Жаңалықтар | НовостиҚұқық | Право

Тасболат ҚАЛЫМБЕТОВ, әділет подполковнигі, ЗК-169/5 мекемесінің бастығы:”СОТТАЛҒАНДАРДЫҢ САУЛЫҒЫ МАҢЫЗДЫ”

Қызылорда қаласындағы ЗК-169/5 мекемесінде жазасын өтеушілердің бір топ жақындары Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің алдына жиналды. Олар аталмыш департамент басшысымен кездесуді талап етіп, шағымдарын айтты. «ЗК 169/5 мекемесі ұзақ мерзімді кездесуге рұқсат бермейді, жақындарымен кездесу болмағаны үшін өзіне қол жұмсаған сотталушы да бар» деп уәждерін айтты. Абақтының ар жағындағы адамдардың амандығына алаңдап, ЗК-169/5 мекемесіне арнайы бардық. Мекеме бастығы Тасболат Қалымбетовпен кездесіп, мән-жайды білген едік.

− Тасболат Шәкенұлы, сотталғандар арасында коронавирусқа шалдыққандар бар ма?

Өздеріңізге белгілі тышқан жылы еліміз үшін ауыр жыл болды. COVID-19 дертінен қаншама адам көз жұмды. Сотталғандарды дерттен сақтау үшін ҚР Ішкі Істер министрлігінің Қылмыстық Атқару жүйесі комитетінің нұсқауына сәйкес мекемеде дер кезінде санитарлық шараларды күшейтік. Бүгінде 660 азамат жазасын өтеп жатыр. Олардың ауру жұқтырмауы бас амандығы бірінші орында. Өткен жылдың наурыз айынан бастап ұзақ мерзімді кездесулерге шектеу қойылды. Себебі сырттан келіп екі күн сотталушының жанында болуы дерттің таралуына әкеліп соғуы ықтимал еді. Жазасын өтеушілердің денсаулығын жіті бақылап, санитарлық жұмыстар үздіксіз жүргізіліп отыр. Соның нәтижесінде сотталғандар арасында COVID-19 дертін жұқтырғандар тіркелмеді.  «Сақтансаң сақтаймын» деген, бізге жазасын өтеушілердің бас амандығы жақсы.

− Бір жыл бойы мүлдем кездеспедік деп уәж айтуда…

− Сотталушыларға аталмыш аурудың инфекциясын, пнемония және ЖРБИ жұқтырудың алдын-алу үшін келушілерге шектеулер қойылған. Қысқа мерзімді кездесу үшін сауалнама толтырып, термометрия жүргізіліп және қорғаныш бетпердесімен, ПЦР тестің теріс нәтижесімен жүзеге асырылуда. Ұзақ мерзімді кездесуге барлық осы талаптарды сақтай отырып, 1 ересек келушіге ғана рұқсат етілген. Мүлдем кездесу ұйымдастырмады деген жалған ақпарат. Сотталушының әйелі Пернебаева Акбота қыркүйектің 11  күні жолдасымен екі күн кездесті. Қазан айының 30күні қысқа мерзімді кездесуге кіргені бізде жазулы. Вирусты жұқтыру деректері саябырсыған тұста қыркүйек айының 9-мен қараша айының 12-не дейін арнайы жасақ көмегімен, жатақханада санитарлық талаптарды сақтай отырып ұзақ мерзімді кездесу ұйымдастырылды. Барлығы 92 азамат өз жақындарымен жүздесті.

− Өз-өзіне қол жұмсап жатқандар бары рас па?

− «Жолдасыммен ұзақ мерзімді кездесе алмадым» деген азаматша сотталған Асқар Әбуовтің бұрыңғы әйелі. Ол кісіні өзім қабылдадым. Заңды некедегі әйелі ғана кіре алатынын немесе кішкентай баласына серік болып қана кіріп кездесе алатынын түсіндірдім. Жолдасының жағдайы қалыпты. Сотталғандар арасында өзіне қол жұмсағандар жоқ. Таксафон арқылы жақындарымен сөйлесіп тұрады. Қысқа мерзімді кездесулер ұйымдастырылып келеді, сәлемдемелерін мұқият тексеріп кіргізілудеміз. Сондықтан алаңдауға еш негіз жоқ COVID-19 дертінен құтылсақ, кездесулер қайта ұйымдастырылады. Кездесуге келуішілер сотталушылардың да сақтығын ойлағандары жөн.

−  Жеке мәселелеріме қабылдауыңызға кіре алады ма?

− Өткен жылы карандиндік сақтық шараларын сақтай отырып сотталғандардың жақындарын түрлі мәселелері бойынша қабылдадым. 119 азамат жеке қабылдауыма келіп, өздерін мазалаған ойларымен бөлісті. Осы айдың өзінде 10 азаматты қабылдадым. Барлығын тыңдап, сұрақтарына жауап беріп, мәселелері бойынша заң аясында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келемін. Қандайда бір шағымы болса менің қабылдауыма келсін. Біз дер кезінде жауап береміз. Түзету мекемесінде оңалту жұмыстары уақытылы өткені дұрыс. Сотталушыларды асыға күтіп отырған анасы, балалары, жары бар. Отбасына аман-есен оралып, қоғамға қайта бейімделгені жақсы. Сондықтан дерттен сақтануын қамтамассыз ету − біздің басты міндетіміз.

 

Сұқбаттасқан: Гүлбану МАҚАЖАН,

 Қызылорда облысы.

Р/S: Біз барғанда түрменің күту залында сырттан келушілер көп екен. Бәрінде бір-бір пакет. Бірі сәлемдеме беруге, енді бірі бастыққа қабылдауға кіруге келгендер де бар. Бекітілген тәртіпке сәйкес кезекпен қысқа мерзімді кездесулерде өтіп жатыр.Түрмеге келушілерді №5547 әскери бөлімінің әскери қызметшілері бақылауға алған. Тәртіп пен талап бәріне ортақ. Мекеме басшысы бізбен бірге күту залына барып, азаматтармен тілдесті. Сұрақтарына жауап берді. Сақтық шараларын бұзбай, уақытша шектеулерге түсіністік танытуды сұрады. Келушілер сақ болса, сотталушылар да сау болады. Сақтанайық!

Комментарий