Судья мінбері | Судебная система

Мәміленің де өз міндеттері бар

   Елімізде әрбір азаматтың құқығы мен бостандығының қорғалуына Ата Заңмен кепілдік берілген. Сот алдында жұрттың бәрі тең. Қандай да бір заңсыздыққа ұшырағандар сот төрелігіне жүгініп, өз құқықтарын қалпына келтіре алады. Ол үшін құқықтық сауаттың маңызы зор десек, бұл тұрғыда азаматтарды мәмілелер бойынша туындайтын дауларға қатысты хабардар еткеннің артықтығы болмас. Алдымен мәміленің не екені жайлы айтар болсақ, Азаматтық кодекс талабына  сай, азаматтар мен заңды тұлғалардың азаматтық құқықтарын, сондай-ақ, мiндеттерiн белгiлеуге, өзгертуге немесе тоқтатуға бағытталған әрекеттерi мәмiлелер болып танылады. Мәмiлелер бiржақты және екi немесе көпжақты (шарттар) болуы мүмкiн. Бiржақты мәмiле мәмiле жасаған адамға мiндеттер жүктейдi және оларға мiндеттемелер мен шарттар туралы жалпы ережелер қолданылады. Ал,  шарт жасасу үшiн екi немесе одан да көп тарап келiсуі тиіс.

Мәмiлелер ауызша және жазбаша нысанда жасалады.  Заңға немесе мәмiлеге қатысушылардың бiрiнiң талаптарына қайшы келмесе, мәмiле жасау кезiнде қол қоюдың факсимилелiк көшiрме, электрондық цифрлық қолтаңба құралдарын пайдалануға жол берiледi. Жазбаша түрде жасалған мәмiленi орындаған тарап екiншi тараптан оның орындалғанын растайтын құжат талап ете алады. Мәмiленiң жай жазбаша нысанын сақтамауға қатысты дау туындаса тараптар оның жасалғанын куәгерлiк айғақтармен растау құқығынан айрылады. Дейтұрғанымен де, олар мәмiленiң жасалғанын  куәгерлiк айғақтардан басқа дәлелдермен растай алады.

Егер нотариаттың куәландыруын талап ететiн мәмiленi тараптар немесе олардың бiрi заң шеңберінде орындап, үшiншi жақтың құқығын бұзбаса, сот мүдделi тараптың арызы бойынша оны жарамды деп таниді. Бұл ретте мәмiленi кейiннен нотариаттың куәландыруы талап етiлмейдi. Осы Кодекстің 155-бабында заңнамалық актілерде өзгеше көзделмесе, міндетті мемлекеттік немесе өзге де тіркелуге тиіс мәмілелер тіркелген кезден бастап жасалған болып есептелетіні нақтыланған..

Тараптардың бірі мәмілені мемлекеттік тіркеуден өткізгісі келмесе сот екінші жақтың талап етуімен мәміле бойынша құқықтарды тіркеу туралы шешім шығарады. Мұндай жағдайда мәміле сот шешіміне сәйкес тіркеледі. Азаматтық кодекспен дауланатын және маңызсыз мәмілелер заңдылығы да реттелген. Мысалы,  мәміленің маңызсыздығы туралы дау туындаса, оның жарамсыздығын сот белгілейді.     Жарамсыз мәміледе тараптардың әрқайсысы алынғанның барлығын қайтарып беруге немесе құнын қаржылай өтеуге міндетті. Мәмiленiң жарамсыз болуына кiнәлi тараптан екiншi тарапқа келтірілген залалдар сотпен өндiрiледі. Мәмiле қылмыстық мақсатқа жетуге бағытталып, оның құқыққа қайшылығы сот үкімімен белгіленсе, онда олардың мәмiле бойынша алғандарының барлығы тәркiленуге жатады. Мазмұны заңнама талаптарына сәйкес келмейтін, сондай-ақ құқықтық тәртіп негіздеріне қайшы мақсатпен жасалған мәмілелер даулануы мүмкін.

Қажеттi рұқсатты алмай не рұқсаттың қолданылу мерзiмi аяқталғаннан кейiн жасалған, сондай-ақ, жосықсыз бәсеке мақсатын көздейтiн немесе iскерлiк әдеп талаптарын бұзатын,  жалған немесе қулықпен жасалған, осы заңда көзделгеннен басқа, он төрт жасқа толмағандар,  сот әрекет қабiлеттiлiгiн шектеген адам жасасқан, т.б. заңға қайшы келетін мәмiлелер жарамсыз деп танылады.  Егер жаңылысу мәмiлеге қатысушы бейқамдығының салдары, не оны кәсiпкерлiк тәуекел билеген болса, сот нақты жағдайларды және екiншi жақтың мүддесiн ескере отырып, мәмiленi жарамсыз деп тану туралы талаптан бас тартуға құқылы. Мәмілелерді жарамсыз деп тану және олардың жарамсыздығының салдарларын қолдану туралы істерді қарауда соттар талаптың нысанасы мен негізін, iс үшiн маңызы бар мән-жайларды зерттеп, тараптардың құқықтық қатынастарын анықтайды.

 

Ақсая Инсебаева,

Қарағанды облысының мамандандырылған

 ауданаралық экономикалық сотының судьясы

 

Комментарий