРБОЛҚЫЗЫ

Комментарий