Жаңалықтар | НовостиҚоғам | Общество

ЖАРНАМА БЕРУШІЛЕР ТІЛДІ ЕМЕС, ТЕҢГЕНІ ОЙЛАЙДЫ

ҚР Мәдениет және спорт министрлігіндегі тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба: «өткен жылы қазақ тіліндегі 12488 көрнекі ақпараттан қателіктер мен заңбұзушылықтар анықталды. Солардың 8123-і қалпына келтіріліп, түзетілді» – дейді. Оған қоса елімізде мемлекеттік тілді оқытуға бағытталған жүзге жуық орталық жұмыс істейді екен. 2020 жылы қазақ тілін оқытуға арналған 40-тан аса әдістемелік оқулық та жарық көрді. Ал, 2021 жылы тіл үйрететін 25 электронды платформалық алаң іске қосылады деп күтілуде. Жалпы, 2015–2020 жылдар аралығында мемлекеттік тілді үйретіп, тіл қолданысын дамытуға 400 млн теңгеден астам қаражат бөлініпті. Яғни тілді дамыту бағытында жұмыстар жүріп жатыр. Бірақ нәтижесіз. Отыз жылдан бері заңмен бекітілген мемлекеттік тілімізді қоғам үшін нағыз қажетті тілге айналдыра алмай отырмыз. Неге?
Соңғы кездері тіл мамандары қазақ тіліндегі қаптаған жарнамалар мен тауар сыртындағы көрнекі ақпараттардың қателерімен қоса, мағынасыз аудармалар да көбейіп кетті деп тілге деген салғырттық пен жауапсыздықтарды айтып, дабыл қаққанымен, қателер азаяр емес. Ономастика бойынша заңға жүгінсек, жарнамадағы жіберген орфографиялық қателігі үшін жарнама иесіне 10-50 АЕК көлемінде айыппұл салынуы керек. 2021 жылы 1 АЕК 2 917 теңге екенін ескерсек, мемлекеттік тілде ғана қате жіберіп жаңылысатын жарнама берушілердің әрекетіне бұл жаза тым жеңіл екенін ұғамыз. Өйткені, жарнама берушіге ең көп 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды дегеннің өзінде, оның көлемі 145 850 теңгені құрайды екен. Ал қазақ тілін қорлағандарға 145 850 теңге төлету аз. Көбінесе дүкен маңдайшалары мен сөрелеріндегі тауарлар сыртындағы мәліметтердің орыс тіліндегі нұсқасы еш қатесіз жазылып, мемлекеттік тілдегі нұсқасы қатеге толы болады.
Бұл қазақ тілінің мәртебесіне кері әсер ететіні сөзсіз. Айта кетер жайт, сауатсыз аудармалардың кесірінен қазір көпшілік банкоматқа барса қазақ тілін түсініксіз тіл санап, орыс тіліндегі нұсқасын таңдайтын болған. Себебі, аудармалар шатпақ. Жарнама берушілер орфографиялық қателерге қоса, ономастика заңының талаптарын орындамай, жиі сүрініп жатады. Жарнаманың жоғары бөлігіне орыс тіліндегі нұсқасы орналасып, кейде тіпті қазақ тілінде мәлімет беруді мүлдем ұмытып кетеді. Осы орайда жарнаманың көбi орысшадан қазақшаға аударылатындықтан, тiл тазалығын сақтау мақсатында заңға бiр бап енгiзу керектігі сұранып тұрғандай. Көрнекі ақпараттар мен жарнамалар толықтай қазақ тiлiнде жазылып, содан
кейін ғана басқа тiлге аударылса қателер саны әлдеқайда азаяр еді. Тіл жанашыры, филолог Айгүл Ахметова «Тіл туралы» заңда ілінген жарнама қазақ және орыс тілінде болуы керек, қай тілдегі мәтін қай жерде орналасуы керек екені ғана жазылған. Ал орфографиялық, стилистикалық, грамматикалық қателер туралы ешқандай бап жоқ. Мәселенің бәрі осында. Сот, прокуратура, қала әкімдігі ешкімді дәл осы мәселе үшін жауапқа тарта алмайды. Қолданыстағы тіл туралы заңнаманың осындай әлсіз тұстары көп. Жарнама жасаушылар соны пайдаланады. «Ең бастысы заңда көрсетілгендей жарнаманың қазақ тіліндегі мәтіні бар, оң немесе жоғары жағына орналастырылған, орыс тіліндегі мәтін қарпімен бірдей» дейді. Сондай-ақ жарнаманы дайындаушылардың барлығы – орыс тілді мамандар. Оны жасатып отырған кісілер ешқашан қазақтілді маманды жұмысқа алмайды. Қазақ тіліндегі мәтінді қазақша біледі-ау деген адамға аударта салады. Яғни аударма ісіне кәсіби мамандар тартылмайды. Сондықтан жарымжан аудармалар жетерлік» дейді. Тіл тазалығына мән бермеуіміздің салдарынан соңғы кездері қазақ қоғамы жиі қолдана бастаған әлеуметтік желілер мен ғаламтордағы ақпараттарда да қазақ тіліндегі қате жазулар көбейе бастады. Бұлай бетімен кете берсе құнарлы қазақ тілінің қолдану аясын шектеп, жарымжан тілге айналдырарымыз анық.

Гүлшат НҰРЫМБЕК,
филология ғылымының докторы, профессор:
– Рас, осы жылдар ішінде тілді дамытуға мемлекет тарапынан жыл сайын қаншама миллиондар бөлінді. Тіл үйрету орталықтары құрылып, әдістемелік оқулықтар да жарық көрді. Бірақ одан қазақ тілінің қолданыс аясы кеңіп, мемлекеттік тілдің қоғамдағы мәртебесі артып кетіп жатқанын байқап отырған жоқпыз. Демек, біз тілге қатысты саясатымызды өзгертуіміз керек. Қазақ тіліндегі қате жарнама үшін айыппұл көлемін арттырып, көшелердегі, тауар сыртындағы қате жазу үшін жазаны күшейту қажет. Қазір грамматикалық қателердің нәтижесінде стилистикалық мағынасы ауысқан сөйлемдер көп. Бұл тіліміздің қадірін қашырып, ажарын солғындататын өзекті мәселе. Оған заң арқылы әкімшілік шаралар қолданып, тосқауыл жасауымыз керек. Ана тіліміздің мерейін асыру үшін сөз мәдениетін көтеру – ұлттық мүдде талаптарының бірі екенін ұмытпаған жөн. Жарнама тілін реттеудің ең басты тетігі – жарнаманың мемлекеттік тілде жасалуы. Мысалы, жарнамаларда қазақ тіліндегі өлең шумақтары, шешендік сөздер, мақалдарды қазақ ұлтының табиғатына, ұғымына сай қолданғаннан көп нәрсені ұтар едік. Қазіргі жарнамаларға тән ортақ кемшілік – олардың алдымен орыс тілінде дайындалып, содан соң ғана мемлекеттік тілге аударылуында дер едім. Сондықтан бұрыннан қолданыста келе жатқан сөздерді жиі пайдалануымыз керек. Орыс тіліндегі жарнамалардың мәтіні алдымен эстетикалық, дизайндық, тілдік, эмоциялық яғни адамның санасына әсер ету, тауарды сатып алуға ынталандыру тұрғысынан сарапталып барып, арна арқылы таралады. Ал қазақ тіліндегі жарнама тіпті ұғымға түсініксіз жазылады. Сондықтан, жарнама тілін реттеуді қоғам болып қолға алуымыз қажет. Егер тілдің мәселесін қазірден қолға алмасақ, мына өсіп келе жатқан ұрпақтың тілі тіптен бұзылады. Үлкен өкініш сол болмақ…
Қуаныш ӘБІЛДӘҚЫЗЫ

Комментарий