Детектив

ҚАРАШАДА ҚҰТЫРҒАН ҚАРАҚШЫ

Қараша  айының тамызға бергісіз тамылжыған бір күні. Ел аузында «кемпіршуақ» деп аталатын кезең осы кез. Қара жолдың бойындағы тал-теректердің жапырағы әлі сарғайып үлгермеген. Тек самал желмен сағағынан үзілердей болып дірілдеген жапырақтардың ұштары ғана айқұлақтанып сарғая бастаған кез. Табиғат-ананың осы бір жаймашуақ мейіріміне бөленген айнала да тым-тырыс тыныштыққа елтіп мүлгіп тұрғандай. Айдынды Алакөлімен аты шыққан құтты мекен Үшарал кентінен Бескөлге қарай ирелеңдей емінген қара жолдың бойында көлік күтіп тұрған балаң қыздың мойнындағы сән үшін таққан жібек орамалы самал желмен жай ғана желбірейді. Қыздың бар тілегі – көп сарғайтпай бір көлік кездесе кетсе Бескөлдегі ауылына ертерек жетіп алу. Көз ұшынан шаңдатып келе жатқан жеңіл көліктің сұлбасын көрісімен-ақ, қуанған қыз жол жиегіне жақындай түсіп, екі қолын кезек көтеріп есі шыққан. Онсыз да көлік сирек жүретін жерде көп тұрғысы жоқ, не де болса ала кетсе жол пұлын артығымен төлеуге де пейіл.

Тажал

Дәл жанына келіп тоқтаған «Фольксваген-Джетта» көлігінің терезесінен басын қылтитқан жүргізуші жап-жас жігіт екен. Алғашында үркектеп қалса да артқы орындықта отырған егделеу әйелді көріп Валентинаның көңілі орнына түскендей болды. Қара жолдың апшысын қуырып айдайын десе екі ауылдың ортасындағы күтімсіз жолдың шұрқ-шұрқ тесіктері мүмкіндік бермей келеді. Жүргізуші жігіт жанында отырған үлбіреген қыздың алдында ептілігін көрсеткісі келді ме, көліктің жылдамдығын арттыра түсемін деп бір-екі рет ойдымға түсіп кете жаздады. Тек артында отырған егде апайдың ескертпесінен соң ғана сабасына түскен жүргізуші саябырсып қалды.

Екі ауылдың ортасындағы «Қазақстан» ауылының тұсына жеткенде әлгі егде әйел түсіп қалды. Содан соң-ақ жүргізуші алдыңғы орындықта ұялы телефонын шұқылап, өзіне назар аудармай отырған Валентинаға қарағанын жиілете бастады. Кенет «жарығы дұрыс жанбай келе жатыр» деген сылтаумен көлікті тоқтатып, сыртқа шыққан жүргізуші жігіт әлі де ұялы телефонмен алданып отырған қыз жаққа мұқият қарап алды да, ақырын келіп сыртқы есікті ашып,  оның мойнынан қос қолымен шап берді. Қапелімде не болғанын ұқпай қалған қыз бала кеңірдегін сығымдап қысып бара жатқан әлеуетті қолдан құтылмаса ажал құшатынын жандәрмен сәтте-ақ пайымдап үлгерді. Жан беру оңай ма, бойындағы бар күшін жинап, өзіне төнген тажалмен тайталасып бақты. Жемтігінің оңай-оспақ емес екенін бағамдаған жауыз да жалғыз өзінің әлі келмейтінін біліп, босаңси бастады. Осы бір қас-қағым сәтті пайдаланып үлгерген қыз бала барған сайын демін тарылтып бара жатқан қос қолдан босанып шығып, қараңғылық басқан қу далаға қарай қашады. Сол сәт қыздың көлік ішінде қалып бара жатқан қол сөмкесін көзі шалып қалған жүргізуші де дереу сабасына түсе бастайды.

Қол сөмке қарақшының үмітін алдамапты, ішінде жалпы бағасы 25 800 теңге тұратын 300 литр АИ-80 маркілі бензин талондары және бағасы 42400 теңге тұратын 400 литр АИ-92 маркілі бензин талондары, 39 000 теңге ақша бар екен. Оның сумаңдаған қолына екінші бір әмиян ілігіп еді, оның ішінен тағы да 8000 теңге  шықты.

Арпалыс

Қарақшылық шабуыл жасап  қомақтылау пайда тапқанына риза көңілмен біраз уақыт өткізген Санаттың көкірек түкпірінде «әлдеқалай болады» деген күдік те жоқ емес. Оқта-текте ауылдағы жалғыз полиция қызметкері – учаскелік инспектордың төбесін көріп қалса жүрегі су ете қалатын. Бірақ арада біраз уақыт өткенде жабулы қазан жабулы күйінде қалғанына көз жеткізген оның көкірегін тағы да ит тырнай бастап еді.

Санасыздың арам ойын іске асыруына тағы да жол бойында көлік күтіп тұрған қыз бала себеп болды. 2012 жылғы 21 қараша күні, сағат таңғы 8 шамасында Ақтүбек ауылына баратын қара жолдың бойында тұрған Әлияны отырғызып алады.

«Бескөл-Ақтүбек» тас жолымен келе жатып, Ақтүбек ауылына бір шақырымдай жетпей жол жағасындағы ағаштар арасына тоқтаған жігітке секемдене қараған қыз қасында отырған жүргізуші шашынан шап бергенде зәресі ұшты. Бірақ…бәрі де кеш еді. Еркектің әлеуетті қолы басын көліктің алдыңғы жақтауына аямай соққылағанынан есі ауып кетті. Ол өзін жалаңаштап тастап үстіне төнген жігіттің арсыз қимылы тәнін езіп бара жатқанда ғана есін жинады. Бетінен мойнына қарай жылжыған жып-жылы қан мұрнынан ағып жатыр екен. Оны пайымдағанмен мына бір өзін азапқа салып жатқан дүлейдің жаңағы жігіт екенін еміс-еміс есіне түсіріп тағы да талықсып кетті. Астындағы қыздан тіршілік нысанын сезбеген Санат саса қойған жоқ. Айдаладағы ағаштар арасында емін-еркін өз құмарын қандырып алған соң ауыр қылмыстың ізін өшіруді ойластырды. Шалбарын ышқырлап тұрып қауға басына жолай көлдің бар екені сап ете қалды. Бірақ құрбанының өлгеніне анық көз жеткізу үшін көлігінің майын сүртіп жүрген шұбатылған дәкемен қылқындыра түсті де, сылқ ете қалған қыз денесін итере салды. Сәл ентігін басып алған соң жансыз денені жеңіл көлігінің жүк салғышына салды да, Ақтүбек ауылынан шамасы қырық шақырымдай жердегі «Қоржынкөлге» қарай тартты. Қара жолдан біраз ұзаған соң көлікті тоқтатып, бағанадан бері көкейін тесіп бара жатқан қара сөмкені ақтарып еді, қолына салмақты ештеме іліге қоймады. Бар-жоғы 800 теңге ғана бар екен. Есесіне бағасы 45 мың теңге тұратын «Нокия 1280» ұялы телефонын көріп қуанып кетті. Олжасын қалта түбіне сүңгітіп жіберіп, рульге қайта отырғаны сол еді көлігінің жүк салғышы тарсылдап қоя берді. Жүрегі зырқ ете қалды да, дереу көліктен атып шықты. Көліктің артқы жағын жандәрмен тепкілеп жатқан бойжеткен жүк салғыш ашылған кезде ішке қарай лап ете қалған таза ауаны қомағайлана жұтып, жігіттің қолынан шап берді. Өмір мен өлімнің ортасында шырқыраған қайран өмір жарық дүниеге қарай қанша жанталасса да шамасы келмеді. Қыл мойнына жабысқан он саусақтың тегеурініне шыдай алмай қайтадан талықсып кетті. Жүк салғышты нығыздай жапқан жігіт «осы жолы шынымен өлген шығарсың» деген тоқ көңілмен өз орнына алшаңдай басып келіп отырды да, көлігін орнынан жұлқа қозғады.

Жанталас

Ойы сан-саққа жүгірген ол қыздың өлігін тастаймын деп жоспарлап келе жатқан «Қоржынкөлге» тездетіп жеткенше асықты. Жолдың ойы мен қырына қарамай тартып келе жатқан көлігі кей жерде асау аттай дөңбекшіп кетеді. Кей кезде жүк салғыштан шыққан қатты дыбысқа сүйсініп, «енді өлмегенде нең қалды дейсің» деген ой да қылаң беріп қояды. Міне, ентігіп келе жатқан көлге де жетті. Көпірдің жанына жайлап келіп тоқтады да, асықпай жүк салғышты ашты. Қыздан тіршілік белгісі сезілмейтін сияқты, тап-тар жерде аяқ-қолы бүрісіп, бір-ақ уыс болып жатыр. Аз-кем уақыт қыздың бетіне үңіліп тұрды да, самал желмен желбіреген кекіл шашынан шеңгелдей ұстап, басын шалқайтып, мойнын ырғап-ырғап қойды. Темекісін тұтатып, ашты түтінді қомағайлана сорып тұрып ойы да сан-саққа жүгірді. Иә…енді бір санаулы минуттардан соң кейбір мүшелері енді ғана айқындалып келе жатқан мына балғын дене көл түбіне кетеді. Өзінің осыншама қатыгездігіне өзі таң қалып тұрды да, енді артқа шегінуге жол жоқ екенін ойлап тез ширады. Бір сенгені «ауылдан алыс көл түбінен оны кім табар дейсің» деген ой ғана. Санасын торлаған тұман ойды серпіп тастап, босаңсып бара жатқан жігерін қайта жинады да қызды жүк салғыштан жерге гүрс еткізіп, аударып алды. Қимылсыз дене былқ-сылқ етеді. Санат осы сәт жан-жағына қарап біраз тұрды да, тірі жанның жоқ екеніне көз жеткізген соң қыз денесін қос қолдай көтеріп, білегіне салды да аяңдап келіп көпірден суға қарай тастап жіберді. Айуандық әрекетін жақтау темірге соғыла түсіп төмен қарай құлдилаған «өліктің»  көл бетіне жеткенде шолп ете түскен дыбысымен бірге санасынан өшіріп тастауға тырысып, кірпік қақпай қарап тұрды. «Қоржынкөлдің» тұңғиығына батып бара жатқан қыз денесі түскен жердің толқыны сансыз сақиланып барып тына қалды. «Уһ» деп демін алған ол, мойнынан бір ауыр жүк түскендей өзін жеңіл сезініп, артқа қарай бұрыла беріп еді, көзі жаңағы жерден қарайған бір ноқатты шалып қалды. Көзін уқалап-уқалап жіберіп қайта қарап еді, көлдің ортасына қарай жанталаса жүзіп бара жатқан қызды көріп, есі ауып қала жаздады. Жан-жағына алақтап, қолына түскен тастарды лақтыра бастағаны сол еді, арт жағынан естілген көліктің гүрілінен қорқып, жалт бұрылды. Көл жағасынан жанталаса ұзап бара жатқан адамның, оған қарай құлаштай тас лақтырып тұрған жігіттің тегін емес екенін сезген жүргізуші көлігін оқиға орнына қарай тақап келе жатты. Аяқ астынан пайда болған мына тажалдан аман-есен құтылуды ойлап үлгерген Санат көлігін асығыс от алдырып, зулай жөнелді. Қара жолмен құйын-перен болып жүйткіп бара жатқан көліктің номерін еске сақтап үлгерген жігіт ағасы машинадан аң-таң болып түсіп келе жатқан жұбайына осы сандарды ұмытпауды тапсырды. Дереу қол сөмкесінен қағаз-қалам тауып жазып алып жатқан әйеліне де қарайламай ол көлдің суық суын шолпылдатып өзіне қарай жүзіп келе жатқан адамның қыз бала екенін көргенде көзі шарасынан шыға көмекке ұмтылды.

Қақала-шашала жағалауға жеткен қызды қолынан тартып көлден шығарып алған ерлі-зайыптылар тағы да талықсып бара жатқан Әлияның басын сүйеп, су киімдерін шеше бастады. Дереу көліктің орындығына төсеген жылы көрпешені әкеліп, балғын қызды орап тастады да жақын жердегі ауруханаға қарай жөнелді. Жолай полиция қызметкеріне хабар беруді де ұмытпады. Жан азабынан құтылғанын тек тұманданған санасымен ғана сезген қыз есін ауруханада ғана жинады. «Қырық жыл қырғын болса да тек ажалды ғана өледі» деген сөздің тегін айтылмағанына көз жеткізген Әлияның ауылдастары мен туған-туыстары оның басынан өткерген қорлығын естігенде мына жалған дүниеде байқұс қыздың татар дәмі мен көрер жарығы таусылмағанына шүкіршілік етіп, жағаларын ұстады.

Жалтару

Сот-дәрігерлік қорытындысында жәбірленушінің беті қанталағаны, екі көзінің ағына қан құйылғаны және құймышағында,  екі саны мен сол жақ тірсегінде де сырылған жарақаттардың бар екені тайға таңба басқандай анықталған. Алайда, қылмыскер өзінің кінәлі еместігін дәлелдеуге тырысып жанталасты. Ол тіптен сот мәжілісінде өзінің В.Кулешоваға қарақшылық шабуыл жасамағанын, жәбірленуші Ә.Орманованы тонамағанын, зорламағанын және өлтіруге оқталмағанын айтып қылмыстық жауапкершіліктен жалтармақ болды. Алайда Санат Дүйсенбайұлының жоғарыда баяндалған қылмыстарды жасағаны толық дәлелденеді.

Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағалық етуші судьясы А.Алдабергеновтің үкімімен Санат Дүйсенбайұлына Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің бақандай төрт бабымен айып тағылып, жеке мүлкі тәркіленіп он сегіз жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

(Белгілі себептермен кейіпкерлердің аты-жөндері өзгертіліп алынды)

Гүлнар Тазабекова

Әлсіз | СлабоОнша емес | Так себеЖарайды | НормальноЖақсы | ХорошоКеремет | Отлично (Мақаланы бағалаңыз | Оцените статью)
Загрузка...

Комментарий